Алматы – еліміздің экономикалық һәм рухани қозғаушы күші ғана емес, мемлекет өміріне қатысты барлық салаға серпін беретін күретамыр. Алматыда болған маңызды оқиғалар, қабылданған шешімдер, қолға алынған бастамалар тұтас ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Сонымен бірге Алматы саяси өзгерістердің алтын бесігі екенін жоққа шығара алмаймыз.
Қаңтардан кейінгі қарқын
Күн санап аумағы артқан мегаполис өмірінде бұл бағыттарда оң динамика орын ала бастағанын айтуымыз қажет еді. Дегенмен алты құрлыққа ауыз салған пандемия, қаралы қаңтар оқиғасы қаланың жан-жақты дамуына кері әсер етті. Қаңтардан кейін жұмысқа кіріскен жаңа әкімге жаңа міндеттер жүктеліп, қираған нысандардың басым бөлігі қайта қалпына келтірілді, есеңгіреген экономика ес жия бастады. Былтыр араға алты ай салып Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Ерболат Досаев қала экономикасында тұрақты өсу байқалғанын, 5 айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ға дейін ұлғайғанын мәлімдеді. Айталық, өткен жылдың алғашқы екі тоқсанында қалада 16,3 мың жұмыс орны құрылып, 3,3 мың орындық 54 балабақша ашылған. 45 км инженерлік желі жаңартылыпты. Экология мәселесін еңсеру мақсатында газбен жүретін жаңа 300 автобус сатып алынып, 150 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, жоспарда мегаполис пен Алматы облысы синергиясының жобаларын айқындауға қатысты біраз жайлар тиянақталды.
Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізгі қуаты. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Қалада өңдеу өнеркәсібін өрлету қажет. Өткен жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі едәуір артқан. Сауда мен іскерлік белсенділікте де алға жылжу байқалады. Бизнеске негізсіз кедергі келтіру мәселесімен күрес күшейе түсті. Кәсіпкерлікке заңсыз тексеріс жүргізу ісі бойынша прокуратура мен кәсіпкерлер палатасына бір жылда 462 өтініш түскен. Арыз-шағымдар екшеліп, кейбір мемлекеттік құрылымдардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
Экология – енжар қарайтын мәселе емес
Экология мен көлік кептелісі – мегаполис үшін бас ауыртар басты тақырып. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін бұл бағытта үлкен жұмыстар қолға алынғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Айтыла ақжем, жазыла жауыр болған қос проблеманың түйінін тарқату үшін қаладағы көлік санын ретке келтіру мен жылыту қазандығын газға көшіру қажеттігін экологтер соңғы бес жыл бедерінде жарыса айтып жүр. Өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұрмыстық игілік қоршаған ортаға залалын тигізбей тұрмайды. 550 мың көлік ресми тіркелген шаһарға тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер саны 255 мыңнан асып жығылады. Қаладағы бірқатар даңғылды ұзарту жұмыстары толық аяқталып, жолайрықтардың құрылысы қарқын алса, метро бекеттерінің саны артса, кептеліс сәл де болса сейіледі деген үміт басым. Ал наурыз айының басында белсенділер тағы да Алматының экологиялық проблемасын арқау еткен форум өткізді.
– Қаланың негізгі Талғар, Қаскелең тарапындағы кіреберіс қақпаларына үлкен көлік тұрақтарын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тапқан жөн. Дамыған елдердегідей үлкен қалаларға ауыр жүк көліктерін мүлдем кіргізбеу керек. Алып қоймалар салып, қажетті заттарды шағын жүк көліктері арқылы ғана қалаға тасымалдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл тотығы 800 килоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша, көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден аса зиянды зат бөлінеді. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны ластайтын заттардың 60 пайызы көліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет. Алматының 2,2 миллион тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 миллион халық шоғырланған Мехико, 17 миллион халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Бұл – өз кезегінде кімді болсын ойлантатын өткір мәселе. Өйткені мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, – дейді қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.
