Бүгін, 7 сәуірде Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ауызашар берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер мен мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар мен еңбек адамдары шақырылды.
«Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт. Жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенеледі. Біз былтыр Ақордада алғаш рет арнайы дастарқан жайып, ауызашар бердік. Бұл бастама өз жалғасын табуда. Бүгін менің атымнан әрбір облыста жұртшылыққа ауызашар беріліп жатыр», деді Президент ауызашар барысында.
Мемлекет басшысы сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға және олардың қоғамдағы маңызына тоқтала кетті.
«Қазақстан – өз геосаяси аймағында ауқымды реформалар жасап жатқан бірден-бір ел. Жаңартылған Конституция және елімізде болып жатқан өзгерістер – осының айқын дәлелі. Біз осы реформаларды, жалпы айтқанда, осы саясатты міндетті түрде жалғастырамыз. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – егемендігімізді нығайту және ұлттық мүддемізді қамтамасыз ету», деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жалғастыра береді, ал елдің сыртқы саясаты әрдайым дербес болады.
«Біз мұның бәріне мызғымас бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қандай қиын болса да, бұл жолдан таймауымыз керек. Алға қарай қадам бассақ қана, жолымыз ашық болады. Осылайша, Қазақстан, шын мәнінде, өркениетті, жасампаз және озық ел болмақ», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.