• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 12 Сәуір, 2023

Президент ғылым саласын грант арқылы қаржыландыру тәсілін ұсынды

303 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы ғылыми мекемелердің жағдайы мен ғалымдардың жалақысы мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек.

Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс.

Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы ғылым саласын грант арқылы қаржыландыру тәсілін ұсынды. Әрі мемлекеттік сатып алу нормаларының ғылым сапасына кедергі келтіріп отырғанын да атап өтті.

«Сондай-ақ ұжымдық зертханалардың әлеуеті зор. Онда әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ұжымдар бірлесіп жұмыс істей алады. Мен ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет деп санаймын. Сол арқылы алынған құрал-жабдықты пайдалану құқығы басқа да ғылыми мекемелерге берілуге тиіс. Мемлекеттік сатып алуға қатысты нормалар нақты жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр. Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар. Бұл жағдай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мерзіміне және сапасына кесірін тигізеді. Мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет», деді Президент.