Бүгінде әлем бойынша ішкі жалпы өнімнің 10%-ы туризмнен түсетіні белгілі. Бұл әлемнің дамыған елдері қызмет көрсету саласының кілтін таба білгенін аңғартады. Кейінгі жылдары елімізде де туризм саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын бірнеше маңызды бағытқа тоқталып, соның ішінде Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс екенін жеткізді.«Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», деді Президент. Осы орайда туризм саласын ілгерілету ісіне тікелей қатысы бар сала мамандарының басын қосып, ұсыныс-пікірлерін, түйдек-түйдек ойларын оқырманға ұсынып отырмыз.
Бізге оқиғалы туризмді дамыту керек. Яғни әлемдік шаралар ұйымдастыруға ұмтылу. Мысалы, БАӘ қазір осы тетікті пайдаланып, туристерді тартып жатыр. Black pink, Тревис Скот сияқты әлемге танымал жұлдыздардың концерттерін ұйымдастырып, UFC сияқты спорт додаларын елдерінде ұйымдастырып жатқанын білеміз. Осы шараларға алыс-жақын шетелден туристер ағылып жатқанын байқауға болады. Бауырлас Әзербайжан мемлекеті биыл Бакуде Формула-1 жарысын өткізбекші, оған біздің туроператорлар отандастарымызға арнайы Қазақстаннан тур ұйымдастырып жатыр. Міне, туризм осылай дамиды. Мысалы, былтыр Алматыдағы Димаштың концертіне 60-тан аса елден турист келді
Туристік қызмет мәдениеті ұсақ дүниелерді ретке келтіруден басталады
– Туризм тақырыбына тереңірек бойласақ, саланың бір емес, бірнеше тармағы бар екенін түсінеміз. Түсінген соң, туризмнің әр бағытына көз сүзбей, шұқыры болса да өзімізге таныс жолды таңдасақ, кейін тиімділігін көреміз бе деген ой туады. Дәл қазіргі уақытта еліміздегі туризм саласының даму қарқынын қалай бағамдайсыздар?
Динара БОЛАТ,
жиһанкез-блогер;
– Саяхатқа шығып, шетел аралап жүргеніме де 10 жылға жуықтап қалыпты. Осы уақыт аралағында азды-көпті 40-тан аса мемлекетте болдым. Әрине, Қазақстанның туризмін шетел туризмімен салыстыруға мүлде келмейді. Бізде бұл сала енді-енді дамып келе жатыр деп айтуға болады. Мен белгілі бір елге саяхатқа шыққанда, ең алдымен, сол елдің немесе қаланың ескі бөлігіне баруға тырысамын. Себебі бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың тұрмыс тіршілігін бақылап, бұрынғы заманда қалай өмір сүргенін білгім келеді. Кейіннен қаланың тарихи орындарын аралаймын. Ал егер табиғатта саяхаттау болса, онда теңіз, мұхит жағалауына баруға тырысамын.
Ал енді өзім саяхаттаған шет мемлекеттердің туризмін өзіміздің өлкелермен салыстыратын болсам, біздің елдегі негізгі байлық бұл табиғат екені сөзсіз. Өйткені елде көрші Өзбекстан, Ирандағыдай немесе одан өзге де елдердегідей тарихи ғимараттар өте аз және оның көрнекілігі, сақталуы өте нашар жағдайда. Сондықтан бізге тек табиғат аясындағы саяхатқа, экологиялық туризмге баса назар аудару керек сияқты. Әйтпесе, біз жаңағы айтқан мемлекеттер сияқты тарихи орындарымызбен туристерді елімізге тарта алмаймыз. Туризмді дамытудағы барлық фокусты табиғаты әсем жерлерге, яғни Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан сынды аймақтарға аудару керек. Әзірше еліміздегі тек осы аймақтар ғана көркем табиғатымен шетелдік туристерді тарта алады деп ойлаймын.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайдың табиғатын алып қарайықшы. Көрсе көз тоймайды, сұлулығын сөзбен жеткізе алмайсың. Өкінішке қарай, ол жақта инфрақұрылымның сапасы сын көтермейді. Саяхатшылар тоқтайтын қонақүйлер жоқтың қасы десек те болады. Өйткені қонақүй табу үшін өте ұзақ жолды еңсеруге тура келеді. Оған жол бойындағы дәретханаларды, тағы да басқа мәселелерді қосыңыз.
