Ұлыстың ұлы мейрамында ұлттық өнердің өрісі кеңіп, Өзбекстанның Термез қаласында көкпардан халықаралық жарыс өткен еді. Делебені қоздырар додалы жарысқа Алматы облысының тақымы мықты көкпаршыларынан құралған «Алатау» командасы қатысты.
Өзбекстан президентінің кубогі сарапқа салынған бұл жарыста облыстың намысын қорғаған «Алатау» көкпар командасы іріктеу сындарында қарсылас «Өзбекстан-2» және «Қарабайыр» (Өзбекстан) командаларын артқа тастап, шешуші ойында Қырғызстан құрама командасын 12:4 есебімен ойсырата жеңіп, байрақты бәсекенің бас бәйгесін қанжығасына байлаған-ды.
Осыған орай, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған «Алатау» көкпар командасын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қуанышпен қарсы алып, ұлттық спортқа қосқан сүбелі үлесі мен халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткендері үшін «Алатау» көкпар федерациясының президенті Сәбит Қасеновке және команда бапкері мен спортшыларға Алғысхатын табыс етті.
Осыдан екі жыл бұрын «Жетісу» атауымен құрылып, кейін «Алатау» аталған көкпар командасының аз уақыт ішіндегі жетістігі жан жадыратарлық. Оған 2022 жылғы республикалық чемпионаттың бірінші лигасында тоғыз команданың ішінен топ жарып, чемпион атануы дәлел.
Алматы облысының екіге бөлінуіне орай биылдан бастап «Алатау» атауын еншілеген көкпаршылардың халықаралық бәсекедегі бұл жеңістері жібін үзбей жалғасатынына сенімді. Ат жалында ойнайтын епті де жүректі әрі білекті жекпе-жек шебері Темірлан Сейітбеков пен Ержанат Тоқтарбаевтың және Бақытжан Сайдолданов, Ережеп Абай бастаған сайыпқырандардың ойындары қашанда көрерменнің қошеметіне ие. Білікті көкпаршылардың ізінен ілескен жас спортшылар Серік Әбуов, Айдос Амантаевтар ертеңінен мол үміт күттіреді. Бас бапкер Саят Сыдырманов баптаған команданың 7 ойыншысы бүгінде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп жүр.
Алматы облысы