• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Дін 12 Сәуір, 2023

Пітір мен підия. Рамазан айында берілетін садақалар қандай?

702 рет
көрсетілді

2023 жылғы пітір садақа сомасы – 535 теңге, ал підия мөлшері – 3 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Пітір садақасы

Рамазан айында жаңа туған сәбиден қартқа дейін жағдайы келетін әрбір мұсылман пітір садақасын береді. 2023 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 535 теңге етіп белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз, арпа бағасымен де беруге болады: 

Бидай (2 кг) – 340 теңге; Ұн (2 кг) – 535 теңге; Арпа (4 кг) – 520 теңге; Мейіз (2 кг) – 4270 теңге; Құрма (4 кг) – 8090 теңге.                                                                                                                                                                                                                                                                         

«Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені, шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі», деді ҚМДБ төраға орынбасары Сансызбай Шоқанов.

Ал бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4270 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8090 теңге) бергені абзал. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. 

Рамазан айының пітір садақасын Қадір түнінен бұрын немесе кейін берсін деген ереже жоқ. Дегенмен пітір садақаны ораза басталғаннан айт намазына дейін берген жөн. Одан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады. 

«Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі»,  делінген ҚМДБ мәлімдемесінде. 

Пітір садақаны мешітте ғана емес, Kaspi.kz, Halyk Homebank, Fortebank, Банк Центркредит, Astana-plat, Bereke Bank мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. 

Підия

Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасауды «підия» деп атайды.

Денсаулығына байланысты уақытша ораза ұстай алмаған адам қарыз күндерін Рамазан айынан кейін өтейді. Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді ауруға шалдығып, сауығудан күдер үзген науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін қаза болған әр күнге підия береді.

«Підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3 мың теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Оған да жағдайы болмаса, төлемнен босатылып, Алла Тағаладан кешірім тілейді»,  деді ҚМДБ төраға орынбасары Сансызбай Шоқанов.

Підия ретінде бір жарлының бір күндік екі мезгіл тамағын немесе соның құнын ақшалай беруіне болады. Підия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, хәлі нашар жандарға үлестіріледі. Оны Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады және бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады.

Підия берген науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса берген підиясы жойылады. Олар бұрынғы оразалардың қазасын өтейді.

«Қайтыс болған адамның орнына ораза ұстауға болмайды. Ұстаған ораза марқұмның тірі кезінде ұстамай кеткен оразасының орнын толтырмайды. Алайда әрбір күні үшін підия беріп тұруға болады. Тірі кезінде себепсіз ұстамаған күндеріне орай есептеп, шыққан соманы марқұмның атынан қаза оразаларының підиясы ретінде бір мұқтаж адамға беруге болады», делінген ҚМДБ сайтында.