Қарғын қапы қалдырған өңірлер арасында Қарағанды аймағы жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өңірде су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Ғарыштан бақылау аймақтың әлі 25 пайызы қар астында жатқанын көрсетті.
Жер әбден қараймайынша, арқаны кеңге салуға ертерек. Сондықтан да жергілікті атқарушы билік қауіп төндірген аймақтарды бақылауда ұстап отыр. Бұған дейін мәлім болғанындай, өңірде қызыл су жүруі мүмкін деген 146 елді мекен бар. Бірақ бүгінгі таңға дейін олардың ешқайсынан жаманат хабар түспеді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпановпен су тасуы мүмкін учаскелерді жақында арнайы аралап көріп, қадағалауды одан әрі күшейтті. Ол учаскелер – Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арнасындағы аумақ. Атап айтқанда, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Абай аудандарының қауіпті учаскелері бақылауда. Сонымен қатар елді мекендер маңындағы гидротехникалық құрылымдар да қатаң қадағалауда. Су арнасынан асқан тұста септігі тиер топырақ үйінділері мен бөгеттер де назардан тыс қалмады.
Мұрат Қатпановтың айтуынша, қардың күрт еріп, әбігерге салғаны әзірге байқалмайды.
– Ақтоғай және Шет аудандарының солтүстік аумақтары, Бұқар жырау ауданының оңтүстік-батыс бөлігі, Осакаров ауданының батыс бөлігі және Нұра өзенінің арнасы бойынша Нұра ауданының солтүстік-шығысының аз бөлігі әлі де қар астында.
Қардың жылдам еруіне наурыздың басындағы жылы күндер, жауын-шашын, күзгі жауын-шашынның әдеттегі қалыптан төмен түскендігі де әсер етті. Өзендердің арнасынан асуы мен су мөлшерінің артуы тіркелген жоқ, – деді Мұрат Қатпанов.
Өзендерде мұзды ұсақтау, бұрғылау және кесу үнемі жүргізіліп келді. Бұл орайда Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында жалпы ауданы 7000 шаршы метр болатын 17 учаске қамтылды.
4845 су өткізу құбыр, 187 шақырым канал мен арық, 463 көпір қардан аршылды. 143 шақырым су өтетін траншея жасалды. Қазіргі уақытта да су тасқынына қарсы жұмыстар саябырсыған жоқ.
ҚАРАҒАНДЫ