• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Сәуір, 2023

Бауырластың бағы биік

226 рет
көрсетілді

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Астанаға ресми іс-сапары қарт Каспийді бойлаған екі бауырлас елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайтып қана қоймай, жалпы түркі интеграциясының үдерісін дамытады.

Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық және аймақтық сая­сатта, геоэкономикадағы өзекті мәселелердегі ұстанымдары ұқсас. Сондықтан  екіжақты форматта да, әртүрлі көпжақты құрылымдар (ТМҰ, АӨСШК, ШЫҰ) аясында да өз­ара жемісті әрекеттер жасай­ды.

Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту – біздің ортақ басымдығымыз. Айта кету керек, сарапшылар бүгінде Әзербайжан мен Орталық Азияны біртұтас макроөңір ретінде қарастыруды ұсынып отыр.

Институционалдық тұрғыда Қазақ пен Әзербайжан байланысы біртіндеп дамып келеді. Былтыр стратегиялық қатынастарды ны­ғай­ту және одақтастық ықпал­дасуды тереңдету туралы декла­рацияға, сондай-ақ ынтымақ­тас­тықты дамытуды көздейтін 2026 жылға дейінгі кешенді бағ­дарламасына қол қойылды.

Бұл жолы да екі ел басшылары бірнеше келіссөздерге қатысып, ғылым, ақпарат, бизнесті дамыту, мәдени ынтымақтастық, диаспоралармен жұмыс саласындағы ынтымақтастық мәселелері бо­йын­ша маңызды құжаттарға қол қойды. Енді елдер арасында жо­­­ғары мемлекетаралық кеңес құ­рыл­мақ.

Әзербайжан президенті өзінің іс-сапары барысында екі туысқан елдің жақындасуы гуманитарлық саланың, сауда-экономикалық және инвестициялық жобалардың, сондай-ақ көлік және логистикалық инфрақұрылым мәселелеріндегі басымдығын атап өтті.

Түркі академиясының басшысы ретінде Әзербайжан пре­зи­дентінің дәл осындай жан-жақты ын­тымақтастықтың қажет екенін нұс­қауы біздің академия әлемінің ғы­лыми интеграциясының үйлес­тіру ор­талығы ретіндегі ұста­ны­мына то­лық сәйкес келетінін айт­қым келеді.

Бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыс күшімен бастап­қыда гуманитарлық саладағы ынтымақтастық табиғи қалыпты еді, алайда уақыт талабына сай мемлекеттердің табысты дамуы үшін жаратылыстану ғылымдары, жоғары технологиялар, экономи­калық ынтымақтастықты күшей­тудің маңыздылығы арта түсті.

Әзербайжанның өкілі ретінде Астанада Әзербайжанның жалпы­ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев көшесінің салтанатты ашылуын айт­паса болмас. Бұл ықыласты Әзер­­байжан халқы толық сезінді. Тарихтағы ортақ естеліктер мем­лекет­терді ғана емес, қоғамды да өз­ара жақындастырудың тағы бір тетігі.

Біз бір-бірімізге мұқтаж­быз, түркі елдерінің жақында­суы – уа­қыт еншісінде. Көшбасшы­ларымыздың даналығы мен ха­лықтың қолдауы ең батыл бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сенімдемін.

 

Шаһин МУСТАФАЕВ,

Түркі академиясының президенті, академик