Грек-рим күресі шеберлері Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан Азия чемпионатын қорытындылады. Байрақты бәсеке барысында жерлестеріміз сегіз жүлде олжалағанымен, бұл көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмаймыз. Өйткені алтын медальдің аздығынан жалпыкомандалық есепте үшінші орында қалып қойдық. Біздің жігіттерге қарағанда Иран мен Қырғызстан құрамалары әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті.
«Egemen Qazaqstan»-ның өткен санында біз жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы жайында егжей-тегжейлі баяндағанбыз. Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Бозкілемге шыққан балуандарымыздың арасынан 72 кг салмақтағы Ибрагим Магомадовтың ғана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге күш-жігері жетті. Осыған дейін 32 жастағы сақа спортшы 2020 жылы Нью-Делиде ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс медаль иеленген еді. Басқа пәлендей табысы жоқ. Арада үш жыл өткен соң Ибрагим сол күмісін алтынға алмастырды. Астанадағы додада үш кездесу өткізген ол барлығында жеңіске жетті. Финалда Иранның мықты спортшысы Саджад Әли Именталабфуманиден басым түсті. Сөйтіп, Магомадов өзінің спорттық мансабындағы ең ірі табысына қол жеткізді.
82 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Диас Қаленов өзбекстандық Мұхамедқадыр Расулов пен жапониялық Юйа Маетаны жолынан ығыстырды. Осы кездесулерде ол өте сауатты тактика құра білді. Соның нәтижесінде жеңіс тойын тойлады. Бірақ ақтық сында қандасымыз Қырғызстанның өкілі Ақылбек Талантбековтен айласын асыра алмады. Негізі олар тең дәрежеде айқасқан еді. Алайда Диасқа қарағанда бір ұпай артық жиған Ақылбектің асығы алшысынан түсті.
67 кг салмақтағы Алмат Кебісбаевқа Астанада айрықша сенім артылған еді. Қазақстан құрамасының капитаны әр бәсекеде барын салды. Тайпейлік Хон Ю Чен мен үндістандық Ашу Ашуды жолынан ығыстырып, жартылай финалда Аброр Атабаевпен жолықты. 35 жастағы ардагер балуанымыз 21 жастағы өзбектің жас жолбарысын жеңе алмады. Одан кейін тәжікстандық Фируз Мирзораджабовты ұтқан Кебісбаев қола медальді мойнына ілді. Әрине, бұл көрсеткішке қазақ балуанының да, басқалардың да көңілі толмағаны анық. Бірақ Алматқа өкпе айтқан ешкім болмады. Осылайша, ардагер спортшымыз аталған жарыстағы алтыншы жүлдесіне қол жеткізді. Бұған дейін Кебісбаев сары құрлықтың басты додасында екі алтын және үш күміс медаль еншілеген еді.
97 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Олжас Сырлыбай да дәл сол межеден көрінді. Дүйсенбіде тек 60 кг салмақта сынға түскен Ернар Фидахметов қана жүлдесіз қалды. Нәтижесінде, 1 алтын, 2 күміс және 5 қоланы иеленген Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді.
Астанада өткен Азия чемпионатында Иран құрамасы алдына жан салмады. Олар 5 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Бұл нәтиже ешкімді таңдандырған жоқ. Себебі бүгінгі таңда Парсы елінің пехлевандарымен сары құрлықтағы ешбір команда теңесе алмайды. Алақандай ғана жері, жеті миллионға жетер-жетпес халқы бар Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері бұл жолы да керемет өнер көрсетті. Бұған дейін де сол елдің Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шаршенбеков сынды серке ұлдары өздерінің теңдессіз өнерлерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып жүрген еді. Енді олардың қатарына 82 кг салмақтағы Ақылбек Талантбеков қосылды. Бір кереметі, олардың барлығы да – 23 жастағы өрімдей жастар. Сол үш құрдас Астанада қарсы келгендерді қоғадай жапырып, алтын медальді Алатаудың арғы бетіне алып кетті. Одан бөлек, айыр қалпақты ағайындарымыз тағы 1 күміс пен 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға Өзбекстан (1 алтын+1 күміс+1 қола), Жапония (0+1+4), Үндістан (0+1+3), Қытай (0+1+2) және Оңтүстік Корея (0+1+0) құрамалары жайғасты.
Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
55 кг: 1. Поя Сулат Дад Марз (Иран), 2. Рупин Рупин (Үндістан), 3. Ихтиер Ботиров (Өзбекстан) мен Аманғали Бекболатов (Қазақстан).
60 кг: 1. Жоламан Шаршенбеков (Кыргызстан), 2. Ханже Чунг (Оңтүстік Корея), 3. Майто Кауана (Жапония) мен Лигуо Чао (Қытай).
63 кг: 1. Иман Хосейн Хун Мохаммади (Иран), 2. Шермұхаммад Шарибжанов (Өзбекстан), 3. Мұхамедали Мамырбек (Қазақстан) пен Нирадж Нирадж (Үндістан).
67 кг: 1. Аброр Атабаев (Өзбекстан), 2. Кетаро Согабе (Жапония), 3. Алмат Кебісбаев (Қазақстан) пен Раззак Бейшекеев (Қырғызстан).
72 кг: 1. Ибрагим Магомадов (Қазақстан), 2. Саджад Әли Именталабфумани (Иран), 3. Викас Викас (Үндістан) пен Әділхан Нұрланбеков (Қырғызстан).
77 кг: 1. Ақжол Махмұдов (Қырғызстан), 2. Әмин Явар Кавиянинеджад (Иран), 3. Рю Лю (Қытай) мен Кодаи Сакураба (Жапония).
82 кг: 1. Ақылбек Талантбеков (Қырғызстан), 2. Диас Қален (Қазақстан), 3. Юйа Маета (Жапония) мен Әлиреза Азизхун Мохмадипиани (Иран).
87 кг: 1. Насер Гасем Әлизаде (Иран), 2. Нұрсұлтан Тұрсынов (Қазақстан), 3. Кумар Сунил (Үндістан) мен Жалғасбек Бердімұратов (Өзбекстан).
97 кг: 1. Мехди Балихамзеде (Иран), 2. Узур Жузупбеков (Қырғызстан), 3. Олжас Сырлыбай (Қазақстан) мен Юта Нара (Жапония).
130 кг: 1. Әмин Мирзазаде (Иран), 2. Линже Менг (Қытай), 3. Әлімхан Сыздықов (Қазақстан) пен Роман Ким (Қырғызстан).