Ұлытау облысы көп нәрсені жаңадан бастап жатыр. Соның бірі – футбол спортын жолға қойып, дамыту. Былтыр облыс әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясы қауымдастығының арасында меморандум жасалып, облыстық футбол қауымдастығын құру, кәсіби футбол клубы мен балалар-жасөспірімдер академиясын ашу көзделген еді.
Өңірде құрылған футбол қауымдастығының төрағасы болып «Қазақмыс Барлау» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов сайланды. «Ұлытау» футбол командасы жасақталды. Команданың бас директоры – бұрын футболдан еліміздің құрама командасына басшылық жасаған Талғат Байсуфинов.
Кезіндегі Жезқазған облысының «Еңбек» командасының ізбасары іспетті «Ұлытау» командасы биыл алғаш рет жасыл алаңға шығады.
Жезқазғандағы Орталық стадионда Талдықорғанда жалауын көтеретін ел чемпионатының 2-лига командалары арасындағы ойынға команданы аттандыру салтанаты болды. Салтанатқа облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысты. Ол футболшыларға сәттілік, жеңіс тіледі. Команданың капитаны Д.Сламбеков жанкүйерлер үмітін ақтауға күш-жігерлерін жұмсайтындарына сендірді.
Абдолла ДАСТАНОВ,
журналист
Жезқазған