Ал Маңғыстау, Алматы облыстарында жол, қонақүй мәселесі шешілген. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар шағын кәсіп ашып, өздері турбағыттарды ұйымдастыруды әуелден қолға алған. Десе де бұл жақта да орта жолдағы немесе демалыс аймағындағы қарапайым дәретханалар жоқ. Ал саяхатшының ең бірінші қажеттілігін қанағаттандыра алмай тұрып, Қазақстандағы саяхат туралы айту қиынырақ. Сондықтан елде туризмді дамытамыз, шетелдіктерді көптеп шақырамыз десек, ең бірінші осындай ұсақ дүниелерді ретке келтіруден бастау керек деп ойлаймын.
Алмас МАРАТҰЛЫ,
«Limon.kz» туристік компаниясының жетекшісі:
– Жалпы, туризм саласы елімізде енді-енді дамып келе жатыр ғой. Сондықтан бұл саланың кемшіліктері жеткілікті. Алайда 4-5 жыл бұрын бізде туризм деген түсінік тек шетелге шығумен ғана байланысты болғанын айту керек. Қазіргі таңда туркомпания, туроператор деген түсінік Алматы, Астана, Ақтау, Шымкент, Өскеменде ғана бар. Ішкі туристік бағыттарға топтық турлар негізінен осы қалалар арқылы жүзеге асады.
Жасыратыны жоқ, бізде жергілікті атқару органдары туризм саласын маңызды салалардың бірі деп емес, соңғы сорттағы мәселе деп немқұрайлы қарайды. Негізінен туризм тек ұлттық парктер немесе өзен-көлдердің жағасындағы саяжайлар емес, туризм бұл – такси, автобус, пойыз, вокзал, әуежай, кафе, мейрамхана, қонақүй, кәсіби даяшылар мен аспаздар. Бұл жерде ұсақ нәрсе деген болмайды. Бәрі бір-біріне байланысты.
Мәселен, Алматыда мәдениеттің негізгі көрсеткіші ретінде саналатын қарапайым көшедегі дәретхана жоқ. Бар, бірақ жабық. Былтыр мемлекеттің пәленбай миллион ақшасына салынған көше бойындағы дәретханалардың есігі сол күйі ашылмады. Қазір тіпті шіріп, қаланың сәнін кетіріп тұр. Мұның өзі елдегі туризм саласының дамуына белгілі бір дәрежеде кедергі келтіреді.
Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай, Марқакөл, Бұқтырма, Ертіс жағалауы – қарасаң көзің тоймайтын әдемі жерлер. Алайда ол жерге жетудің өзі қиямет-қайым. Сәйкесінше, турдың бағасы да соған сай қымбат болады. Себебі туроператор жасақтайтын турдың 60% құны көлікке кетеді. Шығыстың керемет жерлеріне тек жол талғамайтын көліктермен ғана бара аламыз.
Қазақстанның туризмін Түркия, БАӘ, Мысыр, Тайланд секілді елдермен салыстыруға келмейді. Себебі бізде жазғы туристік маусым өте қысқа. Алакөлде шомылу маусымы бар-жоғы бір жарым, екі ай ғана. Сол екі айдың ішінде демалыс орнының иесі, туроператор, турагент, тасымалдау компаниясы барынша пайда тауып қалуға тырысады. Сондықтан да баға қымбаттайды. Мысалы, жазғы шомылу маусымында адамдар Алакөл, Каспий, Балқаш пен Бурабайға ағылады. Сұраныс артқаннан кейін демалыс орнының иесі бағаны көтереді. Себебі оның демалыс орны 9 ай бос тұрды. Сондай-ақ демалыс орнының басшылығы клиенттерге сапалы қызмет көрсетуге тырыспайды. Өйткені бәрібір адам келеді. Басқа баратын орын жоқ. Үлкен қылып база салу тағы тиімсіз, туристік маусым қысқа, салған қаражатты ақтау тым ұзаққа түседі. Тіпті төсек жапқыштарын ауыстырмайды, ыдыстарын да жаңаламайды. Одан қала берді жұмысшы ретінде мектеп оқушыларын арзан жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ал олар кәсіби маман болмағандықтан, туристермен жылы қарым-қатынас құра алмайды. Содан арада жанжал туындап, сөзге келіп қалуы мүмкін. Осыдан кейін отандық туризмнің сапасы туралы қалай әңгіме айтамыз?
