Бұрын есірткі дегенде негізінен марихуана, героин, гашиш секілді өсімдік тектес қатерлі заттардың аты аталатын. Бірақ кейінгі жылдары заманның жаңа жұлынқұрты – синтетикалық есірткі немесе психобелсенді заттар пайда болды. Негізінен интернет дүкендері арқылы таралатын оларды, әсіресе жастар жағы көп тұтынатыны анықталып отыр.
Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар – кейінгі жылдары көп айтыла бастаған жаңа ұғым. Олардың дәстүрлі өсімдік тектес есірткіден айырмашылығы – дәріханаларда заңды түрде сатылатын дәрілік компоненттерден оңай жасалуы, ине секілді қосымша құралдарсыз қолдану мүмкіндігі. Ал ең басты қаупі – адамды әлдеқайда тез тәуелділікке алып келуі. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, осы аталған «артықшылықтарының» арқасында қазіргі күні оны пайдаланатын адамдардың, әсіресе жастардың саны және заңсыз айналымнан тәркіленіп жатқан психотропты заттардың көлемі күн өткен сайын ұлғайып келеді.
Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі елімізде ең алғаш рет осыдан 10 шақты жыл бұрын пайда болған. Бір өкініштісі, алғашқы кезде оның атын білгенімен, таралуына заңды түрде тосқауыл қоятын құқықтық тетіктер болмады. Өйткені біріншіден, оның құрамы еркін саудадағы дәрі-дәрмектен тұрса, екіншіден, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа түрлері тез көбейіп жатты. Біреуіне тыйым салсаң, екіншісі пайда болады. Соның салдарынан заңнамамыз психотропты заттардың нарығына жедел ден қоюға, яғни оларды дер кезінде құрықтап, қылмыс ретінде тануға мүмкіндік бермеген. Тиісті органдар синтетикалық есірткі заттарын жасаушылар мен таратушыларды құрықтауға келгенде дәрменсіз болып шықты.
– Асқынып бара жатқан ахуалдың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі мамандары ұлттық заңнаманы айтарлықтай пысықтап, 2019 жылы «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» заңға түзетулер енгізіліп, жаңа психобелсенді заттарды бақылауға жедел ден қою тетігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Осы сәттен бастап есірткі тізімі жүзден аса жаңа атаумен төрт рет толықтырылды. Нәтижесінде, бүгінде белгілі есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтары толықтай құзырлы органдардың бақылауына алынып отыр. Яғни қазір психобелсенді заттарды есірткі ретінде сатумен, таратумен айналысқан және сақтаған адамдарды қылмыскер ретінде жауапқа тартуға негіз жасалынды, – дейді ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.
Бұл – синтетикалық есірткіге қарсы күрестегі еңсерілген бірінші қадам. Ал екінші қадам – бұл заттардың таратуға тыйым салынған «қылмыстық мөлшерін» заң жүзінде бекіту. Осы мақсатта биыл 7 сәуірдегі Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері азайтылды. Атап айтқанда, мефедрон, пировалерон және олардың аналогтары 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтау үшін мұндай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Сондай-ақ есірткі зертханаларында өндірілген психобелсенді зат – мефедронның 1 грамының өзі аса ірі мөлшерге жатады. Осы өзгерістердің нәтижесінде синтетикалық есірткі таратумен байланысты қылмыстардың саны айтарлықтай өскен. Үшінші қадам – синтетикалық есірткі қылмысымен айналысқан адамдарды құрықтау, тарату арналарын анықтау, заңға сәйкес жауапқа тарту. Ең алдымен бүгінде бұл есірткі заттары қандай жолдармен таралып жатыр деген сұраққа келсек. Ішкі істер министрлігі берген мәліметтерге қарағанда, синтетикалық есірткіні тарату бүгінде толықтай онлайн форматқа, яғни интернетке ауысқан. Мәселен, олар мобильді қосымшаларды, Telegram, Vipole және басқа да мессенджерлерді пайдаланады. Сол жерде отырып әлеуетті сатып алушыларды табады. Төлем де онлайн жасалады. Содан кейін сатып алушыға есірткі жасырылған жердің координаттары бар сілтеме жіберіледі. Бұл «сауда-саттық» толықтай онлайн форматта жүретіндіктен, сатушылар мен клиенттер бір-бірін білмейді әрі көрмейді. Көбінесе осы қылмыстық схемаларды шетелдік азаматтар ұйымдастыратыны анықталып отыр.
Полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, ішкі істер органдары интернетке үнемі мониторинг жүргізіп, мұндай инкогнито интернет-дүкендерді анықтап, заңды тетіктер арқылы жабумен айналысып келеді. Биылдың өзінде 1 210 есірткі ұсынушы сайт бұғатталған. Дегенмен сайтты жабу есірткі саудасы проблемасын шешпейтіні белгілі. «Себебі жаңа сайт ашып алу бір күндік шаруа болса, оларды анықтау – ұзақмерзімді үдеріс. Ал ол дүкендердің иелерін табу одан да күрделі. Өйткені біріншіден, жоғарыда айтқандай, олар негізінен шетелде отырып жұмыс істейді, екіншіден, басқа елдегі қылмыскерді анықтап, құрықтау ел ішіндегі қылмысқа қарсы операциядан гөрі әлдеқайда көп уақыт алатыны белгілі», дейді ол.
Бүгінде шекара сыртындағы және ел аумағындағы заңсыз «контенттің» алдын алып, бұғаттау үшін қандай шаралар іске қосылған? Интернеттегі есірткі саудасымен күресте ішкі істер органдары «Аргус», «Айрис», «Тритон» секілді заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы жуырда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкіметте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстыру кезінде айтқан болатын.
Сондай-ақ жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істейтін «Кибернадзор» жүйесінің де көмегі көп. Ол есірткі қылмысымен айналысатын жаңа сайттарды анықтап, онлайн түрде бұғаттайды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және есірткі пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Ішкі істер органдары, бұған қоса, тікелей синтетикалық есірткі қылмыстарын анықтауға бағытталаған «Рефлекс», «Паутина» сияқты арнайы операциялар жүргізеді.
Жоғарыда біз синтетикалық есірткі заттары негізінен еркін сатылымдағы дәрілік компоненттерден жасалынатынын айттық. Осыған орай бүгінде «дәріханалық нашақорлық» деген ұғым ауқымды сипат ала бастады. Аталған дәрілердің ішінде трамадол, тропикамид және азот оксиді сияқты препараттар көп қолданылады. Ішкі істер министрлігі есірткі мен прекурсорларды мемлекеттік бақылауға енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген еді. Ол жерде айналымы мемлекет тарапынан бақылануға тиіс мыңнан астам зат бар. Бұл заттар, соның ішінде ең танымалы – трамадол тек рецепт бойынша және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымына байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилактикалық ұйымдарға ғана беріледі.
Айтпақшы, елімізде Қылмыстық кодекске сәйкес есірткі саудалағаны, сақтағаны, контрабандасы, оны жарнамалағаны үшін және есірткіні өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, кодекстің 296, 297, 286, 299-1, 300-баптары бойынша 2 жылдан 20 жылға дейін, сонымен бірге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалады.