Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында биылғы қаңтардан бастап прокуратура органдарына азаптау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауды бақылап, тергеп-тексеру жүргізуді және оларды жоюды тапсырды.
Осы мақсатта прокуратура органдары азаптаудың алдын алуға қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық жағдай жасау жұмыстарын бастады. Соның бір мысалы – кеше Бас прокурор Берік Асылов пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан былай прокурорлар мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаптауларға қарсы бірлесіп күрес жүргізбек.
Құжаттың мақсаты – тиімді шаралар қабылдап, ортақ ресурстарды пайдалану арқылы азаптаулар мен басқа да рұқсат етілмеген тергеу әдістеріне бірлесе қарсы тұру. Атап айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзатын алғышарттарды анықтау және жою үшін қылмыстық қудалау органдары мен пенитенциарлық мекемелердің ғимараттарына бірлесіп бару, адам құқықтарын қорғау және қалпына келтіру тетіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтарды жеке қабылдау, ақпарат алмасу және басқа да бірқатар шара жоспарланып отыр.
Айта кетсек, Президент тапсырмасынан кейін Ыстанбұл хаттамасының қағидаттарына сәйкес келетін азаптауларды тергеп-тексерудің әдістемесі әзірленді. Құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп, қылмыстық үдерісте және жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының аяққа тапталмауы үшін азаптаулар туралы істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру нұсқаулығы, сондай-ақ міндетті бейнебақылау ережелері бекітілді. Құқық қорғау және түзеу мекемелерінің «көрінбейтін аймақтары» бақылау камераларымен жабдықталып, сотталғандардың өтініш-шағымдарын онлайн қабылдайтын терминалдар орнатылады.
Сонымен қатар Азаптауларға қарсы іс-қимыл бойынша бірінші кезектегі шаралар жоспары бекітілді. Онда арыздарды тәулік бойы қабылдау, жеткізу заңдылығына кенеттен тексерістер жүргізу және басқа алдын алу шаралары көзделген. Бүгінде прокуратура органдары азаптаулардың алдын алу мәселелері бойынша құқық қорғау институттарымен тығыз өзара іс-қимыл жасап жатыр.
Меморандум шеңберінде тараптар бірлескен іс-шаралар өткізуге, соның ішінде өңірлік деңгейде де қажетті жұмыстарды қолға алуға ниетті. Бас прокурор Берік Асылов пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев ортақ міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізуде әріптестік қатынастардың маңызын, бұл құжат азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде азаптаулардың алдын алу мәселелерінде екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.