Қорықтардың тартымдылығын арттыру экотуризмге серпін береді
– Экономистер туризмді дамыту үшін әуелі қызмет көрсету сапасына көңіл бөлу керек дейді. Туризмді төрге шығарған елдер осы талаптың үдесінен шығып отыр. Сіздіңше, сала мамандарын даярлауда шетелдік тәжірибені қаперге алуымыз қажет пе?
Ләйла МҮТӘЛИЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Туризм» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Елде туризм саласы бойынша мамандар даярлайтын 11-ден аса жоғары оқу орны бар. Мәселен, өзім еңбек етіп жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастар бакалавриат, магистратура және докторантурада білімін шыңдайды. Сонымен қатар оқу орнының өз алдына диссертациялық кеңесі бар. Кейінгі екі жылда мүмкіндігі мол ЕМВА бағдарламасы іске асып жатыр. Қазір бизнес өкілдерінен білімді, білікті мамандарға сұраныс бар деп айтуға болады. Себебі кадр даярлау үдерісінде жұмыс берушілердің сұранысы ескеріледі. Білікті мамандарға сұранысты арттыру үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеуде, оны іске асыруда жұмыс берушілер, туристік қауымдастықтар мен қонақжайлық индустриясының өкілдерін шақырамыз. Ресей Халықтар Достығы университетінің қонақүй бизнесі және туризм институтымен, Алтай мемлекеттік университетімен қос дипломдық бағдарламалар бар. Қазіргі жағдайда мамандарды даярлаудың негізгі мақсаты олардың тәжірибеге бағдарлануын қамтамасыз ету болып отыр. Осыған байланысты дәрістерге туристік ұйымдардың және уәкілетті басқару органдарының басшылары шақырылады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы да іске асады. Студенттер туристік орындардың және қонақүйлердің базасында түйген-білгенін шыңдайды. Айта кету керек, бүгінгі туризм саласының білгір маманы тек теорияны ғана емес, туристік қызметті ұйымдастырудың практикалық дағдыларын да білуі керек. Яғни оларға қандай да бір өлкенің тур ұйымдастыру әлеуетін анықтауды үйреніп, туристерді тартуды, олармен жұмыс істеуді, қызмет көрсету барысында жаңа технологияларды пайдалана білгені артық болмайды.
Еуразия университеті жыл сайын туризм саласына кадр даярлау ісінде әлемнің жетекші университеттерінен профессорларды шақырады. Мысалы, осыған дейін Кембридж университеті және Сюррей университетімен (Ұлыбритания) қатар Германия, Малайзия, Өзбекстан, Грузия, Болгария, Түркия сынды өзге де елдердің жоғары оқу орындарынан білгір мамандар келіп дәріс оқыды. Аталған елдердегі бірді-екілі оқу орындарымен ғылыми қызмет және жобаларды әзірлеу саласында ынтымақтастық жолға қойылған. Біздің бірқатар профессорларымыздың еңбектері әлемнің жетекші ғылыми басылымдарында жарияланып жүр. Шетелдік мамандар да еліміздегі туризмге қолайлы өңірлерді дамыту бойынша ұсыныстарын айтып тұрады. Алайда жергілікті билік туризмді дамыту мақсатында бағдарлама әзірлеуде отандық ғалымдардың идеяларын пайдалануға әлі мүдделі емес.
– Туризм – табыс көзі дейміз. Осы саланың экономикалық маңызы қандай? Туризмді дамытуда экономикалық тұрғыда қай бағытқа басымдық берген абзалырақ деп ойлайсыз?
Ержан ДОМАЛАТОВ,
С.Аманжолов университеті Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы:
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономиканы әртараптандыруға басымдық берілсе, осы тұста туризмді дамыту мәселесі тысқары қалған жоқ. Неге десек, елде ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету саласын дамыту қаншалықты қажет болса, туризм де солай, тілін таба білгенге тәп-тәуір табыс көзі. Сондықтан ел экономикасын өркендетуде туризм жетекші орын алады. Экономикалық тұрғыда қарастырсақ, туризм бір емес, бірнеше саламен байланысты болған соң, ішкі және сыртқы туризмнен пайда көп екенін аңғарамыз. Қарапайым ғана мысал, елге бір турист келді делік. Оған ең әуелі жайлы орын керек. Кейін қонақ демалыс орнын шарлауға қолайлы көлік пен тамақтанатын орын іздейді. Содан соң сауда орындарын аралап, қажет болса, аудармашының көмегі сынды тағысын тағы көптеген қызметке жүгінеді. Бұрын-соңды естісе де, көрмеген елдің табиғатынан бөлек, тарихи-мәдени мұраларын танып-білгісі келеді. Мұның барлығы – қызмет көзі.
