Табиғаты көркем Алатаудың тау-тасы мен өзен-көлдері туризмнің қайнар көзі саналады. Отандық туризмді дамыту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған жобалар жоқ емес. Биыл Алматы облысының туризм саласында 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Бұл туралы Қонаев қаласында өткен «Alatau hike» халықаралық туристік форумында баяндалды. Алматы облысының туристік әлеуетін халықаралық нарықта ілгерілету, елдер арасындағы туристік алмасуды арттыру, шетелдік әріптестермен байланысты кеңейту және нығайтуды мақсат еткен шараға БАӘ, Италия, Ұлыбритания, Нидерланд, Ресей, Әзербайжан мен Қатар елдерінен келген шетелдік сарапшылар қатысты. Форум қонақтарына ақпараттық тур ұйымдастырылып, олар өңірдің мақтанышына айналған «Шарын», «Көлсай көлдері» ұлттық саябақтары мен Шонжының ыстық суларының ғажайыптарын көріп, әсем табиғатын тамашалады. Сонымен қатар Қонаев қаласының туристік әлеуетімен танысты.
Бұдан кейін Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстың туристік әлеуетін паш ететін және осы салада жүзеге асып жатқан игі бастамалар жайындағы промо-бейне үзіктен басталған алқалы жиын өтті.
– Алматы облысы – еліміздегі туристік саланың көшбасшысы. Қазақстанның үздік бестігіне кіреді. Бүгінгі таңда шетелдік туристер үшін ең қолайлы әрі дайын бағыт болып есептеледі. Облыстың туристік әлеуеті өзінің алуан түрлі табиғатымен, құмды шөлдерден бастап қарлы шыңдарға дейін жалғасады. Оның ішінде ұлттық парктер мен тарихи жерлер бар, деді халықаралық форумда сөз алған Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов.
Басқосуда туризм сабақтастығы мен жаңашылдығы, туристік мәдениетті қалыптастыру, өңірде туризм саласын дамыту, инвестицияның тиімділігі, кадр мәселесі төңірегінде ауқымды мәселелер талқыланды. Негізгі тақырыптардың бірі – облыс орталығы Қонаев қаласындағы еліміздің ең ірі су қоймаларының қатарындағы Қапшағайдың туристік әлеуетін көтеру туралы ой ортаға салынды. Сондай-ақ өткен жылы Қапшағайға 1 млн-нан аса демалушы келгені және туризмді дамытудың кешенді бағдарламасы бойынша жағалау кеңейтілетіні тілге тиек болды.
– Әлемнің біраз елін араладым. Көп жердегі негізгі мәселе – тарихи орындарға, туристік нысандарға жету мәселесі. Яғни жолдарды жөндеу керек деген сөз. Одан кейін туризм саласында жұмыс істейтін мамандар міндетті түрде халықаралық тілдерді меңгергені жөн, деген Англияның «Avrupa Media Group» жобасының басшысы Ватан Оз Шарын шатқалы мен Көлсай көлін халықаралық туризм үшін өте маңызды нысан санайтынын айтты.
Алматы облысы