Сейсенбіге қараған түні Шивелуч жанартауы 15 шақырымдай жерге күл атқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
РҒА ҚШБ вулканология және сейсмология институтының директоры Алексей Озеровтың айтуынша, Шивелучқа ең жақын орналасқан елді мекен - Ключи кентінде мұндай көлемде күлдің түсуі соңғы рет 1964 жылы тіркелген. Қазір оның қалыңдығы шамамен 8,5 см жеткен.
Күл Шивелучтан солтүстік-батысқа қарай 500 шақырымға созылып, ары қарай таралып жатыр. Қазір Ключи мен Козыревск ауылдарын күл басты. Милковский, Тигиль, Елизовский, Быстрин аудандарында және Петропавл-Камчатскіде де тура сол құбылыс қайталануы мүмкін.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жанартауды бейнебақылау қиын болып тұр.
Шивелуч - Камчаткадағы ең үлкен жанартаулардың бірі. Жанартаудың биіктігі - 3 283 метр. Ол үш негізгі құрылымды қамтиды: Ескі Шивелуч жанартауы, ежелгі кальдера және белсенді Жас Шивелуч жанартауы.