Елдегі туризм индустриясының экономикалық тұрғыда тиімді бағыты экотуризмде дер едім. Ол үшін елді мекендердің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды гүлдендіру қажет. Мысалы, Африка континентіндегі елдерді алсақ, онда компаниялар қорықты тамашалауды, ұлттық саябақтарға экскурсия жасауды ұсынады. Қорық туризмі нақ қазір экотуризмнің қарқынды дамып келе жатқан түрлерінің біріне айналуда десек, қателеспейміз. Мысалы, Танзанияда орналасқан Африканың ең танымал және қонақтар ең көп баратын «Серенгети» ұлттық паркіне жылына шамамен 150-200 мың турист сапарласа, жылдық табысы 34 млн доллардың шамасында екен. Елімізде туризмнің осы түрі кенже қалып келеді әрі туристер арасында аса танымал емес. Сондай-ақ коронавирус пандемиясы мемлекеттік деңгейде қорғалатын табиғи аумақтар мен қорықтарға келушілер санына теріс әсер еткен. Мәселен, 2020 жылы елдің ерекше қорғалатын аумақтары мен қорықтарына келген қонақтар саны 985 897 адамды құрады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 552 111 адамға тең болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,36%-ға артық. Бізде қорғалатын аймақтар мен қорықтарға келген қонақтар саны 1,5 млн болса, бұл – өте төмен көрсеткіш. Себебі тек АҚШ-та бір ұлттық паркке жылына 9-10 млн-нан астам турист барады. Егер біз өнімді сатқандағы (қызмет көрсетуде) және табиғи қорықтарды, жабайы табиғатты қорғаудағы шығындарға назар аударсақ, орта есеппен шығын кірістен екі есе көп екенін байқаймыз. Бұл біздегі туризм индустриясында экономикалық қайтарымның төмендігін көрсетеді. Осы есепті жоғарыда айтқан «Серенгети» ұлттық паркінің табысымен салыстырсақ, аталған парк жылына бір ғана қызмет көрсетуден шамамен 34 млн доллардай кіріс кіргізетінін айттық. Ал елдегі экологиялық туризмнің әлеуетін осыған қарап бағамдай берсек болады.
Оқиғалы туризмді дамытудың маңызы зор
– Елдегі туризмді дамыту ең алдымен, мемлекеттің сол салаға көңіл бөлуіне, екінші, жергілікті туроператорлардың жұмысына байланысты сияқты. Яғни мемлекет туристік орындарды айқындап берсе, туркомпаниялар сол демалыс орындарын туристермен толтырып, ел қазынасына табыс түсіруі керек. Осы орайда мемлекет тарапынан сіздерге қаншалықты жағдай жасалып отыр?
Алмас МАРАТҰЛЫ,
«Limon.kz» туристік компаниясының жетекшісі:
– Пандемия уақытында отандық туризмге деген сұраныс күрт артты. Сол уақытта біз, кәсіпкерлер өзіміздің мұндай сұранысқа дайын емес екенімізді түсіндік. Бұған қоса туристік аймақтарда орын тапшылығы, маман жетіспеушілігі, қызмет көрсетудің төмендігі сезілді. Сол уақыттан бері, міне, туризм саласында жүрген кәсіпкерлер біраз шыңдалды.
Енді елімізде туроператорларға жасалған жағдайдан бұрын, «Неге еліміздің туроператорлары шетелдік туристерді қабылдауға ниетті емес?» деген сұраққа жауап беріп көрейін.
Статистика бойынша, жыл сайын шетелге 400 мыңдай отандасымыз демалуға шығады екен. Біздің туроператорлар дәл осы 400 мың адамға өз өнімін ұсынуға, солар арқылы табыс табуға асығады, бір-біріне бақталас болады. Ал туркомпанияларға шетелден келетін туристер қызық емес. Яғни қаржылық тұрғыдан шетелдік саяхатшылар бізге тиімсіз. Оны мойындау керек. Сондықтан кейбір әріптестеріміз елімізге шетелдік туристерді тартудың орнына шетелге шыққысы келетін отандастарымызға турларды сатуға тырысады. Себебі шетелдік турларды сату оңай және одан түсетін табыс әлдеқайда көбірек.
