Біз, «Respubliсa» партиясының өкілдері, бизнеске қолайлы жағдай туғызу, кәсіпкерлер үшін кедергілерді жою, әлеуметтік саланы, жаңа жұмыс орындарын, өмір сүру сапасын қалыптастыру мен дамыту мәселелерімен айналысамыз. Әрине, егер жаңа Үкімет бизнесті қолдаса, бұл мәселелердің басым бөлігі өз шешімін табады.
Бір ғана қарапайым мысал. Біздің партияның екі депутаты еліміздің үздік кәсіпорындарында 10 мыңнан аса жұмыс орнын жасақтады, үлкен ұжым құрды. Егер Үкіметпен жұмыс дұрыс жолға қойылса, тағы қанша жұмыс орны құрылатынын және еңбек жағдайы жақсаратынын елестетіп көріңіздерші. Бұл тек шешім қабылдау жылдамдығы туралы ғана емес, сонымен қатар депутаттар тарапынан бақылау туралы пікіріміз.
Мемлекет басшысы әрқашан ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметтің рөлін ерекше атап өтеді. Мәжілістің өкілеттігі заңдарды әзірлеумен шектелмейді, енді біз өз кезегімізде оларды қабылдаумен де айналысатын боламыз. Президент өз сөзінде бізге Мәжіліс пен министрлер кабинетінен жаңа серпін күтіп тұрғанын жеткізді. Біз министрлерді мақұлдауды немесе отставкаға жіберуді ғана емес, бүкіл елдің игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуді айтып отырмыз. Үкімет пен Мәжілістің өзара іс-қимылы жоспарларды бірлесіп әзірлеу, олардың орындалуын бақылау тұрғысынан да өзгеше болуға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында өзекті күн тәртібін айқындап берді. Енді біздің нақты міндетіміз – туындайтын мәселелерді барынша жедел шешу, министрлер кабинетінен дәл осылай талап ету және халық пен мемлекеттің мүдделері әрқашан бірінші орынға қойылатынына көз жеткізу. Біздің партия әрқашан заң шығару үдерісін де, барлық мәселе бойынша біздің ұстанымымызды да жедел және ашық жариялайтынын баса айтамын.
Динара ШҮКІЖАНОВА,
«Respubliсa» партиясының өкілі