Алматыдағы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында күйші-композитор Боранқұл Қошмағанбетұлының 100 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті. Аталған іс-шараға күйшінің ұрпағы, шәкірттері, қоғам қайраткерлері қатысты. Музыка орталығына Боранқұл Қошмағанбетұлының жеке домбырасы сыйға тартылды.
1923 жылы Шу өңірінде дүниеге келген күйшінің 100 жылдығына орай «Кең жайлау» атты күйлер жинағының тұсауы кесілді. Аталған кітапта күйшінің отыз екі күйі нотаға түсіріліп, әр күйдің шығу тарихы жазылған. Сонымен қатар орындау ерекшелігін басты назарға ала отырып, күйлерді QR код арқылы тыңдауға мүмкіндік бар. Бұл кітапқа автор «Жекеме, батыр, жекеме», «Үкілімайдың анасын аңсауы», «Немере жұбанышы», «Ықылас туралы толғау», «Ешкілі таудың етегі» сынды күйлерді түсірген.
«Оңтүстік Қазақстан, Қаратау күйшілік мектебіне үлес қосқан күйші. Осы ретте, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымызды ардақтау – біздің басты міндетіміз. Орындаған күйлері жас ұрпақтың жадында мәңгілік сақталып қалуына үлес қосуымыз керек», дейді Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, доцент Мұрат Әбуғазы.