Мұның тағы бір себебі, туристерге қызмет көрсететін көліктер қатты ескірген. Ал жол туралы айтпай-ақ қойсам да болатын шығар. Біздегі көліктер неге ескі? Өйткені бізде бүгінге дейін үтіл (утиль) алым, алғашқы тіркеу жарнасы тым қымбат болып келді. Әлі де солай. Сондықтан сырттан туристік көліктерді алып келу кәсіпкерлерге тиімсіз. Десе де былтырдан бері «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы туристік көліктерді жаңартуға субсидия бере бастады. Туристердің ең көп уақыты көлікте өткендіктен, бұл жеңілдік өте дұрыс жасалған. Көрші Өзбекстанның турист тасымалдайтын автобустары біздікінен әлдеқайда жаңа. Сондай-ақ кейінгі жылдары үкімет туркомпанияларға елге шетелден туристерді тартқаны үшін жан басына 15 мың теңге көлеміндегі субсидия беріп келеді. Одан бөлек Ұлттық компания жыл сайын туроператорларға арнап аймақтарға ақпараттық турлар ұйымдастырады. Бұл – ақпараттық турлар бізге серіктестік орнатып, жаңа туристік маршруттар ашуға мүмкіндік жасап жатыр. Жалпы, Үкіметтің бизнеске жасап жатқан жақсылықтары баршылық, алайда кәсіпкер ретінде айтарым, кәсіпкерлерге қолдау емес, кедергі жасамау маңызды.
Кәсіп болғандықтан проблема жоқ емес. Ең басты проблемалардың бірі – туристік маусым кезінде маман тапшылығы, әсіресе гид-экскурсовод тапшылығы сезіледі. Сосын жайлы автобустар мен жол талғамайтын көліктердің аздығы тур бағасының қымбат болуына әкеледі.
– Біз туризм саласының бүгіні мен келешегі жайында сөз бастасақ, демалуға таптырмайтын шұрайлы өлкелерді, заманында мәдениеттің бесігінде тербелген қалаларды айтып шектелеміз. Себебі туризм саласы әлі күнге дейін ақсап тұрғанын білеміз. Енді қолда бар дүниені қонақтарға ұсыну үшін қайтпек керек?
Динара БОЛАТ,
жиһанкез-блогер:
– Кейінгі жылдары туристерді тарту, туризмді дамыту үшін елімізде қонақүй бизнесі қарқын алып келе жатқан сияқты. Тіпті жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты қаптап кетті десек те болатын шығар. Бұл – әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ мұның екінші мәселесі де бар. Яғни қонақүйлер салынып жатқанымен, олардың бағасы тым қымбат. Ондай қаржы шығындауға қарапайым халық пен елге келген шетелдік саяхатшылардың қалтасы көтере бермеуі мүмкін. Бәлкім, қонақүйлер шетелдік инвесторлардың қаржысына салынып жатыр ма екен? Әйтеуір, біздегі қонақүй нарығы туристер үшін қолжетімді бағада қызмет ұсынса екен дейміз. Мысалы, әркім өзінің қалтасының қалыңдығына қарай қонақүйін таңдай алатын жағдайға жетсе, онда, әрине, елімізде туризм керемет дамитын еді деп айта аламыз. Қарапайым мысал, жаз кезінде Ақтауға немесе басқа да қалаларға барсаңыз, қонақүй таппай сандаласыз. 50-60 мың теңгеге жағдайы жақсы қонақүй таба алатын шығарсыз, бірақ бұл баға саяхаттауға келген адам үшін тым қымбат. Ал сәйкесінше 20-30 мың теңгеге де жатар орын табуға болады, алайда ол жердің жағдайы тым нашар және саяхатшыға ыңғайлы емес. Шетелдегі қонақүйлермен салыстырғанда, сен Қазақстанда тәуір жағдай үшін не өте көп сомада ақша төлейсің немесе арзан бағамен өте нашар жағдайдағы қонақүйге тоқтайсың. Сенде басқа таңдау жоқ. Ал шетелде ондай емес, яғни қалаған ақшаңа қалаған қонақүйге тоқтай аласың. Ол жақта туриске таңдау мүмкіндігі жолға қойылған. Сондықтан елімізде туризмді дамытамыз десек, алдымен нарықты, инфрақұрылымда дамыту керек.
