Ұстаз – жан баласының жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін ардақты тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі де ұстаз. Біз бүгінгі мақаламызда ұлағатты ұстаз, белгілі өнертанушы ғалым, мәдениет саласының саңлағы, қазақ биінің білгірі – Тойған Ізімнің шығармашылығы мен педагогикалық қызметі туралы айтсақ дейміз.
Тойған Оспанқызы арайлы Ақтөбе өңірінде өмірге келіп, бала жасынан нәзіктікті, сұлулықты қалап, өнер жолын таңдады. Мектепте оқып жүргенде түрлі үйірмеге қатысып, домбыра үйренді. Мектеп оркестрінің құрамында өнер көрсетті. Ән де шырқады. Тіпті спорттың да бірнеше түрімен шұғылданды. Бірақ ол би өнерін ерекше жақсы көрді.
Кейіпкеріміз Ақтөбедегі мектеп-интернатта оқып жүрген кезден бастап, өнерге деген құлшынысы арта түсті. Облыстық филармониядағы «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің бишісі болып, елге танылды. Дегенмен, ол биші болу үшін кәсіби білім керектігін түсініп, мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясына оқуға түсті. Содан бастап, талантты бишінің өнердегі өрелі жолы басталды. Қазақ биінің падишасы Шара Жиенқұлованың көзін көрген өнерлі жас КСРО құрамындағы одақтас республикалардан ілуде біреудің ғана жолы түсіп, қатыса алатын халықаралық іс-шараның бірі – Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік 12-інші фестивалінің дипломанты атанды. Бұдан басқа, 80-інші жылдары шетелдердегі байқауларға алыстағы республикалардан екінің бірі қатыса алмайтындығын ескерсек, қарапайым қазақ қызының Бельгияда өткен халықаралық би фестиваліне қатысуы да айтулы оқиға болды. Сондай-ақ ол кісі елімізде өткен алғашқы би байқауының жүлдегерлерінің бірі атанды.
Тойған апай өнерде ғана емес, өмірде де жаңалықтың жаршысындай, алдыңғы лекте жүрді. Соның бір айғағы, жаңадан құрылған Торғай облысына арнайы шақыртумен барды. Жас маман қазақтың біртуар ұлы, қазақ мәдениетінің қара нары Өзбекәлі Жәнібеков негізін қалаған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, бірқатар тұлғамен етене араласа жүріп еңбек етті. Аталған ансамбль құрамында гастрольдік сапарлармен біраз елді аралап, қазақ мәдениетін асқақтатты.
Т.Ізім қазақтың атақты күйші-композиторларының күйлеріне қойылған терең мағыналы билердің алғашқы орындаушыларының қатарында болды. «Жезтырнақ», «Шалқыма», «Қылышпан», «Киіз басу», «Құсбегі дауылпазы», «Балбырауын», «Алқақотан» сияқты билерді нақышына келтіре орындауда тек би техникасына ғана емес, оның философиялық мағынасына да терең мән беріп, би атрибуттарын шебер меңгерді.
Сондай-ақ қазақ халық биінің тарихында «жұптасқан билердің» де алғашқы орындаушылары ретінде өмірлік қосағы Үсен аға екеуінің би өнері тарихында есімдері алтын әріптермен жазылып қалды десек, артық айтқандық емес. Қазақ биінің қос қыраны Азияның алып елдерінің сахналарында ұлттық өнеріміздің ғажайыптығын паш етті.
Ол сахнадағы би құдіреті арқылы тұтас бір ұрпақты тәрбиеледі, ұлттық руханиятты насихаттады. Содан бері ширек ғасырдан астам сахнаның жұлдызы болса, ширек ғасыр бойы өнер жолын таңдаған талай жастың жұлдызын жағып келеді. Бүгінде Тойған Оспанқызы Қазақ ұлттық хореография академиясында ұстаздық қызметін жалғастыруда. Оның мол шығармашылық, педагогикалық тәжірибесі академияның оқытушылары үшін баға жетпес қазына. Ұлағатты ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері еліміздің барлық өңірлерінде мәдениет пен білім саласында еңбек етіп, өздері де шәкірт тәрбиелеуде.
Тойған Оспанқызы қазақ өнерін дамыту ісіне орасан зор үлес қосқан ғалым қайраткер. Ол би әлемін зерттеуге жас маман ретінде киелі Торғай еліне барып, «Шертерде» қызмет істей бастаған уақыттан бастап ден қойды. Қазақ биінің қимылдарын ел аралап жүріп жинап, дәптеріне түртіп, санасына сіңіріп, жүрегінің түкпіріне жинай берді. Содан бері 60-қа жуық еңбек жазып, қазақ өнертану ғылымының көшін сүйреп келеді. Қазақ халқының дәстүрлі би өнерінің болмысына қатысты бірнеше монографияның авторы. Ол би өнерінің қалыптасу тарихын жан-жақты зерттеп, алғашқы сахналық қазақ биін орындаушыларының адами қасиеттері мен кәсіби шеберліктері, орындау техникасын сипаттайтын еңбектердің жазылуына, қаншама әдістемелік оқу құралдарының жарыққа шығуына мұрындық болып, қаншама ұлттық би қойылымдарына сараптамалық талдаулар жасады.
Тойған Оспанқызының «Уақыт және би өнері», «Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі» атты ғылыми монографиялары, «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі», «Қазақ және шетел хореография өнерінің тарихи даму кезеңдері» сияқты оқулықтары ұлттық биге ден қойған әрбір студенттің, оқытушының, жалпы биге деген қызығушылығы бар адамдардың қолдан түспейтін кітабы болуға тиіс.
Тойған Оспанқызы би өнерін зерттеумен қатар бірнеше ғылым саласын қатар алып жүрген әмбебап ғалым-педагог. Олай дейтініміз, педагогтің әр сабағында бір мезетте әлем тарихына үңіліп, мәдениеттану, философия, психология және педагогика пәндерін бір сүзіп, әдебиет теңізіне бір-бір сүңгіп шығамыз. Әсіресе, қазақ философиясы мен этнографиясын, ұлттық фольклорды терең меңгерген ғалым шәкірттері де ұлттық руханиятты жан дүниесімен ұғынса екен деп жанталасады. Дәріс оқығанда дәріскердің сөйлеу мәнері мен материалды шәкірттің жүрегіне жеткізе алу қабілетіне қарап, жалпы психология мен этиканың қағидаттарын қатаң сақтайтындығына еріксіз тәнті боламыз. Бишінің, би қоюшының, әсіресе хореография теориясын оқытушы педагогтің қызметін көп адамдар түсіне бермейді. Оның артында қаншама маңдай тер, ізденіс, зерттеу жатқандығын Тойған Оспанқызының дәрісін тыңдап, одан сабақ алып, оның еңбек жолын зерттеген жандар ғана түсініп, жан-тәнімен ұғына алады.
Өмірін өнермен өрнектеген ұстазымыздың ұлағатты жолы біз үшін өнеге. Оның қазақ би өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Аққанат СМАҒҰЛОВА,
Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті