Президент ғылымға бөлінген қаржыны тиімді игеріп, одан әрі ғылымның ауқымын кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ғылым ауқымын кеңейту мақсатында арнайы тапсырма берді.
«Университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ғылымға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалып, тиісті жерге жетпей қалатынынын назарға салды.
«Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды», деді Президент.
Сондай-ақ шетелдік оқу орындармен бірлескен жұмысты әрі қарай жалғасытыруды тапсырды.
«Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.