Алмас МАРАТҰЛЫ,
«Limon.kz» туристік компаниясының жетекшісі:
– Туризмі дамыған мемлекеттер қатарына енуімізге туристік орындарымыздың өте шалғайда орналасуы және күн райы мүмкіндік бермейді. Сондықтан бізге өзімізге не қажет екенін, яғни туризмді қай бағытта дамытуымыз керек екенін анықтап алуымыз қажет. Ол жұмыс қателеспесем, қазір жүріп жатыр. Елімізде «Гранд маршруттар» деген тізім бар. Мұны былтыр «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы жасаған болатын. Меніңше, бұл – өте дұрыс шешім. Бізге негізгі туристік маршруттарға басымдық берілуі керек. Сол жерлердің инфрақұрылымын, маркетингін ретке келтіріп, ол жаққа шағын және орта бизнесті тартып, турист қабылдап алған соң ғана басқа аймақтарға көшу керек.
Менің ұсынысым – бізге оқиғалы туризмді дамыту керек. Яғни әлемдік шаралар ұйымдастыруға ұмтылу. Мысалы, БАӘ қазір осы тетікті пайдаланып, туристерді тартып жатыр. Black pink, Тревис Скот сияқты әлемге танымал жұлдыздардың концерттерін ұйымдастырып, UFC сияқты спорт додаларын елдерінде ұйымдастырып жатқанын білеміз. Осы шараларға алыс-жақын шетелден туристер ағылып жатқанын байқауға болады. Бауырлас Әзербайжан мемлекеті биыл Бакуде Формула-1 жарысын өткізбекші, оған біздің туроператорлар отандастарымызға арнайы Қазақстаннан тур ұйымдастырып жатыр. Міне, туризм осылай дамиды. Мысалы, былтыр Алматыдағы Димаштың концертіне 60-тан аса елден турист келді. Ресейдің 140 млн халқы әлемдік концерттерге, футбол матчтарына жете алмай отыр. Осыны бізге пайдалану керек. Әлемнің оннан аса елінде болдым, бізден әдемі таулар, бізден әдемі өзен-көлдер, ғимараттар жетерлік. Сондықтан бізге Жаратушының берген табиғаты емес, интеллектуалды ресурстар арқылы турист тартуымыз қажет.
Туристік қызмет туралы заң қайта қарауды талап етеді
Танзанияда орналасқан Африканың ең танымал және қонақтар ең көп баратын «Серенгети» ұлттық паркіне жылына шамамен 150-200 мың турист сапарласа, жылдық табысы 34 млн доллардың шамасында екен. Елде туризмнің осы түрі кенже қалып келеді әрі туристер арасында аса танымал емес. Сондай-ақ коронавирус пандемиясы мемлекеттік деңгейде қорғалатын табиғи аумақтар мен қорықтарға келушілер санына теріс әсер еткен. Мәселен, 2020 жылы елдің ерекше қорғалатын аумақтары мен қорықтарына келген қонақтар саны 985 897 адамды құрады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1 552 111 адамға тең болған
Ержан ДОМАЛАТОВ,
С.Аманжолов университеті Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы:
– Ұлан-ғайыр атыраптың қай қиырына барсаң да табиғи ресурстарға бай екенін аңғарасыз. Өңірлердің көрікті жерлерін айтпағанда, көнеден қалып, сыры сақталған тарихи-мәдени мұраларының өзі не тұрады? Бұл – еліміздің туризмді дамытуға әлеуеті жететініне қарапайым ғана мысал. Бізде туризмді дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар. Алайда сол қолға алынған жұмыстарға қарамастан, туризм индустриясының дамуы баяу жүріп жатқаны белгілі. Мұның сыры, туризм экономикасындағы бұрыннан келе жатқан құрылымдық олқылықтардан дер едім. Яғни инфрақұрылымның баяу дамуы, қонақтарға бағыт-бағдар көрсетудің төмендігі, қызметтің бағасы мен сапасының көңілден шықпауы, қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланбау, маркетингтің әлсіздігі сынды дүниелер туризмді дамытуға тұсау болып отыр. Сондықтан туризмді дамыту үшін бірінші кезекте жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасында байланыс берік болуы қажет.
