Ауылды көтерудің басты бір жолы халыққа арнап баспана салу болса, алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін 2855 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеген еді.
«Халықтың ауылдық және шекара маңындағы аумақтардан кетуін азайту мақсатында бірінші кезекте жаңа өндірістерді іске қосу жолымен тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, Өнеркәсіп қорында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Осыған орай министрлік өкілі ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа тетігі де іске қосылып жатқанын атап өтті.
«Ауылдағы тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында, өз қызметкерлері үшін жалға берілетін үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл қызметкерлері үшін 2 855 тұрғын үй салу жоспарлануда (14,3 миллиард теңге). Бұдан басқа, ауылдық жерлерде жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілетін болады», деді Марат Қарабаев.
Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылатын болады.
«Халықтың сапалы тыныс-тіршілік деңгейін арттыру және инфрақұрылымдық дамудың негізгі проблемаларын шешу мақсатында, жоспарда базалық инфрақұрылым жобалары, оның ішінде автомобиль және темір жолдарымен, авиа желілермен, сумен, жылумен, газбен және электрмен жабдықтау, сондай-ақ байланыс, телекоммуникациямен (телефон, интернет) және тағы да басқалармен қамтамасыз ету көзделеді», деді министр.