Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Парламенттің бірлескен отырысында еліміздегі судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын болса, соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кететінін ашық мәлімдеді. Мұндай ысырапшылдықтың жолын кесу үшін жаңа тариф саясатына көшу керек. Әйтпесе алдағы уақытта ахуал күрделене түспек.
Жаз туа салысымен Ырғыздың Тәуіп, Жайсаңбай, Құтикөл ауылының тұрғындары малын суаратын су таппай сандалады. Мол су келмеген соң шағын көлдер сорға айналып, шөп қурап кетеді. Жұрт өзеннің бастауындағы жеке шаруашылықтар суды бөгеп алып, аяғына жібермейді дейді
Өзен аяғындағы жұртқа су жетпейді
Бұл ретте еліміздегі бөгеттерді жаппай жаңғыртып, гидротехникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшіріп, су ресурстарын пайдалануға квота енгізіп, суды есепке алуды автоматтандыруды жолға қоймаса болмайды. Үкіметте әзірленіп жатқан Су кодексінде осы ескертулер қамтылады деген сенім бар. Бұл өз кезегінде ірі өзендер мен көлдермен қоса, шағын дала өзендерін де қорғау қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Ол үшін не істеу керек?
Еліміздегі шағын өзендер бойындағы шлюздер, бөгеттер, тосқауылдардың көбі мемлекеттік тіркеуде жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдан бері мұндай құрылыстар түгенделмей, олардың жағдайына сараптама жүргізілмеді. Дала суына қолы жеткен ірі шаруа қожалықтары бөгеттерді жекеменшігіндей көріп, өзеннің шағын арналарын қалауынша бұрып алған. Иесі болмаған соң судың бастауына әркім – қожайын. Су шаруашылығын құрдымға кетірудің, гидролог мамандардың жұмысын қажетсінбеудің салдары осындай зардаптарға әкеле бастады.
Бастауын шығыстағы Мұғалжар қыраттарындағы сансыз шағын бұлақтардан алатын Ақтөбе облысының сегіз өзені бір мезгілде емес, кезекпен тасиды. Сәуірдің 10-15 аралығында Ырғыз өзені тасиды деп күтілуде. Торғай алабында орналасқан, ұзындығы 600 шақырым болатын осы ежелгі дала өзені екі жақтан толығады. Бір бастауы – Мұғалжар бұлақтарынан құлап, жолай еріген қар суымен толығатын Шетырғыз, Талдық, Қайрақты салалары. Үш саламен келген қар суы жақында өзен деңгейін біршама көтеріп тастады. Ырғыз ауданының тұрғыны, табиғат жанашыры Мереке Жұбанияздың айтуынша, былтыр 19 наурызда Ырғыз ауылының түбінде су деңгейі 35 см-ден артық көтерілмесе, биылғы наурыздың 20-сында дәл осы жерде судың биіктігі 50 см-ден асқан. Бұл талай жылдан бері су тапшылығын көріп келе жатқан жұрттың үмітін оятты.
Ырғыз өзенінің екінші бастауы – Әйтеке би ауданы жағынан келетін Қарабұтақ, Бақсайыс, Үймола салалары. Бұл тараптан су кешірек келеді. Өйткені арғы жағындағы Арқамен тұтасатын далалықта қар кеш еритіндіктен, су кеш жиналады. Қазір Бақсайыс, Қарабұтақ салалары көтеріліп келеді. Әдетте жыл сайын Ырғыз өзені 10-12 сәуірде тасиды. Осы өзен Қызылжар, Ақши, Ырғыз, Аманкөл, Құтикөл ауылдарын айналып өтіп ағады да, Тәуіп ауылдық округіндегі Құйылыста Торғаймен қосылып, бірге ағып барып Жайсаңбайдың тұсында Құрдымға құлайды. Өзен суы осы жерде жоғалады. Құрдым – жерүсті мен жерасты суының қосылған жері. Су айналымы солай реттелген.
Нұра ауылдық округіне Торғай өзенінің суы келеді. Торғай мамырдың басында тасиды. Былтыр Торғай жақсы тасып, Нұра маңындағы ұсақ көлдерді біршама толтырды. Бірнеше жылдан бері Торғайдың суы Нұраға сыздықтап қана жететін. Былтыр біршама су келген соң құрғап, саз балшығы бетіне шығып жатқан көлдерге жан бітіп, бұл жақта көптен бері естілмеген құс базары жандана бастады. Бірақ шілде туа көлдер қайта құрғап кетті. Қазірде бұрынғы кездегідей мол су жоқ дейді ауыл жұрты.