Ел туризмінің даму деңгейі туралы айтар болсақ, туризм индустриясының кейінгі жылдардағы негізгі статистикалық деректерін мысал ретінде алуға болады. Оған әлемдегі геосаяси ахуал және эпидемиологиялық жағдай да әсер етті. Аңғарсақ, сол тұрлаусыз шақтардың да тиімді тұстары болды. Мысалы, коронавирус инфекциясы кезінде туристік фирмалар мен қонақтарға арналған орындардың саны артқан. Осыдан халықтың ішкі туризмге сұранысы артып келеді деген қорытындыға келсек болады. Елімізге шетелден келетін туристердің саны 2021 жылы шамамен 84,38%-ға азайған. Дәл осындай көрсеткішті шетелге шыққан отандастарымыздың үлесінен байқауға болады. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда шетелге шыққан резиденттер саны 67,3%-ға азайды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2021 жылы сыртқы экономикалық қызметтер көңіл көншітерлік деңгейде болмаған. Қызметтер экспорты 2019 жылмен салыстырғанда 66,93%-ға, ал импорт 66,86%-ға қысқарған.
Еліміздің туризм индустриясында курортты аймақтар да маңызды рөл атқаратынын айттық. Статистикалық деректер көрсеткендей, 2021 жылы елдегі курорттық аймақтарға келген қонақтар саны 2019 жылмен салыстырғанда 196,67%-ға артқан. 2021 жылы әзірленген рейтингке көз жүгіртсек, курорттық аймақтарға келушілер саны бойынша көшбасшылар үштігі анықталып отыр. Осы бойынша бірінші орында 1 394 мыңнан аса адам демалуға барған Алматы тау кластері тұр. Екінші, Алакөл көлінің курорттық аймағы, онда 2021 жылы 323 мыңға жуық адам демалған. Үздік үштікті 273 мыңға жуық қонақ қабылдаған Маңғыстау курорттық аймағы қорытындылап тұр. Мұнда да оң динамиканы атап өту қажет. Өйткені 2020 жылы елдің курортты аймақтарына барған туристер саны 5 есе артып, 124 480 адамды құрады. Осы статистикаға зер салсақ, 2020-2021 жылдары қонақтарға қызмет көрсету саласында Маңғыстау курорттық аймағы үлкен серпіліс жасаған. Бұл дегеніміз, Маңғыстаудың әлеуеті туризмді дамытуға қолайлы екенін аңғартса керек. Батыс өңіріне туристердің көптеу баруына Каспий теңізінің жағалауында сыйымдылығы 1 800-2 000 адамға дейін жететін 500 бөлмелі «Rixos Water World Aktau» курорттық типтегі ең ірі 5 жұлдызды қонақүйдің ашылғаны деп сеп болған. Бұл жоба Үкімет пен жеке инвесторлардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде үйлесімді іске асты. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері атап өткендей, қонақүйде 2020 жылы 70 мыңнан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш Маңғыстаудың курорттық аймақтарына 2019 жылы келген туристерден бірнеше есе көп. Осыдан түйетініміз, бізге жоқтан бар жасап қипақтағаннан, қонақтарға қолда бар дүниені ұсынған әлдеқайда тиімді әрі өтімдірек болады. Мысалы, елдің табиғаты экотуризмді, этнотуризмді дамытуға таптырмайды дер едім.
Ләйла МҮТӘЛИЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Туризм» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Оныңыз рас, біздің бағымызға қарай дейміз бе, еліміздің барлық өңірінде дерлік көздің жауын алатын көрікті жерлер бар. Таңғажайып демалыс орындарымен қоса, мәдени-тарихи нысандар жеткілікті. Атадан мирас болып қалған осынау баға жетпес мұрамыз тек бізді ғана емес, алыс-жақын шетелден келген қонақтарды да қызықтырмай қоймайды. Елде туризмнің бір емес, бірнеше бағытын қатар дамытуға таптырмайтын аймақтар бар. Ал әлемде туризм өңірдің табиғи ерекшелігіне, жекелеген туристік қызметтерге бағытталған. Біздің өзге елдерден артықшылығымыз осында, жақсы жоба болса, туризмді түрлі бағытта дамытуға болады. Алайда туризмнің дамуына кедергі келтіретін жайттарды да қаперден шығармаған жөн. Бізде туризмді дамытудың басты басымдықтары ұдайы алмасады. Тәуелсіздік жылдарында бірнеше мемлекеттік бағдарлама, сондай-ақ тұжырымдама әзірленді. Бірақ бұл бағдарламаларда өзара сабақтастық байқалмады. Әр жылдары туризм саласын дамытудың жаңа басымдықтары айқындалып отырды. Салдарынан жергілікті әкімдіктер қолға алған шаруаны жетесіне жеткізіп тындырмастан, жаңа бағытта, жаңа жобаларды іске асыруға кірісіп жатты. Бұл өз кезегінде мемлекеттен бөлінген қаржыны 100 пайыз тиімді игеруге тұсау болды. Біле білсеңіздер, бізде 2001 жылы қабылданған «Туристік қызмет туралы» заң бар. Қазір туристік қызметтер нарығындағы жағдай түбегейлі өзгерді. Бұл аталған заңды қайта қарауды және өзгерістер енгізуді талап етеді.
