• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2014

Кеңеске қатысушылармен кездесті

313 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Мемлекет басшысы ТМД елдерінің қорғаныс ведомстволары басшыларының тұрақты кездесулерінің маңыз­дылығын атап өтті. – Біздің мемлекеттеріміздің бірлескен тәжірибесі, адами байланыстар, ортақ білім берудің әскери саланы да қамтыған ортақ үрдісі, қару-жарақтың бірыңғай түрімен жабдықтау, сондай-ақ, сыртқы шекараларды қорғаудың ортақ кеңістігі – осының бәрі тығыз байланыстарды бұдан әрі де сақтау қажеттігін білдіреді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев тұрақсыз геосаяси ахуал мен әлем­дік эко­номиканың аумалы-төк­пелі жағ­­дайында Қазақстан көр­ші елдер­мен тығыз әскери ынты­мақтас­тық­қа мүдделі екеніне назар аударды. – Бізде ҰҚШҰ аясында одақ­тастық қарым-қатынастар, өзара қорғау, әуе шабуылына қарсы ортақ сыртқы қорғаныс қалыптасты. Бізге осы қатынастарды және бір-бірімізге деген сенімді сақтау қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті қор­ға­ныс және әскери-техникалық ын­тымақтастықты бұдан әрі дамытудың маңыздылығын да айтты. – Біз қазір өзге мемлекеттер­мен бірлесіп жүзеге асыру үшін әскери техниканың бірқатар құрамдастарының өндірісін Қазақстанға әкелуді ойластырудамыз. Осыған байланысты біз бірлескен кәсіпорын құруды жан-жақты қолдаймыз. Көрші елдердің экономикалық және ішкі саяси ахуалдары Қазақстанға әсер етеді, сондықтан біз көршілерімізде, одақтастарымызда, соның ішінде Достастық аясында бәрі жақсы болуына шынайы тілектеспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы Кеңеске қатысушыларға табысты әрі жемісті жұмыс тіледі.