Қазір Қарағандыда құрылыс компанияларының нарқы жоғары. Шаһардың әр тұсынан бір жаңа үй құрылысы бой көтеріп келеді. Осылайша, баспаналы болғысы келетіндерді қызықтырып, көзді арбайды.
Дегенмен құзырлы басқарма бұқараға «бұл батпан құйрық, босқа жатқан құйрық» емес екенін ескертті. Қарыштаған көпқабатты құрылыстың бірқатары заңсыз деп танылған. Бірақ тұрғын үйдің кейбірінің іргесі толық тұрғызылып, әне-міне есігін айқара ашқалы тұр. Ендеше, ондай жөнсіз көтерілген үйлердің қабаттары салынып болғанша, «пәтуа» айтар басқарма не қарады екен? Бұл жағы – беймәлім. Тарқаталық...
10 үйдің құрылысы тоқтатылды
Жалпы, тұрғын үйдің ішінде коммерциялық та, бюджеттік те, жеке тұрғын үй де бар. Әйтеуір, бәрінің түп атасы – баспана. Шамасы жеткені шекесінен шертіп алады. Жетпегені бюджеттік баспана қол созады. Икемі бары үй салады. Қалай десек те, аймақта тұрғын үй құрылысының 62 тамыры соғып тұрғанын атау ләзім.
Сонымен Қарағанды қаласындағы баспана нарығында «бәсекеге» түскендер кім? Үлескер компаниялар қатары – қалың. Бүгінде дайын жаңа үйден гөрі іргетасы қаланбай тұрып үйге қаржы құйып қойғанның тимділігін халық та біледі. Құрылыс компанияларын содан да жағалағандар көп.
Қарағандыда осы күні баспана нарығында жүрген 15 шақты компания бар. Қолдарында анық құрылыс жобасын ұстаған. Тұрғындар қаржысын құюда. Мұның қаншалықты сенімді-сенімсіздігі – сатып алушының тікелей өз жауаптылығында ғана. Өйткені ондай құрылыс компаниялары «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігін алуға тиіс. Олай болмаған жағдайда мемлекет ол үйлерге жауапты емес. Қарағандыда ондай кепілі бар ірі бірде-бір компания жоқ.
Жақында Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 10 тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатқанын хабарлады. Осылайша, басқарма қарағандылықтарды мұндай үй кешендерінен пәтер сатып алуда сақ болуды ескертеді.
Басқарманың айтуынша, облыс орталығында 7 жаңа ғимаратта жұмыстар сот шешімімен тоқтатылды. Тағы үшеуінің материалдары қарастырылып жатыр екен. Басқарма мәліметіне сенсек, олардың барлығы жобаның сараптамасынсыз салынған.
– Жалпы, біз салынып жатқан 60-қа жуық тұрғын үй нысандарын бақылауда ұстап отырмыз. Мониторинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған 10 тұрғын үй кешені анықталды. Заң бойынша әрбір құрылыс салушы бізге құрылыстың басталғаны туралы хабарлауы керек. Бұл онлайн, электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бар мәселе – негізінен сараптама қорытындысының болмауында. Яғни олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізуде. Үлескерлер үшін қауіп-қатерлер туындайды. Бірақ мораторийге байланысты біз шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізе алмаймыз, дейді басқарма басшысы Сержан Аймақов.
Ол заңсыз салынған жаңа ғимараттардың ішінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері бар екенін атап өтті. Болашақта олар қабылдау актілерін ала алмайды. Сонымен қатар үйлерді бұзу туралы сот ісін бастауға болады. Құрылыс компаниялары ҚР ӘҚБтК-нің 314, 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған көрінеді.
– Бұған қоса заңда ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша үлескерлерді заңсыз тартқаны үшін жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы біз материалдарды сотқа беру үшін құқық бұзушыларды анықтаймыз. Мәселен, 2022 жылы «OPTIMAL BUILD COMPANY» ЖШС «Третий оптимальный» ТК, «ProfInvest» ЖШС «Zaman 2» ТК бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда «Манхэттен» ТК бойынша «КапиталСтрой-XXI» ЖШС, «Аспан» ТК бойынша «SAPA CITY» ЖШС-не қатысты хаттамалар жасалды, – деді С.Аймақов.
«Біткен іске сыншы көптің» кері емес пе?
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, құрылысшылардың «қара тізіміне» енген әрбір компания үнемі жарияланып отырады. Дегенмен аты аталған кей құрылыс компаниялары құжаттарының заңға сай екенін мәлімдейді. Мәселен, басқарма құрылысы заңсыз деп жариялаған «Хан» тұрғын үй кешеніне қатысты «Satti Lux Stroy» құрылыс компаниясының сату бөлімінің менеджерлері барлық құрылысқа рұқсат берілген құжаттарын көрсетіп жатыр. «Сіздерге барлық құрылыс құжатын көрсетуге әзірміз. Рұқсат құжаттар толық», дейді компания өкілдері.
