Қазақстандық теннисші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина «Jibek Joly» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында өзінің басты қарсыласы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өте жақсы ойыншылар көп. Көптеген спортшылармен өте қиын кездесулер өткіздім. Жыл басынан бері Арина Соболенкомен осындай текетірес болған шығар. Бірақ көп ойыншылар бар, олармен ойнау оңай емес, бірақ сенің жеңгің келеді. Крейчикова өте мықты ойыншы, енді Онс Джабер оралды, ол турнирді жаңа ғана жеңіп алды. Ига Швентек, әрине», дейді Елена Рыбакина.
Ол сондай-ақ бәсекелестер көп екенін және көп жұмыс істеу керек екенін айтты.
Бүгін таңертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны қабылдады. Қазақстан Президенті Уимблдон жеңімпазы Елена Рыбакинаны Австралияның ашық чемпионатында, Индиан-Уэллс пен Майамиде көрсеткен тамаша өнерімен құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген мызғымас жігері үшін алғыс айтты. Кейін баспасөз мәслихатында қазақстандық теннисші Мемлекет басшысы оған нақышталған сағат пен орамал сыйлағанын айтты.
Айта кетейік, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстанға Билли Жан Кинг кубогі аясында Польша құрамасымен кездесуге келген болатын.
Билли Жан Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шығу үшін Қазақстан - Польша матчы елордада 14-15 сәуірде өтеді. Қазақстан құрамасына Рыбакинадан бөлек Юлия Путинцева, Анна Данилина, Гозал Айнитдинова, Жанель Рүстемова және Аружан Сағындықова да ұсынылды.