• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Сәуір, 2023

Яаркко Тонтти: Дәстүрлі кітапта мистикалық сарын бар

230 рет
көрсетілді

Яаркко Тонтти – фин жазушысы. Универ­ситетте заңгер мамандығы бойынша оқыса да, ол әдебиетпен айналысуды өмірлік мақсатына айналдырған. «Жара», «Мұра», «Самғау», «Би залы», «Қайта қауышқан класс» сияқты романдары жарық көрген. Фин қаламгерімен әңгімеміз ағылшын тілінде өрбіді.

– Сіз университетте заңгер мамандығында оқыпсыз, ал әдебиетке қалай келдіңіз?

– Бала кезімде кітап оқуды ұнататынмын, әне сол шақта есейгенде жазушы болуды армандайтынмын. Бірақ орта мектепте өмір сүру үшін лайықты кәсіп керек деп ойлап, заңгер мамандығы бойынша диплом алуды шештім. Бірнеше жыл заңгер болып жұмыс істегеннен кейін, ең соңында адам өз-өзіне адал болуы керек деп ойлай бастадым. Қандай өмір сүргім келеді деген үлкен сұрақ үнемі алдымнан шыға берді. Содан кейін шығармалар жаза бастадым, бірнеше жылдан кейін алғашқы кітаптарым жарық көрді. Осылай әдебиет табалдырығын аттадым. Сенің сұрағың тосын екен, осы орайда мен өткен сәттеріме бір қайырылып қарағандай болдым.

– Заң ғылымдарының докторы болсаңыз да, өлең жазасыз, әдебиетке қызмет етесіз. Сіздің елі­ңізде әдебиетшілердің рөлі қандай?

– Біздің елдегі қаламгерлер тым құрығанда абстрактілі деңгейде мәдени мәртебеге ие. Олар кішкентай елде ана тіліміз бен мәдениетімізді қорғау және насихаттау қажет екенін жақсы тү­сінеді, ал әдебиет мұның бір жолы ғана. Адам­дар­дың көбі кітап жазуды армандайды, ал бас­пагерлер жыл са­йын жазушылардың мыңдаған қолжазбасын алады. Бірақ жазушылардың мә­дени маңызы бағаланса да, көп ақша таппай­ды. Көп­теген жазушы бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарында жиі көрінеді, қарапайым халық әлі де сөз ұстағандардың ақыл-кеңесін тыңдайды.

– Бірінші кітап шығармашылық үшін өте маңызды. Алғашқы кітабыңыз шыққан кезде қандай күйде болдыңыз? Шығармаларым арқылы әлемді өзгертемін деген асау ой сізде де болды ма?

– Менің алғашқы кітабым «Вуосикиржа» (2006) атты өлеңдер жинағым еді. Оның баспадан шығуы да бір ғанибет іс болды. Сол сәтті қаншама жыл­ бойы армандадым. Бұл мен үшін әлі де қымбат. Оның бүкіл әлемде әлі де жаңа оқырмандарын таба алатынына сенімдімін.

– Былайғы жұрт электронды кітап қағаз кітаптың орнын басады дегенді жиі айтады, бұл мүмкін бе?

– Қағазға басылмай, экраннан оқылса да, өлеңді өлең, романды роман деп айтуға болады. Бірақ дәстүрлі кітапта мистикалық сарын бар. Қағаздың иісі, парақтарды ашқандағы сезім бұл мүлде бас­қаша дүние. Электронды кітап оқу да жақсы дәстүр. Әсіресе саяхаттағанда, чемоданда көп кітап салуға орын болмаса, электронды кітаптарға жүгінеміз.

– Финляндияда жазушылар кітап жазып жақсы ақша таба ала ма?

– Кейбіреулер солай істеп жүрген болуы мүмкін, бірақ өте аз. Жазушылардың көпшілігі қыруар ақша табады деп айту қиын. Дегенмен біздің елде қаламгерлер мен басқа да өнер қайраткерлеріне гранттардың, мемлекеттік және жеке мәдени қор­ларды қаржыландырудың жақсы жүйесі қалып­тасқан. Жыл сайын грантқа ие болатын кәсіби жазушылар баршылық, бірақ оларға берілетін грант ақысы тым аз мөлшерде. Әрине, оларға кітаптарын сатудан ақша түседі. Аталған қаржының бір бөлігі мемлекеттік несие құқығы жүйесінен (PLR) келеді, яғни барлық жазушы өз кітаптарының кітапханалық несиелері үшін өтемақы алады.

– Франс Эмиль Силланпадан кейін фин жазу­­шылары Нобель сахнасына көтерілген жоқ, неге? Жақсы шығармалар жазылмай жатыр ма?

– О, Нобель сыйлығы! Бұл қызықты тақырып, оның үстіне сен жақсы сұрақ қойып отырсың. Бірақ менің жауабым мынадай. Мен Нобель сияқты үлкен әдеби жүлделердің жанкүйері емеспін. Бүкіл әлемде мыңдаған керемет жазушы бар. Олардың тек санаулысына ғана сыйлық беру – лотерея сияқты әділетсіздік. Нобель немесе басқа сыйлықтарға лайық болған, бірақ әртүрлі себеппен оларды ешқашан ала алмайтын көптеген сөз зергері арамызда жүр. Жүлделер әдебиетке емес, ат жарысына немесе спортқа жарасады.

– Мен әлем әдебиетін зерттеп жүрмін, қазір көптеген танымал жазушы кітаптарын ағыл­шын тілінде жазады. Бұл жаһанданудың көрі- нісі ме?

– Менің ойымша, алдағы жылдары ағылшын тілінен басқа тілдердегі жазушылардың әлемдік мәдениетте маңызы арта түседі. Ағылшынның рөлі тарихи себептерге байланысты, Британ империясы және сол сияқты нәрселерге қатысты болып келді. Әлемдегі жазушылардың көпшілігі басқа тілдерде жазады, бұл жақсы үрдіс, бізге ағылшын тілінен гө­рі, басқа тілдерде жазылған кітаптар көбірек қажет.

– Қазір жазушы мен оқырманның арасы алшақтап кеткен жоқ па?

– Жазу – өзгелермен қарым-қатынас орнату, солардың сана-сезіміне әсер ету. Алайда оқыр­мандар кітапты жазушы ойындағы мақсаттан мүлдем басқаша түсінеді. Бұл үрдіс маған ұнайды.

– Көркем әдебиет өзге елдерге кең таралуы үшін табиғи түрде көркем аудармаға сүйенеді, бұл туралы қандай ойдасыз?

– Менің ойымша, біз өмір сүріп жатқан әлемге ағылшын тілінен гөрі, басқа тілдерде жазылған кітаптар көбірек қажет. Бұл бізге бір тілден екінші тілге емін-еркін аударатын аудармашылар ауадай қажет дегенді білдіреді. Жаһанданған әлемде аударма басты рөл ойнайды.

– Әлем әдебиетіндегі ең мықты бес жазушы кім деп ойлайсыз?

– Шынымды айтсам, бұған нақты жауап бере алмаймын, бұл жағынан мені қинама. Адамзат қоғамындағы ең жақсы кітаптарды әлі таба алма­ғаныма сенімдімін. Үнемі жаңа кітаптарды іздеймін, басқалар естімеген немесе бұл туралы көп білмейтін шығармалар кездессе деген үмітім мені алға жетелеп келеді. Әдебиет әлемінде қаншама асыл қазына бар. Оны бөліп-жару да ақылға сыймайды.

 

Әңгімеслескен

Дүйсенәлі Әлімақын,

«Egemen Qazaqstan»