Әдебиеттің шекарасыз әлем екенін бәрі мойындады. Ал енді оның сапасы мен уақыт талабына, замана көшіне ілесуіне де назар аударатын кез келді. Артық айтпасақ, аптасына бүкіл дүниежүзінде неше жүз мың кітап баспадан шығып, оқырманға тарайды екен. Ал оның кейінгі халі нешік? Ол туралы да сұрақ көп, сауал сан. Бүгінгі дөңгелек үстел басында біз қазіргі романдар, балалар әдебиетінің маңызы және көркем шығарма ұлтты тәрбиелей ала ма деген өзекті сауал туралы ой қорытамыз. Қатысушылар алты мемлекеттің қаламгерлері. Олар – Ибраһим Фарғали (Иран), Андре Бабин (Канада), Лю Лянчэн (Қытай), Айгүл Кемелбаева (Қазақстан), Это Тедиашви (Грузия), Жавлан Жойлов (Өзбекстан).
Заман жазушыға жеткізбейді
– Әр жазушы өз заманының куәгері, сондықтан да шығармашылық үдерісте жаңа заман туралы жазудың маңызы зор. Сіз осы дәуір туралы жазғыларыңыз келе ме?
Ибраһим Фарғали: Жазушы өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің куәгері болуы мүмкін, бірақ оны көркем деңгейде әдеби шығармаларда бейнелеу міндетті түрде көз алдымыздағы болмысты жазу деген сөз емес. Жазушы, әсіресе тек көркем шығармалар жазатын қаламгерлер өзекті мәселелерді шешу үшін тарих сахнасына қайта оралуы ықтимал. Олар қиял әлемі арқылы болашақты елестетуге де ұмтылыс жасайды.
Заманауи шындық туралы қалам тарту қазіргі оқиғаларды жазу немесе құжаттау үрдісіне айналмауы үшін көркемдік деңгейге сай болуы керек. Әрине, мен мұны қазіргі кезең туралы айтып отырмын, бірақ бұл сөзіме де қиял мен шындық араласқанын жасырмаймын. Өйткені қазір біз өмір сүріп жатқан уақыт – адамзат басынан өткерген ең тұрпайы кезеңнің бірі. Бүгінде демократия, бостандық, адам құқығы және гомосексуализм құқығы туралы әңгіме көп айтылады, бірақ біз жойқын соғыстар мен оны тоқтатуға тырысудың орнына, соғыс отын тұтандыруға әртүрлі себептерді көріп те, естіп те жүрміз. Аталған үндеулер бейбітшілікке шақыратын раушан гүл шоқтарына жасырылған дегім келеді. Біздің кезең адамзатқа белгілі саяси қастандықтардың алтын дәуірі, егер өнер онымен айналысса, ирония мен қайшылық тең тұрғыда болуы керек. Күндердің бірінде осы айтқандарым туралы жазамын деп үміттенемін.
Андре Бабин: Не туралы жазсам да, өз дәуірім туралы қалам тербеймін деп айту мен үшін қателік болар, бұл Борхестің «Кихоттың авторы Пьер Менард» кітабында жақсы айтылған. Өткен дәуірдің ойлары мен идиомаларына толығымен сәйкес келетін шығарма жазсақ та, өз контекстімізден қашып құтыла алмаймыз. Осыны ескеріп, соны жанрлар мен жаңа авторлардың мүмкіндіктерін пайдаланып, олардың өз ерекшеліктеріне сай оқырмандарды алға жетелейтін шығармаларды көптеп жарыққа шығарып, қолдау көрсету маңызды деп ойлаймын. Дәл осы жұмыс, менің ойымша, қазіргі заман үшін ауадай қажетті болмақ.
Лю Лянчэн: Әр дәуір туралы жазғым келеді. Жазушылар уақытпен өмір сүреді, ал біз қабылдайтын және түсінетін дәуір басқаша. Бес жыл бұрын «Өтпелі сөздер» атты романымды жарыққа шығардым. Оқиғаның астарында осыдан 1000 жыл бұрын Тарым шөліндегі Хотан патшалығы мен Шуле патшалығы арасындағы сенім шайқасы жатыр. Бүгінгі Шыңжаңдағы көпұлтты және көпконфессиялы мәдени ортадағы өмірім арқылы мен ежелгі дәуір сырларын түсінемін. Жазушы, әрине, өз заманының куәгері, бірақ міндетті түрде өз уақытын толық түсінуші емес. Біз бұл дәуірдің куәсі болып жатырмыз деп ойлаймыз, бірақ көп жағдайда біз оны анық көре алмаймыз немесе толықтай қабылдай алмаймыз. Біз қоғамға жақынсыз дейміз, ал оның ішінде не болып жатқанын білмей қалатын шақтарымыз да бар. Біздің елде заман ағымына ілесемін деп өзін адастырып алған жазушылар өте көп. Өйткені заманның дамуы қашанда жазушылардың шығармашылығынан әлдеқайда алда жүреді. Керісінше, қазіргі заманды түсіне алмасақ, ол бізге көне дәуірден де жат болуы мүмкін. Мәңгілік мұратқа ұмтылған жазушылар көне заман рухының алдында мәңгі жасайды.
Айгүл КемелбаевА: Жазушы өз көзімен көріп, көңіліне түйіп, көкірегіне құстай қонақтаған тірі идеясын айқын жазғанға не жетсін. Көркем әдебиетте жанры фэнтези болмаса темірқазық шындықтан ауытқымау өте маңызды. Себебі қиял шындықтан көркем емес. Табиғи таңғажайып көріністерді адамзат қиялы ешқашан мінсіз етіп қолдан жасай алмас еді.
2002-2003 жылдары Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» деп аталған ірі конкурс грантын жеңіп алған «Мұнара» атты романым жаңа дәуірдің кескінін ашады. Бірқатар әңгіме-повестерім осы дәуірдің тақырыптарын суреттейді. Өткенмен қатар қазіргі уақытты қоса иемденіп жазуға аса ниеттімін.
Это Тедиашви: Мен ХХ ғасырдың аяғында елімде болған жағдайды өте аянышты деп санайтын ұрпақтың өкілімін, сол үшін де бұл оқиғалар менің шығармашылығымда көрініс тапты. Біз бүгінгі күні де тоқырауды біржола жоюға тырысамыз. Соңғы романымда еліміздің болашаққа деген талпынысы суреттелді.
Жавлан Жойлов: Шығармаларымның «аяғы» бүгіннен үзілмеуін қалаймын! Ол үшін күресемін, жасаймын. Қазір жазып жатқан екінші романымда өзбектердің бүгінгі өмірін толық көрсетуге тырысамын. Бұл шығармам шетелде жұмыс іздеп жүрген өзбек жастары, олардың күнкөріске деген ұмтылыстары, туған елде қалған отбасылары мен армандары туралы болмақ. Менің романым бүгінгі сөз бен көріністі, рухты бейнелей алады деп сенемін. Ал кейіпкерлерім Қазақстанның Ақтөбе облысында болған бір автобуста 53 отандасымыз өртеніп кеткен жантүршігерлік оқиғаға байланысты.
Қысқа жазғымыз-ақ келеді, бірақ...
– Қоғам дамыған сайын әдебиетте қысқа жазу дәстүрі пайда болды. Мысалы, 80-100 беттік романдар тез оқылады. Бұл уақытты үнемдеп, шығарманың мазмұнын тез түсінудің жолы деп ойлаймын. Бұл туралы не ойлайсыздар?
Ибраһим Фарғали: Дұрыс айтып отырсыз, қазіргі заманның үні көп нәрсені санаға жүктейді, мүмкін роман жазуға да осы үні әсер еткен шығар. Бірақ көркем мәтіндер шығармашылыққа өзгеше әуен бере алады деген ойдамын. Ал шығарманың ұзақтығын немесе қысқалығын оқиғалар барысы мен кейіпкерлер белгілейді деп есептеймін. Қазіргі дәуірдің келбеті мен шындығы бұрынғыдай ұзақ романға бейім болмай қалғаны рас, бірақ ұзақ роман оқуға уақыт таппаған оқырман екі-үш күнде ұзын-сонар телесериалды көруге құлықты. Өкініштісі, қайта-қайта айтылып, жауыр болып кететін сөздер көп. Кез келген әдеби шығармада маңыздысы – шығарманың ұзақтығы немесе қысқалығы емес, техникалық элементтердің, драмалық құрылыстың, кейіпкерлердің болуы.
