• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2023

Шідертіден асып, Шығанаққа жетеді

331 рет
көрсетілді

Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасынан жылдағыдай Шідерті өзеніне су жіберіле бастады. Мамандар биыл сай-саланы қуалаған мол су Ақтоғай ауданындағы Шығанақ көліне дейін жетіп, оны қосымша 15 млн текше метр сумен байытатынын болжап отыр. Соңғы жылдары тартылып бара жатқан көлдің табиғи балансы осылайша реттелмек.

Әр сәуір айында Қаныш Сәт­баев атындағы су арнасынан Ші­дерті өзенінің сағасымен су босату соңғы 15-20 жылда жақсы жолға қойылып отыр. Күн­к­өрісі төрт түлік малға қарап отырған ауылдағы жұрттың үмітпен кү­тетін оқиғасы бұл. Бұған дейінгі бір мақаламызда Ақкөл – Жайылма аумағы мен Ақ­тоғай ауданының қыр жақ бөлігі жазда құрғақ келетінін, су жі­берілмесе, өсімдік біткен жаз­дың басында-ақ қурап қа­латыны туралы жазған едік. Ма­мандардың сөзіне сүйенсек, су жіберу өзен бассейніне іргелес аумақтардың табиғи балансы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында жүргізіледі және Әулиекөл көлдер жүйесін толықтыруға, балық ресурстарын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді.

– Оңтайлы ауа райы мен то­пырақ ылғалының жай-күйін ескере отырып, 6 сәуірден су арнасынан Шідерті өзенінің сағасы арқылы су босатыла бастады. Биыл жалпы көлемі 120 млн текше метр су жіберіледі. Бұл өткен жылғы межемен тең әрі су жіберу шаралары әдеттегідей үш бірдей гидроқұрылғы ар­қылы жүзеге асатынын ескерт­кім келеді. Негізгі №112 гидро­­­құрылғы арқылы 85 млн текше метр су өтеді. Өзге бөлігі №108 және №109 су шығару жүйе­лерінен түседі. Бұл көлемдер жаратылыстану ғылымының негіз­демелерімен есептелген және Шідерті мен Өлеңті аумақтарын толығымен сулан­дыруға мүмкіндік бере­ді деп күтілуде. Биылғы жыл­дың ерекшелігі, Ақтоғай ауданын­дағы Шығанақ көліне алғашқы рет 15 млн текше метр су ағып ба­ратыны белгілі болуда. Осы­лайша, ол жердегі экожүйені жақсарта түсу көзделіп отыр. Су босату шараларының нәти­же­сінде Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының аумағында жалпы көлемі 21 мың гектардан астам шабындық алқаптарды су басатын болады. Осы екі аймақтың іргелес қонған елді мекендерінде 50 мыңнан астам мал бар. Тұрғындар қол­дағы түліктеріне жаз бен күз­де мал азығын жеткілікті жинап алады, – деп атап өтті Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Сай-салаға жөңкілген мол су Екібастұз өңірінің Екібастұз, Ақкөл ауылдық округтері ау­ма­­ғын­дағы және Ақтоғай ауда­нының Жалаулы, Жолболды ауыл­дық округтері аумағындағы ли­­мандарды суға толтыратынын айтады жергілікті жұрт. Шідерті өзеніне жіберілген суға мониторинг жасаумен шұғылданатын «Центр экологического проектирования и мониторинга» ЖШС-ның бас гидрогеологы Владимир Никельдің айтуынша, былтыр Шығанақ көліне небәрі 5 миллион текше метр су ғана жетіпті. Биыл аталмыш көлге айрықша назар аударылып отырғаны қуан­­тады. Әрине, ол үшін құ­зыр­лы мекемелер бақылауды күшейт­кені абзал. Себебі қазіргі заманда әркім өз мүддесін ойлап, көлтабанды шабындығы бар шаруа қожалықтары иелігіндегі лимандарын сумен толтырып алуға ұмтылатыны анық. Сон­дықтан арнадан келетін су­дың бар­лығына бірдей жетуі маңызды.

Ал «Қазсушар» РМК Павло­дар филиалы учаскесінің бас­тығы Бағадат Апаханов: «Осы жолы Бәсентиін көліне 8 миллион текше метр су жіберілуі тиіс. Ол үшін қашықтығы 12 ша­қырым арықтың арнасын тазалап, су қабылдауға дайындап қойдық. Бәсентиін көлінің айдыны толған соң, су өзге көлдерге құяды», дейді.

 

Павлодар облысы