Жақында Bloomberg мұнай бағамын өлшеуге арналған Brent маркасының ауысуы мүмкін екенін хабарлады. Агенттіктің жазуынша, ахуал Dated Brent эталонының біртіндеп таусылуына байланысты туындап отыр.
Әлемде бірнеше мұнай сорты бар. Бізде KEBCO, Ресейде – Urals дегендей. Егер биржада әрқайсысы жеке дара атаумен саудаланатын болса, онда сауда-саттық үдерісі тым күрделеніп кетер еді де, нарық қатысушылары үшін үлкен қиындық тудырар еді. Сондықтан бәрі де Brent-ке қарап бағаланады.
Brent – Солтүстік теңізде өндірілетін мұнайдың эталонды маркасы. 2007 жылдан бері Ұлыбритания мен Норвегияның жағалаулары арасындағы Brent, Forties, Oseberg және Ekofisk кен орындарында өндірілетін бірнеше мұнай сортының қоспасы ретінде танылды. 1980 жылдан бері Brent бағасы мұнайдың өзге де сорттарының бағасын қалыптастыратын бағдар есебінде қолданылып келеді.
Өзінің жеткізу сенімділігіне, бірнеше тәуелсіз жеткізушісінің бар болуына және тұтынушылар мен өңдеушілер тарапынан туындаған жоғары деңгейлі сұранысқа байланысты бұл марка эталонды мәртебеге ие болды. Бұған дейін туындаған жеткізу қиындықтарына және өндіріс көлемінің аса үлкен еместігіне қарамастан Brent қоспасы айтарлықтай өтімділікке ие. Айта кету керек, Brent сорты – 1970 жылдардан бері Солтүстік теңізде өндірілетін 4 түрлі жоғары сапалы мұнай сорттарының қосындысы. Басқа сорттардың бағасы дифференциалды қолдану арқылы анықталады (сапа айырмашылығына байланысты) – жеңілдікпен сатыла ма, әлде үстеме баға қосылып саудалана ма.
«Алайда Солтүстік теңіздегі мұнай өндірісінің қысқаруына байланысты Brent сорты қорының жыл санап азаюы байқалып келеді. Қордың азаюы өз кезегінде оның өтімділігіне де теріс әсер етеді. Тиісінше, бұл ахуал қоспаның өзінің де, мұнайдың басқа сорттарының да бағасын анықтауда бұрмалануларға әкеп соқтырады. Сондықтан трейдерлер Brent-ті маркер сорты ретінде қарастыруды жалғастыру қажеттілігіне күмән келтіре бастады», деп жазады «ProEconomics» телеграм каналы.
Сарапшының айтуынша, бұған дейін осындай алаңдаушылықты British Petroleum танытқан еді. Британиялық компания Dated Brent (Brent-тің споттық бағасы) котировкасын есептеуде «манипуляция» жасап отыр деп Platts-ты айыптаған болатын. (Штаб-пәтері Лондонда орналасқан Platts агенттігі өздеріне трейдерлер ұсынатын деректерге сүйене отырып энергия тасымалдаушылар бағасын жариялап отырады).
«Мұнай өндіруші елдер көбіне Dated Brent маркалы баррельдерін шамалы үстеме бағамен немесе жеңілдікпен сатады, сондықтан оны қалыптастырудың нақты механикасы олар үшін маңызды. Сонымен бірге, бұл эталон деривативтердің (туынды қаржы құралдары) күрделі желісінің орталығында орналасқан, нәтижесінде биржаларда сатылатын Brent мұнай фьючерстерін қалыптастырады. Бұрын Platts-тың Brent бағасын өзгерту әрекеті мұнай нарығына қатысушылардың сынына ұшыраған болатын. Бірақ бұл жолы ешқандай өзгеріс жоқ сияқты. Bloomberg мәліметінше, Dated Brent маркасын есептеу кезінде енді америкалық WTI маркасының бағасы ескеріледі. WTI (West Texas Intermediate) – Батыс Техаста өндірілетін мұнай сорты», делінеді хабарламада.
Оның өндірісі жаһандық өндірістің 1 пайызынан аспайды. Жоғары сапасына қарамастан Brent-ке әлдеқайда жеңілдікпен сатылады. Қазіргі уақытта саудаланатын мұнай фьючерстерінің 2/3-і осы сортқа бағдарланады. Алайда қиындық – Brent-ке қарағанда WTI-дің тығыздығы жоғары және құрамында күкірттің болуында. Әзірге мынадай механизм ұсынылып отырған көрінеді: трейдерлер WTI Midland-ты АҚШ-тың Мексика шығанағы жағалауынан сатылымға шығара алады. Ол Роттердамға жеткізіліп, сосын WTI бағасы фрахт бағасына орай түзетіледі (Солтүстік теңізден жеткізілгендей) және Dated Brent-ті есептеу кезінде ескеріледі.
«Dated Brent-ті есептеудегі өзгеріс маусымда болады. Негізі ақпаннан бері жаңа механизм мұнайға форвардтық бағалау бойынша қолданыла бастады», деп мәлімдейді канал.