Андре Бабин: Қысқа жазу қазіргі әдебиет әлемінде жоғары бағаланатын тәсіл дегенге күмәнім бар, бірақ мен де бұл тәжірибені бастан өткізген жоқпын! Көлемді шығармаларды талапқа сай жазып шығудың өзі әжептәуір машақат екенін анық білемін. Менің ойымша, үлкенірек баспалар 200-300 беттік кітаптарды дұрыс өлшем ретінде қабылдайтын сияқты. Қысқа фантастикалық жинақтардың коммерциялық тұрғыда табысты болуы мүмкін екендігі туралы дәлелдер де шығып жатыр. Канадада әдеби агенттер не сатқысы келетіні және баспагерлер нені алғысы келетіні туралы мәселеде әлі де оң шешім жоқ. Әр қаламгер қалауынша жазады, оқырман да өз қалауынша оқиды. Бірақ сөздің шынына келсек, сіз айтқандай, қазіргі заманда қысқа шығармалардың тиімді болатынына сенуге болады. Әдетте көбіміз қысқа жазылған шығармаларды оқығанды ұнатамыз. Ал менің алдағы романым 120 бет болуы мүмкін!
Айгүл КемелбаевА: «Мұнара» деген романымның көлемі 160 бет. Санскрит прозасының қас үлгісі «Панчатантра», «Мың бір түн» сияқты өлмес классика рухани салмағы жағынан көне дәуірлік эпикалық әдебиеттен кем түскен жоқ. Екеуі де бөлшектеліп, тарам-тарамға бөлініп көркейіп кетеді. Әр фрагмент бір-бір ғалам! Орта ғасырда Рабле, Сервантес, кейінірек Мэтьюрин, беріректе Гоголь, Диккенс біртұтас құйылған романдарда фрагменттік прозаны, әңгіме ішіндегі әңгіме тәсілін осынау көне әдебиеттен үйренді. Бұл тәсілді ардақ тұтамын. Проза жанры дамыған сайын қысқа жазудың құдіреті арта түсті. XX ғасырда Хемингуэйге еліктеушілер саны жүздеп саналатыны соның белгісі.
Мен қысқа жазатын автормын. Әңгіме жанрында 10 беттен аспайтын 30-ға тарта шығармам бар. Ең қысқа әңгімемнің жазылуына Алматыдағы Гете институтының жобасы түрткі болды. Институт қызметкері Шолпан Қызайбаевадан 1,5 беттен аспайтын әңгіме жазу ұсынысы түскен. Қысқа жазудың қасиетін, бастапқы мәтінді редакциялап, артық сөздерді сылып тастаудың қасиетін сонда әбден ұқтым. Мәтінді қырнап-жонып, үш күнде айтулы шекке жеткіздім. «Тігінші» атты ең қысқа әңгімем 57 мемлекеттен авторлар енген. Берлинде жарық көрген халықаралық «Die Schneiderin» аталған жинаққа енді (2017). Қазақ тілінен аударған Таңсұлу Рахымбаева.
Лю Лянчэн: Қытайда романдар жақсы оқылады. Ал басқа жанрдағы шығармалардың оқырманға әсері мен сатылымы романдар сияқты жоғары деңгейде емес. Менің романдарымның көпшілігі 300 бетті құрайды, бұл салыстырмалы түрде әдеттегі романдар санатында. Кейбір оқырмандар шағын әңгімелерді оқуды әдетке айналдырса, басқалары ұзақ шығармаларды ұнатады және бір кітаптан бүкіл әлемді оқимын деп үміттенеді. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» кітабының қытай тіліндегі аудармасы 1400 беттен тұрады, ол ең көп сатылатын кітаптардың бірі. Былайша айтқанда, ұлы әңгіменің оқырманы ешқашан үзілмей, үздіксіз көбейіп келеді. Бір буын әлдебір шығарманы ұнатып оқыса, келесі буын да жатырқай қарай алмайды. Жақсы шығарма ешқашан ұзақтық етпейді.
