Жер кеуіп, күн жылынысымен қоршаған ортаны қоқыстан тазарту жұмыстары қарқын алатындығы белгілі. Соның арқасында ауыл-аймақтың сәні кіріп, ажарлана түседі. Өткен сенбіде көктемгі науқандық жұмысқа Алматы облысының жұртшылығы да жұмыла кірісті.
– Облыс көлемінде өткізілген кезекті сенбілік жұмыстарына 8 031 жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік орган қызметкерлері, 7 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым өкілдері, 1 767 ерікті мен 32 533 облыс тұрғыны қатысты, деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жалпы саны 50 мыңға таяу азамат атсалысқан сенбілік нәтижесінде 1 526 гектар аумақ тазартылып, 1 297 тонна қоқыс жиналып, оның 8 тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Аймақ тазалығына өңір бойынша 260 техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар елді мекендер шегінде 286 гектар жерге 13 546 түп көшет отырғызылды.
Алматы облысы