Өскеменнің іргесіндегі шошқа фермасына қатысты дауға сот шешімі нүктесін қойған шығар десек, жеке кәсіпкер әлі күнге дейін шаруасын еш алаңсыз дөңгелетіп отыр. Басшылықтың пәрменсіздігіне наразы болған Степное, Лесхоз ауылының тұрғындары БАҚ өкілдеріне тағы хабарласты.
Елді мекеннің қақ ортасында жүздеген шошқа бағып отырған кәсіпкерге тұрғындар баяғыдан қарсылық білдіріп келе жатыр. Айтуларына қарасақ, доңыздың нәжісі топыраққа сіңіп қалғаны соншалық, сол маңайдағы құдықтардан су ішу мүмкін болмай қалған. Ал төңіректегі иіс жыл он екі ай қолқаны қабады. Қар еріп, көктем шыққан уақытта күлімсі иіс киімге дейін сіңіп қалады екен. Айналып келгенде, шошқа фермасы қоршаған ортаға едәуір зиян шектіріп отыр.
Жуықта Өскемен қалалық әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау, ШҚО бойынша экология департаментінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері Өскемен қаласының іргесіндегі Лесхоз ауылына барып, шошқаларды заңсыз өсіру және сою фактісі бойынша жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қарашадағы №6309-22-00-2/3005 шешімімен ШҚО бойынша экология департаментінің «Митин А.Б.» ЖК-не талап-арызы негізінде Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа фермасының және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметі тоқтатылған еді. Алайда Лесхоз тұрғындары БАҚ өкілдеріне сот шешімінің орындалмағаны туралы айтып, облыстық экология департаментіне сою цехына қатысты шаралар қабылдауды сұрап тағы да хабарласқан. Кездесуде бұл мәселе тағы өткір көтерілді.
– Сою цехына іргелес аумақты тексеру барысында тұрғындардың дәлелдері расталғаны анықталды. «Митин А.Б.» ЖК әлі күнге дейін шошқа асырап отыр. Оның учаскесінен шошқа нәжісімен ластанған еріген қар суы көшеге ағып жатыр. Атмосфералық ауада шошқа фермасынан шығатын адам төзгісіз иіс және бар. Оның құрамындағы заттар адам денсаулығына зиян. Осыған байланысты жергілікті тұрғындармен кездесу нәтижелері бойынша және ұсынылған материалдар негізінде экология департаменті әділет департаментіне Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа фермасының және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметін тоқтату туралы атқарушылық іс қозғауға қайта бастамашылық жасайды, – деді ШҚО экология департаментінің мемлекеттік бас маманы Ақнұр Құнафина.
Ал облыстық әділет департаментіндегілер тексеру кезінде фермада талпақ танаулардың болмағанын айтады.
– Осыдан кейін Өскемен қаласы бойынша сот актілерін орындау бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Е.Қуанышбаев сот шешімінің орындалуына байланысты 2023 жылдың 4 сәуірінде өз қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатты. Оған Степное және Лесхоз кенттеріндегі шошқа фермасына баруы қажет болған. Фотоматериалдарға сәйкес шошқа фермасында жануарлар шын мәнінде жоқ болды. Тексеру кеткен соң жұмысын қайта бастауы да мүмкін. Қазір сол сот орындаушы еңбек демалысында. Ал біз тұрғындар және экологтар шағымына орай тексеруді қайта бастаймыз, – деді әділет департаменті атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Құрманғалиев.
Ауаны да, жерді де, суды да ластап отырған кәсіпкердің өзі төбе көрсетпек түгілі байланысқа да шықпады. Тұрғындардың айтуынша, «Менің фермам жұмысын тоқтатпайды» деп мысқылдайтын да көрінеді. Бұл мәселе жауапты құзырлы мекемелер тарапынан ерекше бақылауға алынды. Ал нүктесі қашан қойылары әлі белгісіз. Сот шешімі неге пәрменсіз, ол жағы тағы түсініксіз.
Өскемен