Жавлан Жойлов: Сіздің айтып отырғаныңыз рас шығар, бірақ шығарманың көлемін шығарманың өзі шешеді деп ойлаймын. Мен уақытты қатты құрметтеймін, бірақ әдебиетті одан да жақсы көремін. Әрқашан өз шығармашылығыма ерік бердім және сол ұстанымда қаламын. Барлығын 80 бетте айта алсам мен үшін де үлкен жетістік. Оның бет санының көбеюі талантсыздықтан басқа ештеңе емес!
Это Тедиашви: Әр дәуірдің өзіне тән ерекшеліктері бар дегенмен келісемін. Уақыт зымырап, өмір ырғағы өз қарқынын талап етеді. Құдай сақтасын, адамның кітап оқуға уақыты болмай қалатын шақтары да қазір қалыпты жағдайға айналды. Мен де қысқа жазу әлдеқайда тиімді деген ұстанымды қазір қоғам үшін пайдалы деп есептеймін. Шығармашылығым да осымен ерекшеленеді.
Көркем шығарма қатыгездікке қарсы тұрады
– Балалар әдебиеті – бүгінгі дәуірдегі маңызды әдеби жанрлардың бірі. Бұл саланың болашағын қалай елестетесіздер? Өздеріңіз балаларға арналған шығарма жаздыңыз ба, енді жазғыңыз келе ме?
Андре Бабин: J.R.R. Толкин, Урсула Ле Гуин, Сюзанна Коллинз, тіпті Роалд Далдың балаларға арнап жазған шығармаларын құндылық деп есептеймін. Менің ойымша, үміт пен жанашырлықты үлгі ету қатыгездік пен мұқтаждықтың шынайы келбетін көрсете алады. Өз шығармашылығымның осы кезеңінде балаларға арналған ештеңе жазған жоқпын, бірақ бұл болашақта ескеретін жайт екені даусыз. Балалар әдебиетін көркем әдебиетке деген ұмтылыстың бір бөлігі деп ойлаймын. Ал қазір балаларға арналған қызықты шығармалар сөз жоқ баспагерлерді қызықтырады.
Жавлан Жойлов: Балалар әдебиетінің болашағы зор деп ойлаймын. Келешекте балалар қолына телефон емес, кітап ұстап жүретіндей сезінемін. Мен бұл жанрда әлі ештеңе жазғаным жоқ. Өзбек әдебиетіндегі балаларға арнап жазылған шығармаларға көңіліміз толмаса да, оған деген талпынысты көріп жүрміз. Балалар әдебиеті ересектер әдебиетіне негіз болмақ. Осы жанрда бірдеңе жазғым келеді. Жасөспірімдер үшін шығар, бірақ бұл ертеңгі күннің еншісі.
Это Тедиашви: Балалар әдебиеті дұрыс таңдалуы керек. Бүгінгі балалар алдыңғы ұрпаққа қарағанда әлдеқайда дамыған, олардың санасына сай шығармалар жазылуы тиіс, онда адамгершілікке, ізгілікке, сүйіспеншілікке көбірек мән берген жөн. Ал мен болашақта жасөспірімдерге арналған шығармалар жазсам деген ой үстінде жүрмін.