Былтыр Ырғыз өзенінің аяғындағы Тәуіп, Жайсаңбай, Құтикөл ауылдарына су жетпей қалды. Жалпы 7-8 жылдан бері осы жаққа мүлдем су бармай жүр. Аудан жұртшылығы осы келе жатқан мол суды ысырап қылмай, Ырғыз өзенінің аяғындағы үш ауылға жеткізсек деген ойда. Алайда өзен бойында сауатты жобаланған гидротехникалық қондырғылардың болмауынан суды ұстап қалу осы кезге дейін мүмкін болмай келеді. Дала өзендерінің бойындағы бұрынғы гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру, су арнасын шаруа қожалықтарының малының тезегімен ластауға жол бермеу және олар қолдан тұрғызған бөгесіндерді бұзу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.
Судың табиғи арнасын бұзуға болмайды
Жаз туа салысымен Ырғыздың Тәуіп, Жайсаңбай, Құтикөл ауылының тұрғындары малын суаратын су таппай сандалады. Мол су келмеген соң шағын көлдер сорға айналып, шөп қурап кетеді. Жұрт өзеннің бастауындағы жеке шаруашылықтар суды бөгеп алып, аяғына жібермейді дейді. Шөп шабуға да, малдың суатына да, бау-бақшаға да пайдаланылатын өзен суларының жаз бойы адамға да, аң-құсқа да жетпей жатуы еліміздегі күрделі мәселеге айналып барады. Суат үшін жанжал жиі туындап жатады. Бұл жағдай еліміздің ірі өзендерін ғана емес, далалықтағы шағын өзендер бойын мемлекеттік тұрғыдан реттеуді күн тәртібіне қойып отыр. 1955-1960 жылдары шабындық жердің көлемін ұлғайтып, қысқы мал азығын мол жинау үшін Ырғыз өзенінің бойында салынған бөгеттер қазір әбден тозды, көбін су шайып кетті.
Бірер күн бұрын Нұра ауылдық округінің бір тұрғыны Телғараның суы далаға ақты, өзен бастауында мал өлексесі жатыр деп әлеуметтік желіге салды. Осы мәселе бойынша Ырғыз ауданының басшылығы төмендегідей жауап берді: «Бұрын бөгеттің бойында кейін тепкен судың бір бөлігі Телғара өзеніне қарай жіберілетін болғанымен, біраз жыл бұрын оның реттеуші шлюзін су бұзып кетті. Оны қалпына келтіру мақсатында Ақши ауылындағы Ақши бөгеті қайта жарақтандырылып, Жарқын бөгетіне шлюз салынады. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп, бас мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың жаз айларында басталады. Алайда бұл жерде жайылма суландыру алқабынан артылған судың бір бөлігі ғана Телғара өзеніне қарай жіберіледі. Өйткені Ырғыз өзені бұрынғы табиғи арнасымен Аманкөл, Құтикөл, Құйлыс, Жайсаңбай елді мекендеріне жетуі керек. Алайда Телғара өзенінің бойындағы кейбір шаруа қожалықтарының иелері сусыз отырған қаншама ауылдың мүддесін ескермей, өзен арнасын өздеріне бұрғызу үшін «су далаға ысырапсыз ағып, Нұра ауылына су келмегендіктен, мал қырылып жатыр» деген негізсіз әңгіме таратып, әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Біз бір топ адамның емес, аудан тұрғындарының мүддесі үшін су тапшылығын шешу маңызды деп санаймыз».
Қызылжар ауылдық округінің тұрғындары да Ырғыз өзенінің бойындағы «Айман өткел» бөгетін бөгеп беруді сұрайды. «Жарқын» бөгетіндегі шабындыққа жайылып, кейін тепкен суды жіберетін реттеуші шлюзді қалпына келтіру үшін әуелі «Ақши» бөгетін жөндеу керек. Егер Жарқынды бітемесе, бүкіл су көлік жолын қуалай ағып Нұра бағытына бұрылып кетеді де, Аманкөл, Құтикөл, Жайсаңбайға су бармай қалады. Осы үш ауылға су сегіз жылдан бері бармады деп жоғарыда көрсеттік. Былтыр осы мезгілде тасыған су сәл де болса Құтикөлге жақындады. Жақында Құтикөлдің тұрғындары Телғараның бойындағы шаруашылықтар суды бітемей бізге қарай жіберсін деп дабыл көтерді. Міне, Ырғыз ауданында осындай күрделі мәселе туындап отыр.