Әлемдегі өзгерістермен қатар оқиғалар да туристердің талғамына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Мысалы, туристердің барлығы бірыңғай курортты аймаққа баруды жөн көреді десек, қателесеміз. Бүгінде туристер танымдық дүниелерді қызықтап, бұрын-соңды көрмеген, адам ізі баспаған таңсық жерлерге барғысы келеді. Алайда туристерді еліміздегі ерекше тарихи-мәдени ортаға тарта алатын туристік орталықтар жоқ. Әрине, шетелдіктер әлемде жер көлемі бойынша 9-орында тұрған елге келіп, халқымыздың мәдениеті мен тарихын біліп, тұрмыс-тіршілігімен танысқысы келеді. Өкінішке қарай, әзірге халқымыздың көнеден жеткен ұлттық құндылықтарын «қағазға орап» ұсына алатын орталықтар болмай тұр. Бүгінге дейін еліміздегі ғылыми қызметкерлер Астана қаласының маңында этномәдени орталықтар құру жобасын бірнеше рет ұсынғанын атап өткім келеді. Алайда жергілікті билік бұл идеяны қолдамады.
– Салаға шағын және орта бизнесті тарту арқылы туризмді жандандыруға болады дейсіз ғой...
Ләйла МҮТӘЛИЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Туризм» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Иә, шетелдерде туризм шағын және орта бизнестің арқасында дамып жатыр. Кәсіпкер – туризм саласындағы жаңа идеяларды іске асыратын күш. Жұмыс істеп тұрған туристік кәсіпорындарды көшпелі туризмді ұйымдастыруға емес, ішкі туризмге қайта бағдарлау қажет. Ел бойынша туристік тур ұйымдастыратын субъектілерді қолдау тетіктерін әзірлеуге назар аударған жөн. Сонымен қатар туризм нарығының субъектілері арасында интеграциялық байланысты дамытуды белсенді қолдау қажет. Бүгін біз Астана қаласында түрлі деңгейдегі қонақүйлер мен туристік фирмалар жұмыс істеп тұрғанын білсек те, осы екі саланың іс-жүзінде бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатпағанын көріп отырмыз.
Орталық және жергілікті өзін-өзі басқару органдары әзірлеген және қолға алған туризмді дамыту шаралары көбінесе ғылыми тұрғыдан негізделмеген. Мысалы, жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі ұлттық экономиканы дамытудың басым бағыттары бойынша жобаларды гранттық қаржыландыруға өтінімдер қабылдайды. Бірақ оның ішінде туризм жеке бөлініп қарастырылмайды. Салдарынан ғалымдар туризм саласын дамыту жөніндегі идеяларды ілгерілете алмай отыр. Жергілікті және республикалық деңгейлерде туризмді дамыту жөніндегі кеңес құруға назар аударған жөн деп ойлаймын. Кеңес құрамына елдегі туризмді дамыту мәселесімен айналысатын сарапшыларды, ғалымдарды да тарту қажет. Мұндай кеңестер ұлттық туристік өнімдерді белсенді дамытып, насихаттап отырған бірқатар мемлекетте бар.
Ведомствоаралық кооперацияның болмауы да – күрделі мәселелердің қатарында. Туризм мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік қатынасы сынды басқа да бірнеше саланы байланыстыратыны белгілі. Бірақ осы мәселелерге жетекшілік ететін министрліктердің әрқайсысы туризммен тек жергілікті деңгейде айналысады. Бұл көбіне басқа ведомстволарда қабылданған шешімдерге қайшы келеді.
Дөңгелек үстелді жүргізгендер
Әли БИТӨРЕ,
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»