2017 жылғы наурыздың 23-інде алғаш рет Жезқазған – Қызылорда пойызы жолға шықты. Сол жолғы естіген әңгіме есімнен кетпейді. Жол-жөнекей мінген жолаушылардың бірі вагон сыпырушы келіншекті таниды екен, әңгімелесіп отырды.
– Жезқазғанды аралап көрдің бе? Қандай қала екен өзі? – деді жолай мінген жолаушы. Шамасы, Жезқазғанда болып көрмеген кісі секілді. Әйтпесе, мұндай сұрақ қоймаса керек-ті.
– Апа-ау, несін сұрайсыз? Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі Қызылорда есіңізде ме, қазіргі Жезқазған тап сондай, деген жауапты естіген апамыз: – Алда обалдағы-ай, түк өспей қалған жер екен ғой, – деп күрсінгендей болған еді.
Кеңес кезінде де жарқырап кете қойғаны шамалы Жезқазған 1997 жылы облыс орталығы мәртебесінен айрылған соң құлдыраған үстіне құлдырай түскені рас.
Ұлытау облысы құрылып, орталығы Жезқазған қаласы болып бекітілгелі де жылдан асып барады.
Сәрсенбіде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қала активі қатысқан Жезқазған қаласын дамыту жөнінде арнайы жиын өткізді. Жиынды ашқан әкім қаланың қазіргі жай-күйі облыс орталығы мәртебесіне мүлдем сай келмейтінін ашық айтты.
– Үкіметте бекітілген облыс орталығы деген норматив бар. Біз сол нормативке лайық болуымыз керек. Былтырдан бері жобалар қарастырдық, жоспарлар жасадық. Енді іске кіресетін сәт туды, – деген Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласын дамыту жоспарымен таныстырды. Мұнда көптеген іс-шаралар көзделген екен. Айталық, қалаішілік жолдарды жөндеу, жақсартуға 3,1 млрд теңге қарастырылған. Ал 1 млрд 744 млн теңгеге балалардың ойын алаңдары салынады. Қаланы көгалдандыруға 300 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңартып, төбелерін жөндеу жұмыстары үшін 1,1 млрд теңге, 26 спорт алаңын жөндеуден өткізу мақсатында 660 млн теңге бөлінеді. 29 жаңа заманауи аялдама орнату да қажет. Бұлардың сыртында жаңадан тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар салу да қолға алынады. Жиында «Қазақмыс» корпорацияның ел Президентінің тапсырмасы бойынша Спорт кешенін салуды бастап кеткені де айтылды. Бұдан да басқа бірнеше ірі жобалар жоспарлануда. «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан біршама жұмыстар атқарылмақшы екен. Жиын қорытындысында облыс әкімі корпорация басшылығына алғысын білдірді.
Қалай болғанда да ойға алғанның орындалғаны жақсы. Жезқазғанды жаңарту жобасы жұртшылықтың көңілінен шығады деп сенеміз!
Абдолла ДАСТАНОВ,
журналист
Жезқазған қаласы