Лю Лянчэн: Жас кезімде ертегілер жаздым. Кейіннен ересектерге арналған шығармалар жазғанда да балалар әдебиетіне бүйрегім бұрылып жүргені рас. Менің ойымша, жақсы жазушының ішінде 5 жасар баланың мәңгілік бейнесі өмір сүреді. «Бумба» атты жаңа шығармамда мен Рама патшалығының королі Хари туралы жаздым. Оның бейнесінде бейкүнә баланың және талғампаз ересек адамның көзі суреттелген. Елінің қамын ойлап, министрлерге алдымен үлкендердің, сосын баланың көзімен қарайды. Жазушыларда да осындай екі көз бар деп ойлаймын. Жазушы өзінің ең жақсы шығармасын жазғанда, дүниеге сол балалық көзімен қарайды. Көптеген эсселерімді баспалар балалар кітабы ретінде басып шығарды және жақсы сатылды. Менің жазған әр шығармамда баланың пейілі сияқты аңғалдық басым болуы мүмкін.
Айгүл КемелбаевА: Тырнақалды туындым балалар әдебиетінен басталды. Биыл тура 40 жыл толады. 1983 жылы қара күзде «Жетінші құрылыққа саяхат» атты повесім «Жалын» баспасының республикалық жабық конкурсында балалар әдебиетіне арналған ІІ жүлдені иеленді. Авторлар бүркеншік атпен қатысатын байқау өте әділ өтетін. Сол кез үшін қомақты сыйақысы бар: І орын 1500 сом болатын, маған 1000 сом тиді. Байқаудың шарты бойынша жүлдегер туындылар үш жыл ішінде баспадан жарық көруі тиіс. Сөйтіп алғашқы кітабым «Жалын» баспасынан 10 000 данамен жарық көрді. 18 жасар автор үшін мұнан артық не болуы мүмкін?! Осы повесімді қазір қайта өңдеп жазып жүрмін, бұйырса, қызым Назерке иллюстрациялар салады. Ол кәсіби суретші. Балаларға арналған шығармалар жазуды әлі де жалғаймын. Өз қыздарымның психологиясын бала кезінен бақылап келгенім біраз дүниеге астар бола алады.
Мен жарты әлемді жаулаған бала қаһарман сомдаған Роулинг ханыммен түйдей жасты екенмін. Одан әлдеқайда ерте бастасам да танылу тұрғысынан теңесе алмауым ағылшын тілінің әлемдік тіл болуына байланысты деп білемін. Табысты болудың кілті үстем мәдениетке әрі кәсіби аудармаға байланысты екені өтірік емес. Балалар әдебиетіне жеткілікті мән бермеген жұтаң елдерде жасөспірімдер арасында қылмыс көбеюі заңды құбылыс. Жан-жануарларға, тірі табиғатқа жаны ашымай өскен, білімсіз, мейірімсіз ұрпақтан қайыр күту қиын.
Ибраһим Фарғали: Мен көбінесе ересектерге арналған фантастика мен қиял-ғажайып шығармалар жазамын, бірақ балаларға және жасөспірімдерге арналған бірнеше кітап шығардым. Осы саладағы басқа да тәжірибелерімнің бар екенін мақтанышпен айта аламын. Өйткені құндылықтар бұрынғыдан да жылдам өзгеретін біздің қазіргі әлемде көптеген қиындықтарға тап болдық. Менің ойымша, балаларға арналған шығармалар қай қоғам үшін өте маңызды. Көркем шығарма балалардың санасын жаулаған ұялы телефондар мен смарт құрылғылардың қатыгездігіне қарсы тұра алады. Мен алда да жас оқырмандар үшін көптеген қызықты шығармалар жазуға тырысамын, өйткені бұл әр ұлттың өкілдері үшін өте маңызды.
Әдебиет ақырзаманға дейін адамзатпен бірге
– Көркем шығарма арқылы қоғамды өзгертуге бола ма?
Ибраһим Фарғали: «Өнер немесе әдебиет қоғамды өзгерте ала ма?» деген сұрақ үнемі санамызда жаңғырады да тұрады. Мысырдағы өнер әлемі 1940, 1950 және 1960 жылдары кинода, теледидарда және радиода жасағаны сөзсіз. Ол әдебиет пен өнер сүйер қауымның, кино және өнер қайраткерлерінің ұрпақтарын тәрбиеледі. Әдебиет пен өнердегі кейіпкерлердің жалпы пішіні қоғамдағы тұлғаларға әсер етті. Ал қазір Мысырда өнердің күйреуі мен құндылықтарға қайшы келетін іс-әрекеттерді қолдайтын биліктің арқасында мәселе қоғамдық реңк алып барады. Осының астарында көптеген қауіпті құбылыстар жарыққа шықты. Өнер шындықты сыни көзқарассыз жеткізгенде, қауіпті күйге ауысады, тіпті ол жағымсыз өзгерістерге әкелуі мүмкін.
