АСТАНА. 2 шілде. Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев еліміздің өңдеу өнеркәсібі бойынша Ресей, Оңтүстік Корея және Польша мемлекеттерінен озып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Еліміздегі Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қатысты 2014 жылдың І жартыжылдығының нәтижелерін баяндау барысында Әсет Исекешев: «Қазақстан өңдеу өнеркәсібі бойынша алдыңғы қатарлы елдердің санатына кіріп, Түркиядан кейінгі орынға табан тіреді. Біз осы салада Ресей, Оңтүстік Корея және Польшаны басып оздық», – деді.
Индустрия және жаңа технологиялар министрінің айтуынша, еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп саласында жаңа жетекші секторлар пайда болуда.
Ә.Исекешев: «Дәстүрлі жетекші секторлар металлургия мен азық-түлік өнеркәсібіне биыл мұнай өңдеу мен машина жасау саласы қосылды. Бұл салалар 4 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі саласын біршама тұрақтандырды», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: ortcom.kz.