Басқарманың Қарағанды қаласы басындағы тұрғын үй кешендерін заңсыз деп жариялауы бұл – алғаш емес. Жыл сайын осындай тізімдер шығып тұрады. Мысалы, 2021 жылы 7 компанияның құрылысқа рұқсаты жоқ деп жарияланған. Әйтсе де оның біразы құрылысын бітіріп, тұрғындар сол үйлерде тұрып та жатыр. Мұны үлескерлер де растайды. Сонда бұл не ғажап?
Жалпы, тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқын алғанда, тіпті, аяқталуға жақын қалғанда компаниялардың заңсыз үй салып жатқаны басқарманың есіне «күрт» түсетіні біртүрлі күлкілі. Көп қабатты тұрғын үй құрылысы көзге көрінбейтін үйшік емес. Осыған дейін ол құрылыс басталмай тұрып, неге тоқтамады? Үлескерлердің де көкейінде – осы сұрақ.
Аты-жөнін атамауды өтінген бір үлескерді сөзге тартып көрдік. Ол «СМК Group» ЖШС құрылыс компаниясының «Central Park» тұрғын үй кешеніне үлес құйған екен.
– Бұл он қабатты үйдің 7-8 қабатына дейін қабырғасы қаланды. Халық үлескер ретінде ақша салды. Енді келіп, оны заңсыз деп таниды? Қаланың қақ ортасында осынша қабатты үй салынып жатқаны жергілікті биліктің есіне енді түсті ме? Құрылыс басталмас бұрын ондай заңсыздықтарды неге анықтамайды? дейді үлескер.
Қарағандыда кепілдігім алынбады деп қарап қалған құрылыс компаниясы жоқ. Бұлар кепілсіз екен деп үлес құймайтын тұрғын тағы жоқ. Себебі баспана бағасы жыл өткен сайын өсіп барады.
«Қарағанды ипотекалық орталығы» ЖШС мамандары қазір қаладағы баспананың орташа шаршы метрі 300 мың теңгеден екенін айтады. Мұның бірінші себебі – нарықтағы сұраныстың артуы. Салынып жатқан пәтерлер сұранысты толық қанағаттандырмайды. Екіншіден, қоғамда үрей бар. Бұл – теңге құнсызданып кетіп, девальвация болуы мүмкін деген қорқыныш.
– Сол себепті, қолдағы қаражатын баспанаға салып, инвестиция ретінде ұстағысы келеді, дейді «Қарағанды ипотекалық орталығы» ЖШС директоры Айнұр Сүлейменова.
Ал екінші нарықтағы, жалпақ тілмен айтқанда, ескі үйлердің де шаршы метрі айтарлықтай арзан емес. Мәселен, қаланың ортасында 60-70 жылдары салынған үйлердің шаршысы – шамамен 300 мың теңге.
Шыны керек, қазіргі кезде жаңа үйлердің, іргетасы кеуіп үлгермеген баспаналардың базары қызып тұр. Оның кепілі бар-жоғына қарап жатқан пенде кем.
Құрылысы басталған коммерциялық пәтердің шаршы метрі – Қарағандыда тап қазір 280 мың теңгеден жоғары. Мұның арасында ІІІ санатты эконом, ІІ санатты бизнес, І санатты люксі бар. Атауына қарай бағасы да әртүрлі. Дегенмен іргетасы енді құйыла бастағанда 280 мың теңгеден арзанын табу мүмкін емес. Олардың тұрғындарға тапсырылуында да сан алуан жолы бар. Біреулері тиесілі келісілген шаршы метрді береді, есік-терезесін, суын, жылуын қамтып. Одан әрі қарай өзіңіз ішкі қабырғаларын қалап, бөліп аласыз. Жарығын жеткізесіз. Қабырғасын ақтайсыз дегендей. Мұны «Еркін жобалау, сылақсыз (свободная планировка, черновой)» дейді. Одан кейінгісі – ішкі бөлмелердің қабырғасы бөлінген, электр желісі пәтердің ішінде толықтай бар, қабырғасы бір рет астарланған, алдын-ала әрленген пәтерлер. Үшіншісі – таза кәдімгі толыққанды үй. Оны жұрт та, компаниялар да «Таза әрленген» (чистовой) дейді. Бұл – коммерциялық үйлерден гөрі кепілдігі бар бюджеттік үйлерге тән. Коммерциялық үй салатын компаниялар ішкі жұмысына босқа қаржы да, тер де төккісі келмейді. Себебі бұл үй құнына ықпал етеді.
Сарапшылардың айтуынша, Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Десек те сұранысты толық жабуға жетпеген екен. Ал оның барлығында дерлік «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілі жоқ.
Қарағанды