• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2023

Жас қыздарға өшпенділік қайдан келді?

775 рет
көрсетілді

Өткен аптада әлеуметтік желіде қыздардың тө­белескенін көріп, жағамызды ұста­дық. Бейнероликке қарап отырсақ, бейәдеп сөйлеген оқушы қыздар әуелі қаладағы гараждардың арасында кездесіп, бір қызды соққыға жыққан. Енді бірі өрбіген оқиғаны бейнетаспаға жазып алып жүрген. Кейін қаладағы сауда үйлерінің біріндегі әжетханада төбелес тағы қайталанады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, кү­дік­ке ілінген қыздардың бірі Орал­хан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінде оқыса, енді бірі қаладағы №5 мектептің оқушысы. Ал оқиға осыдан бір ай бұрын болған екен. «Атал­ған оқиға 1-2 наурыз күндері болған. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық ко­декстің 293-бабының 2-бөлігі бойынша Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімшесінде қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге байланысты өзге де мә­лі­меттер жария етуге жатпайды», деп Шығыс Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі ресми мәлімет берді.

Әлеуметтік желіде тараған бейресми жазбаларда шек жоқ. Кейбір пікір­лердің ақ-қарасын анықтау үшін Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзовамен жолық­қан­быз. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде жазылғандай, күдікке ілінген бір қыздың анасы білім бөлімінде қызмет еткені рас. Болған оқиғаға байланысты ол жұмыстан шығарылғаны және шындық. Ал әкесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қызмет етеді деген пікірдің жал­ған ақпарат екенін ресми органдар мәлімдеген.

– Тіркелген дерекке қатысты іс­пен құзырлы органдар айналысып жа­тыр. Біздің тараптан жүргізіліп жат­қан жұмыстарды айта кетсем, ол мек­тептегі оқушылар мектепішілік қа­таң бақылауда. Құқық қорғау орган­дары шешім шығарғанға дейін оқу­шылар әлі мектепте, білімдерін алып жатыр. Жалпы, қала бойынша про­филактикалық жұмыстар күшейтілді. Ата-аналармен де кездесулер өткіздік, – дейді С.Алагөзова.

Білім бөлімі басшысының айтуын­ша, жұртты дүрліктірген оқиғаға №44, №5 мектептің және колледж оқу­шы­­­ларының қатыстары бар. Оқу­шы қыздардың бірі бұған дейін де бұза­қылық жасап, тіркеуге алынған екен. Ал басқаларының үстінен осыған де­йін арыз-шағым түспеген.

– Бұзақылық жасаған оқушымыз­дың әкесі мемлекеттік мекемелердің бірінде күзетші, ал анасы бізде кадр бөлімінде қызмет істеген. Қазір ол осы жағдайға байланысты қызметінен босатылды, – деп Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Бауыр­жанқызы ашық ақпарат берді.

Қазіргі таңда кәмелет жас­қа тол­­­ма­ған оқушылармен психо­лог­ ма­мандар жұмыс жүргізіп жатыр. Қыл­мыс­тық істің соңы қалай аяқ­тала­­рын сот шешеді. Әзірше оқушылар білімдерін жалғастырып жатыр. Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп директо­ры Жаңыл Назарбаева­ның сөзінше, бұза­қылық жасап, күдікке ілінген қыз бала аталған мектепте ­1-сыныптан бас­тап оқиды екен.

– Ол қызымыз волейболға қатыса­ды. Оқу үлгерімі жақсы. Қалалық, облыстық сайыстардан жүлделі орындар алған. Бұл мінезін бірде-бір рет байқамаған едік. Оқиғаны ести сала, мектепішілік есепке қойдық. Онымен әлеуметтік педагог, психолог, тәрбие ісінің меңгерушілері жұмыс істеп жатыр. Ал оқиға сабақтан тыс уақытта болған. Қазір мұндай бұзақылық орын алмауы үшін профилактикалық жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Дәл қазір оқудан шығарып жібере алмаймыз. 9-сынып бітірген соң қоя береміз. Мүмкін оған дейін сот ше­шімі шығып, жағдай өзгере жатар. Ең бастысы, сот әділ шешім шығарсын, – дейді №44 мектептің директоры Ж.Назарбаева.

 

Шығыс Қазақстан облысы