Мәселені тек көліктер мен ЖЭО-ға тіреп қоюға тағы болмайды. Бірқатар эколог маман проблеманың бір ұшын биік ғимараттардың көптеп салынуынан көреді. Өйткені зәулім құрылыс нысандары қаланы қалқалап тұр. Бұл өз кезегінде ауа алмасуына кедергі келтіреді. Шаһардың қазандық тәріздес аумақта орналасқанын ескерсек, шынында бұл пікірдің негізсіз айтыла салмағанын аңғарамыз. Сайып келгенде, Алматының экологиясын қалыпта ұстау жан-жақты кешенді жұмыстарды қолға алуды қажет етеді.
Жастардың саяси сауаты артқан
Бірер ай бұрын «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының бастамасымен «Алматылық жастардың саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін факторлар» атты стратегиялық сессия өтіп, тұрғындардың саяси сауат мәселесі сарапталды. Саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетовтің айтуынша, мегаполис жастарының саясаттағы рөлі, белсенді жастардың үлес салмағы басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, былтыр елдегі аса маңызды саяси оқиға референдумға алматылықтар белсенді түрде қатысқан. Конституцияға өзгерістер енгізуді тұрғындардың 65,22%-ы қолдап, 32,99% дауыс беруге келген. Ғалым саяси мәдениеттің ұлттық негіздері бар екенін де қаперден шығармауға шақырды.
«Саяси мәдениеттің іргетасы ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Оны елемей саяси мәдениетті дамытамыз деу – бос әурешілік. Қазіргі таңда жастардың саяси көзқарасына әлеуметтік желі қатты әсер етіп жатқан жоқ. Ол жақта әртүрлі топтың мүддесі тайталасып жатқандықтан, жастар оларға еріп, қате саяси ұстанымға ұрынып жатады. Сол себепті жастар өз саяси мәдениетін әлеуметтік желідегі жауапкершіліктен бастауы қажет», дейді Н.Айымбетов.
«Жастардың саяси мәдениетін арттыру жолдары» атты тағы бір семинар-тренингке әртүрлі мамандық иелері қатысқан. Олардың арасында саясаттану мамандығы бойынша білім алатын студенттермен қатар, халықаралық қатынастар, журналистика, тіпті инженерлік курста оқитындар бар. Бұл – саяси мәдениетті меңгеру мамандық түрімен шектелмейтінінің айғағы. «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Б.Нәлібаевтың сөзінше, еліміздегі соңғы жылдардағы саяси үдерістер осындай жобалардың пайда болуына түрткі болып отыр.
– Бұл жобаның аты «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» деп аталады. Ал семинар-тренингтердің мақсаты – болашағынан зор үміт күттіретін саясаттанушыларды іріктеу. Мұндағы оқиғалар қалған өңірлерге тікелей ықпал етеді. Мегаполиске жыл сайын аймақтардан әртүрлі жастағы адамдар ағылып келіп жатыр. Әлеуметтік және саяси шиеленістер ушықпас үшін осындай іс-шаралар жиі өтуі керек деп санаймыз, – дейді Б. Нәлібаев.
Қаланы қандай өзгеріс күтеді?
Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 миллионға жетеді. Ал 2040 жылы 3 млн, 2050 жылға қарай 3,6 миллионға дейін өсуі ықтимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша халықты баспанамен қамту үшін 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй болуға тиіс. 2030 жылға дейінгі бас жоспар бойынша жобалық ұсыныстардың бірінші кезеңін іске асыру үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге инвестиция қажет. Инвестициялардың басым бөлігі мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді дамыту, денсаулық сақтау мекемелерін жетілдіру ісіне жұмсалмақ. Мегаполисте 2040 жылға дейін 188 мектеп пен 300-ден астам балабақша салынады.
Бас жоспар қабылданып, жүйелі жүзеге асар болса, 2030 жылға дейін қалада 180 мыңға жуық жұмыс орны құрылуға тиіс. Оның 30%-ы полицей, өрт сөндіруші, дәрігер, мұғалім секілді әлеуметтік сала мен тіршілікті қамтамасыз етуге бағытталған салаларға тиесілі, ал қалған 70 пайызы мамандандырылған жұмыс орындары. Бұл – Алматыдағы тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік мәселені реттеуге ықпал ететін негізгі фактор.
АЛМАТЫ