Айгүл КемелбаевА: «Сен қап-қатты тас болсаң, көкірегі ояу кісіні тап, сонда гауһарға айналасың». Сегіз ғасыр бұрын Мәулана Руми айтқан даналық сөз осы сауалға жауап беруге татиды. Кітап болмаса адамзат тас үңгірден шықпай тұншығып қалар еді. Абай айтпақшы, өзі үшін оттаған хайуан сияқты мағынасыз күнелтер еді. Қандай қоғам болсын бәрібір рухани даралықты қастер тұтады. Жұлдызы жарқыраған даралық адам рухани жетіліп өзін өзі шынайы өзгертуге құлшынғанда туады. Әріп танымаған надан адамның санасы қараңғы көрмен тең. Жабайы халықтарда кездесетін даналық нышандары табиғи стихиялық күштерді мойындаудан, ай мен күнді, отты, суды, желді құдай санаудан туған. Ал білім нұрының құдіретіне ештеңе жетпейді. Адамның Құдайды іздеуі, сол арқылы бақытқа ұмтылуы білім нәрінен, көркем шығарманың эстетикалық қуатына елтуден, сұлулықты құлай сүюден туындайды деп дүние танимын.
Жавлан Жойлов: Өнер өмірді өзгертетініне сенемін. Сол себепті жазып жүрген шығармын. Өнерге деген құрметім бөлек, Ол – тазалық, ол – тазартушы. Өнердің құдіреті ежелгі сөздер арқылы бүкіл әлемнің суретін сала алатындығында. Гүлдер мен ағаштар өмірімізді тазартып, оның тазалығы мен мөлдірлігіне қаншалықты қызмет етсе, әдебиет те дүниенің рухының тұтастығына солай қызмет етеді. Әдебиет – ақырзаманға дейін адамзатпен бірге жүретін ұлы күш. Адамзат сақталса, сөз сақталады. Мен осыған сенемін!
Лю Лянчэн: Жазушылық – бір нәрсені ойластыратын мамандықтың бір түрі, ойың аяқталса, ісің де бітеді. Әдебиет – біздің тәжірибеден гөрі әлемдегі өмір туралы ойларымыз. Әдебиет қоғамға ештеңе істей алмайды. Бірақ әдебиет мейірім, үйлесім, таза жүрек қалыптастырады. Әдеби ортадан түскен нұр да бір сәтте шындықтың қараңғылығын нұрландырады деп ойлаймын.
Андре Бабин: Иә! Сондықтан да өнер өте қауіпті. Бұл өзгерістер Гетенің «Жас Вертердің азабы» кітабын жариялаған кездегі суицид толқыны сияқты жақсы немесе нашар құбылысты өз ішіне алуы мүмкін. Біз көбінесе өнердің қоғамға тигізетін әсерін, оның орны басқан құрылғылардың күшін жете бағаламаймыз. Қазіргі танымал өнер телехикаялар мен суперқаһармандар туралы фильмдер екені рас. Көрерменді ой-сана жағынан тыныштандырып жатқандар да осындай дүниелер. Бұл адамдарды шеңбер аясында ұстауға бейім. Шынайы өнер әділетсіздікті ашып, қоғамды өз мақсаттарын жүзеге асыруға жақындата алады.
Это Тедиашви: Әр адамның бойындағы генетикалық нәрсені өзгерту қиын, бірақ өнермен бөлісетін, жақсы музыка тыңдайтын, кітап оқитын, көрмелерге баратындар қоғам үшін қауіпті емес және ондай адамдар айналасын жағымды әсер қалыптастырады.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»