Екінші орта салмақта күш сынасып жүрген еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы Әли Ахмедов WBC рейтингінде үшінші орынға көтерілді.
Әйгілі Геннадий Головкинмен бір залда жаттығатын 27 жастағы жерлесіміз 2014 жылдан бері осы спорт түрін серік етіп жүр. Алғашқы бес-алты жыл аралығында 16 рет шаршы алаңға көтерілген ол барлық бәсекені өз пайдасына шешкен еді. Осы табысының арқасында Әли IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке қарай, 2020 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың Голливудінде өткен жарыста ол эквадорлық Карлос Гонгорадан ойсырай ұтылды. Бұл Ахмедовтің спорттық мансабындағы алғашқы сәтсіздігі еді. Содан кейін үш бәсекеде басымдық танытты. Соның нәтижесінде кәсіпқойлар арасында беделі қайта арта бастады. Егер Әли осы қарқынын бәсеңдетпесе, алдағы уақытта алтын белбеу үшін тағы да айқасуы мүмкін.
Аталған салмақтың чемпионы мексикалық Сауль Альварес екенін естеріңізге сала кетейік. Ал бірінші және екінші орындарды Францияның қос марқасқасы – Кристиан Мбилли мен Эрик Базинян иеленген.