«Жазда шлюз қалпына келтірілсе, су арнасы өзі реттеледі. Көктемде өте қатты келген судың шабындықтан артылғаны жылғалармен аға отырып Телғараға қосылады. Егер арна толғанда, шлюзді ашып жіберсе, бөгетке жиналған су арынымен Нұраға кетіп қалады да, Аманкөл, Құтикөл, Тәуіп, Жайсаңбай тұрғындары тағы да сусыз қалады, дейді аудан тұрғыны Мейірхан Әттиев.
Тел Жаманмұрыновтың жобасы
Ырғыз ауданы орталығынан 18 шақырым жердегі Ақши суландыру жүйесінің бас бөгеті 1930 жылы республиканың жоспарлау органында мақұлданған. Сол жылдары еліміздің мемлекеттік жоспарлау комиссиясын басқарған Тел Жаманмұрынов ұсталып кеткеннен кейін өзі жобалаған осы бөгет құрылысы 14 жылдан соң тұрғызылды. Бұл туралы Ырғыз аудандық музейінде сақталған Ералы Тұрабаевтың «Тел Жаманмұрыновты неге іздемейміз?» деген дерегінде былай деп жазылған: «Ақтөбе облыстық мұрағатынан Тел Бұқпанұлы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен тұстағы құжаттарды іздестіру нәтижесінде 1934 жылы халық депутаттары Ақтөбе облыстық кеңесі атқару комитетінің «Ырғыз-Жалаңаш-Масақ-Құтикөл суландыру желісінің құрылысы және Ақши суландыру жүйесі құрылысының жобалық әсері» атты іс-қағаздардан құжаттар көшірмесін алудың сәті түсті». Тел Жаманмұрынов – 1933-34 жылдары Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төралқасының мүшесі, 1934-37 жылдары Ақтөбе облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы болып тұрған кезінде жартылай шөлейтті Ырғыз ауданында суландыру жүйесін жобалап, 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кеткен соң аяқсыз қалған. Дегенмен 1951-57 жылдары осы жобамен ұзындығы 62 шақырым, 13 шлюзі бар Ақши бөгеті салынған. Бозкемер, Жарқын, Ақдала алқаптарындағы 13 мың гектар суландрылған алқаптан шаруашылықтар жыл сайын 120 мың центнерден аса шұрайлы мал азығын дайындаған екен.
Ырғыз мұражайында Сахан Мұханбетов деген азаматтың естелігі де бар. Ол 1929-1931 жылдары Ырғыз аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1934 жылы Ақтөбе облыстық жоспарлау комитетінде Тел Жаманмұрыновтың қарамағында жұмыс істеген. Ол: «1929 жылы мен Ырғыз аудандық атқару комитетінде секретарь болып істейтін едім, сол жылы Тел ағай іссапармен Ырғызға келді. Қателеспесем, ол кезде Наркомземде еді. Сол жолы ол Наркомземнің бірнеше жер суландыратын мамандарын ала келген еді. Ауылдарға шығып, қасындағы мамандарын жер-сумен таныстырып, ауданға жақын жерден екі бөгет салып, шабындық жерді суландыру жобасын жасатып кетті. Оның бірі – Ақши, екіншісі Құтикөл бөгеті еді», деп анық жазылған. Ендеше, осы өте сауатты жобаланып, кеңестік мелиорация мамандарының қолымен тұрғызылған тарихи құрылыстарды қайта қалпына келтіру ұлылардың ісіне деген құрмет болса керек. Осы Ақши, Жарқын бөгеттері – аштықтан әлсіреген, шаруашылығы тоз-тоз болған елдің өзегін жалғау үшін салынған тарихи құрылыстар. Техника жоқ кезде, адам қолымен тұрғызылған бөгеттерді кейінгі жылдары әлденеше рет жөндейміз деп бүлдіріп алды. Бұл бөгеттерді жөндеуге кездейсоқ келгендер талай бұзды. Соның кесірінен жетпіс жылдан аса суды реттеп тұрған шлюздер талқандалғандықтан, су тоқтамай айдалаға ағып кетіп жүр. Ырғыз ауданының тұрғындары осындай жауапсыздық пен жаны ашымастыққа әбден ашулы. Аманкөл, Тәуіп, Құтикөл елді мекендеріне де су бармай жатуына осындай сауатсыз жобалаушылар кінәлі.
Дала өзендерінің суын үнемді пайдалану керек, түздің жануары да, үйдің малы да ішетін бастауларды бүлдіруге жол беруге болмайды. Дарақы жобалаушылардың кесірінен су бармаған соң өзен бойының тал-құрағы мен қамыс, шөбі де сиреді. Жаз бойы дала көк шаң, айналаны құм басып бара жатыр, баяғы көлшіктер сорға айналды. Аудан халқының талабы да табиғатты бүлдіруге жол беруге болмайды деген пікірмен үндеседі.
Ақтөбе облысы