Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыста сенаторлар Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықпен келісімді ратификациялау туралы мәселені қарады.
Палата отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді орындау аясында жаңарған Парламент жұмысының негізгі басымдықтарына назар аударды.
«Бүгін сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясынан кейінгі алғашқы Сенат отырысын өткізіп отырмыз. Сессияның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бірқатар өзекті әрі маңызды мәселені көтерді. Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Соған сәйкес кеше Палата бюросының отырысында жаңа сессияға арналған жұмыс жоспарын бекіттік», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы заң шығару қызметінде жаңа тәсілдерді қолданудың және мүдделі органдармен, сарапшылармен, өңірлердегі белсенді азаматтармен тығыз байланыс орнатудың маңызды екенін айтты. Палата спикерінің айтуынша, мұндай жұмыс форматы әзірленіп жатқан құжаттарды жан-жақты талдауға және олардың сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Заңдарды қарау кезінде талқылау үдерістерін барынша ашық, инклюзивті, жария түрде өткізуіміз керек. Мұндай қадам Парламенттің ашықтығын арттыруға септігін тигізеді. Президенттің бастамаларын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру үшін Мәжіліс, Үкімет, сарапшылар және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс істейміз. Сенат жұмысында өңірлердің және шалғай ауылдардың тұрғындарын алаңдатқан мәселелер, сондай-ақ сенаторлармен кездесулер кезінде көтерілген проблемалар ескерілуге тиіс. Бұл – біздің негізгі міндетіміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады.
Келісім төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін құрылған арнайы Орталықтың қызметін реттеуге бағытталған. Нақты айтқанда, бұл құжат Халықаралық ұйымның Қазақстан аумағындағы қызмет шарттарын айқындайды. Заңды талқылау кезінде аталған келісім төтенше жағдайлардың алдын алуға және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға оң әсерін тигізуі керектігі айтылды.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Геннадий Шиповскихтың айтуынша, келісім Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың жұмысын реттемек.
«Келісімнің 3-бабына сәйкес Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие. 2016 жылдан бастап Орталық өңір мемлекеттерінің төтенше ведомстволарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, зілзалалар мен төтенше жағдайлардың қаупін азайту саласында, оның ішінде атқарушы агенттік ретінде 30-дан астам бағдарлама мен жобаны іске асырып жатыр. 11 жоба Қазақстан Республикасының дамуына тікелей үлес қосады», деді Г.Шиповских.
Келісімге сәйкес, Орталықтың мүлкі мен активтеріне әкімшілік және соттың араласуына тыйым салынған. Сондай-ақ үй-жайлары мен көлік құралдары, архивтері мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлары қай жерде тұрғанына қарамастан тінтуге, реквизициялауға, тәркілеуге рұқсат берілмейді.
Жалпы отырыс соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Амангелді Толамисов Балқаш көлінің жағасында туристік-рекреациялық демалыс аймағын салу және оның инфрақұрылымын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сенатордың пікірінше, бұл қадам Жетісу облысында туризмнің дамуына оң септігін тигізеді.
«Балқаш көлінің жағасында туризмді дамыту мақсатында өңірдің тиісті инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету талап етіледі. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайды», деді сенатор.
Бірақ бюджеттік бағдарламалардың орталық деңгейдегі әкімшісі әлі анықталған жоқ. Себебі бұрынғыдай: мемлекеттік органдар бір министрліктен екіншісіне жіберу арқылы орындау жауапкершілігін өз мойнына алғысы келмейді.
«Сондықтан осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырып, бюджеттік бағдарламаның әкімшісін анықтап, жобаны іске асыруды қолдауыңызды сұраймын», деді сенатор.
Сенатор Андрей Лукин Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жеке құрылысқа тыйым салуды ұсынды. Депутат Лукин Алматының тау бөктеріндегі заңсыз және ретсіз құрылыстар жұртшылықты толғандырып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар құрылыстар салу мен алма бақтарын құртуға байланысты даулы жанжалдар да басылмай келеді.
«Жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторийді алға тартып, шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған жердің мақсатын жеке тұрғын үй салуға өзгертіп алады және тау бөктеріндегі аймақтарда көпқабатты тұрғын үй кешендері құрылысын салуды жалғастырып келеді. Тау бөктерінің жұмсақ құрамы күрделі құрылысқа жарамсыз екені белгілі. ТЖМ бұл учаскедегі құрылыс техногендік сипаттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екенін бірнеше рет хабардар еткен болатын», деді сенатор.
Сенатор мұның бәрі жайдан-жай еместігін және мұндай құрылыс тек біреудің салғырттығынан немесе қамқорлығымен болуы мүмкін екенін атап өтті. Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарының және облыстың қалаға іргелес аудандарының жерлеріне жан-жақты түгендеу жүргізуді, қолданыстағы заңнамаға жеке құрылысқа толық тыйым салуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, жерді түгендеу аяқталғанға дейін және тиісті НҚА-ны қабылдағанға дейін жер беруге мораторий жариялауды, сондай-ақ елді мекендердің рекреациялық аймақтарында жан-жақты жоспарлау жобаларын бекіту арқылы жердің нысаналы мақсатын пайдалануды өзгерту тәжірибесіне тыйым салуды ұсынды.
Нұрлан Бекенов Мемлекет басшысының Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі тапсырмасын орындау кейінге қалдырылғанына алаңдаушылық білдірді. Қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу көздері – 1978 жылы іске қосылған қазандықтар.
Бекболат Орынбеков елімізде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың төмен деңгейіне назар аударды. Депутат жаңа ғимараттардың құлау қаупін азайту және құрылысшылардың тиісті нормаларды сақтауы үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар нақты өзгеріс енгізуді ұсынды.
«Президенттің 2019 жылдың қараша айындағы кеңесінде Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі берген тапсырмасына сәйкес, Көкшетау қаласында ЖЭО салу мәселесі қарастырылуға тиіс еді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласына барған кезде қала тұрғындарына берілген уәдені орындау қажеттігін айта келіп, ЖЭО салуға кірісу туралы айтқан-ды. Осылардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасы 2019 жылдан бері неге орындалмайды және кешіктіріле береді деген сұрақ туындайды», деді сенатор.
Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай облысындағы қосымша қаржыландыруды қажет етіп отырған «Арқалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС-ға қатысты проблемаларды көтерді.
Шәкәрім Бұқтұғұтов Өнеркәсіпті дамыту қорын қайта құру қажет екенін айтты. Осыған орай ол өңдеу өнеркәсібін қолдау стратегиясын әзірлеу және Қорды ИИДМ құрылымына беру мәселесін тілге тиек етті.
Руслан Рустемов ауылдық клубтардағы үйірме басшылары тегін жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтты. Бұған Мәдениет және спорт министрлігінің ережелері мен бұйрықтарындағы даулы нормалар себеп болып отыр. Соған байланысты сенатор оларды қайта қарауға және тиісті өзгерістер енгізуге шақырды.
Евгений Болгерт жер қойнауын пайдалану бойынша инвестициялар саласындағы проблемаларға және аукциондарға жосықсыз қатысушыларға назар аударды. Сенатордың пікірінше, Үкімет жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әлеуметтік төлемдер сомасын біркелкі қалыптастыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізуге тиіс.
Бибігүл Жексенбай азаматтық қорғау жүйесіндегі өрт сөндірушілер мен әскери бөлімдердің тапшылығына байланысты проблемаларды атап өтті. Осыған байланысты сенатор Ақмола облысында орналасқан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жаңа кешенін салу үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрады.