Жер-ананың тоңы жібіп, алпыс екі тамырын иіте бастаған шақтан қолына кетпен, күрегін ұстайтын еңбек адамдары топыраққа дән екпес бұрын оны қопсытып, тыңайтқышпен қоректендіріп, дайындап алары анық. Осылайша, бапталған топырақ күні ертең мол өнім алудың кепілі болмақ. Ал оған жоғары сапалы органикалық тыңайтқыш – биогумусты пайдалану, тіптен тиімді.
Жыл он екі ай тыным таппайтын Серікбол Әутәліптің айрықша кәсібіне көптің қызығушылығы артқан. Өйткені оның «калифорниялық қызыл шылаушын» өсірумен айналысқанына екінші жылға аяқ басты. Қысқа уақыт аралығында кәсібіне шыр бітіріп, алақандай жердегі сан мыңдаған шылаушыннан пайда көре бастады.
– Бұл тыңайтқыштың ауыл шаруашылығына тигізер пайдасы орасан зор. Жасыратыны жоқ, топырақтың тозып, эрозияға ұшырауы жаһандық проблемаға айналып бара жатқанын айтып, эколог ғалымдар дабыл қағуда. Жерді күтпесе, топырақтың құнарлылығын сақтамаса, өнім алудан қаламыз. Біздің мақсат – биогумус өндіріп, оны қолданысқа енгізу арқылы табиғи таза әрі қауіпсіз өнім алуға күш салу. Көл-көсір пайдаға кенелуді көздегендер жерді аялап жатқан жоқ. Мол өнім алу үшін түрлі химиялық тыңайтқыштарды мөлшерсіз қосып, табиғатқа да, адам ағзасына да орасан зор зиян келтіреді. Оның түбін ойлап жатқан жоқ. Соның салдарын ұлтымыздың келешек ұрпағы тартуы мүмкін. Ата-бабамыз «ауру – астан» деп бекер айтпаған. Осы күні құнарсыз, нәрсіз жеміс-жидектер мен көкөністер көбейді. Аты жаман аурулар «жасарып» барады. Соған қарап-ақ жермен қоса, денсаулықты да өз қолымызбен құртып жатқанымызды түйсінер кез келді. Бүгінде әлем елдері ор-ганикалық тыңайтқыштарға ауысты. Соның бірі – калифорниялық қызыл шылаушын арқылы түзілетін биогумус. Дамыған елдер биогумусқа ерекше мән беруде. Біз болсақ оны енді ғана қолға ала бастадық, – дейді шылаушын өсіруді кәсіпке айналдырған Серікбол.
Осыдан он бір жыл бұрын аңсары ауған атамекенге табаны тиген С.Әутәліп әу бастан кәсіпкерлікті қолға алған. Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылына тұрақтаған ол алғашында сауда-саттықпен айналысып, отбасын асырайды. Бүгінгі органикалық тыңайтқыш туралы мәліметті интернеттен оқып, қызығушылығы артады. Бау-бақшасына пайдаланып, бақылайды. Биогумустың аз уақыттың ішінде әсерін көзбен көреді, пайдасына көңілі сенеді. Сөйтіп, Есік қаласының тұрғынынан қомақты қаржыға 10 қорап шылаушын сатып алады. Әр қорапта 30 мыңға жуық жауын құрты болған екен. Шылаушындар төрт түліктің қиы, ағаштың жапырағы, шөптің шірінділері, жеміс-жидектердің қалдықтарымен қоректенеді. Биогумус тыңайтқышын алу үшін 1 текше метр қиға 25-30 мың шылаушын жібереді. Ал 1 шаршы метр қидан 250-300 литр биогумус пайда болады. Технологиясы аса күрделі болмағанмен, үзіліссіз еңбектенуді қажет етеді.
– Алдымен малдың қиын жақсылап сумен шайып, оның құрамындағы аммиакты жоғалтамыз. Жерге шашқан қиды жаз мезгілінде 25-30 см-ге дейін қалыңдатамыз. Ал қыс айларында 1 метрге дейін биіктетеміз. Өйткені шылаушындар жазда 20 градустан жоғары, қыста 5 градустан төмен емес температурада тіршілік етеді. Сол себепті күн сайын бақылап отырамыз. Осындай еңбектің нәтижесінде малдың қиы биогумусқа айналады. Аз ақша жұмсап, мол өнім алатыныңыз ақиқат. Нәтижесінде, табиғи алқаптан экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туады. Оның дәмі де таңдайға татырлық екеніне еш күмәніңіз болмасын, – дейді шылаушын өсірудің шебері.
Биогумустың бағасы қолжетімді әрі сұранысқа ие. Осыны ескерген еліміздегі 3 мың қожалық бірігіп «QazVerm» атты кооператив құрған. Іскер топқа С.Әутәліп те қосылыпты. Бүгінде аталған өнім арнайы буылып-түйіліп, оның ішіне нұсқаулығы салынып, сатылымға шыға бастаған. Еңбекшіқазақ ауданында биогумус өндіруші кәсіпкердің алдағы жоспары ауқымды. Ол аудан әкімі Алтай Досымбаевтың қабылдауында болып, биогумусты өндірудің өрісін кеңейту, ауыл азаматтарын осы кәсіпке тарту жайлы келелі ойларымен бөліскен.
Алматы облысы