Премьер-министр Ә.Смайылов өткен аптада Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барып, Жезқазған мыс зауытында, Анненск кенішінде, Жезқазған жылу-электр орталығында, Сәтбаев орталық ауруханасында болды. Бұдан басқа да нысандарды аралап көріп, жұртшылықпен кездесіп, пікір алмасты. Сапар соңында орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшылары қатысқан Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жол жөнделсе, бәрі де жақсарады
Премьердің алғашқы назар аударғаны Ұлытауды еліміздің басқа өңірлерімен байланыстыратын көлік жолдарының жай-күйі болды. Ұлытау облысының республикалық маңызы бар автокөлік жолының жалпы ұзындығы 961 шақырымды құрайды. Осы жолдың халықты әбден қажытып жүрген тұсы ұзындығы 208 шақырым болатын Жезқазғаннан Қызылордаға қарай шығатын жол. 420 шақырымға созылған жолдың Қызылорда жағында өткен жылдан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр «2022 жылдың сәуір, мамыр айларында Жезқазған жағынан да жөндеу жұмыстары басталады» деп елеңдеп жүрген елдің үміті ақталмады. 2022 жылғы 13 сәуірде тендерлік ұсыныстарды қарағанда, қатысушылардың ешқайсысы да жоспарланған бағамен келіспеген болып шықты. Сөйтіп, жарияланған конкурс жойылды. Биылғы 31 наурызда бағаның өсуі, т.б. жағдайлар ескерілген тендер қайтадан жарияланды. Егер былтыр 90 млрд қарастырылған болса, биыл бұл соманың көлемі 130 млрд теңгені құрап отыр. Тендер 8 лот бойынша жүргізіледі. Мамыр айының соңына таман тендер жеңімпаздары анықталып, жұмыс басталатын тәрізді.
«Біз республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, реконструкциялау және салуға басымдық беріп отырмыз. Бұл үшін 420 млрд теңге қарастырдық. Бұл қаражат ел бойынша 3,6 мың шақырым жолды жөндеуге жұмсалады. Соның белгілі бір бөлігі Ұлытау облысына да қатысты. Айталық, Жезқазған-Қызылорда бағытындағы жолдың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте қажет екенін жақсы түсінеміз. Жол құрылысына жергілікті құрылыс компанияларын тартуды назарда ұстағанымыз жөн», деді Үкімет басшысы.
Жезқазған ЖЭО-сын жөндеу
Өткен қыстан жезқазғандықтар да әупірімдеп шықты. Жылу электр орталығының негізгі құрал-жабдықтарында өткен қыста 88 технологиялық ауытқу болған екен. Бұл 2021 жылмен салыстырған 7-ге көп. Неге бұлай? Өйткені ЖЭО-да кейінгі үш жылда тек екі, яғни 2020 жылы – №5 қазандықта, 2021 жылы №6 қазандықта ғана күрделі жөндеу жүргізілген. №8 және №10 қазандықтарды модернизациялау 2020 жылдан бері созылып келеді. Алдағы қыста қиналмай жұмыс істеу үшін ЖЭО-ның 2016 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №4 қазандығына және 2019 жылы күрделі жөндеу жасалғанына қарамастан №9 қазандықты да қайтадан күрделі жөндеу жасамаса болмайды. 2018 жылы күрделі жөндеу жасалған №7 қазандық та кең көлемді ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Әрине, бұл жұмыстарға ауқымды қаражат қажет екені анық. Нақтылап айтқанда, 2,3 млрд теңге керек екен.
Жылу орталығы қазандықтарының орташа тозу деңгейі 74%-ті құрап отыр. Демек жағдай шын мәнінде күрделі. Шұғыл түрде шешім қабылдамаса болмайды. Үкімет басшысы мәселенің шешімін «Биыл ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын толықтай қаржыландыру қажет. Қаражат «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында қайтарылады», деп нақтылады.
Сол сияқты, Ә.Смайылов облыс орталығына іргелес Сәтбаев қаласындағы жылу беру жағдайын да оңынан шешу қажеттігін атап көрсетті.
Халықтың талабы – таза су
Облыс орталығы тұрғындарының талайдан бергі арманы – таза су ішу. Көптен бері айтылып жүргенмен әлі нақты шешімін таппай келе жатқан бұл мәселені шешудің қазір 4 түрлі жобасы қарастырылып, іске асырылып жатыр.
2021 жылғы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жезқазғанға келген сапарында бұл мәселеге баса назар аударып, «Ауызсумен қамту мәселесін алдағы бір жарым жылда Үкімет әкімдікпен бірлесіп шешуі керек. Өйткені алдымызда тұрғындарды таза сумен қамту міндеті тұр. Бұл мәселеге келгенде мен қатаң көзқарас танытып, шешу барысын жеке қадағалаймын», деген еді. Содан бері қозғалыс жоқ емес, бар. Мысалы, қазір қалалық гидроцехта суды мембраналық әдіспен тазалау технологиясына көшу жұмыстары қолға алына бастады. Бұрынғы ескі технологиялардың орнына осы заманғы еуропалық технологиялар орнатылады. Әрине, жоба қымбатқа түседі. Бірақ халыққа таза су ұсыну – басты мақсат.
Сондай-ақ Есқұл, Үйтас-Айдос, Қожамсейіт жерасты суларын қалаға таза күйінде жеткізу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жұмыстар Үкіметтің әрқашан назарында. Қаржылай көмек те көрсетіледі.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында шаруашылық ауыз су тазарту құрылыстарын жаңғырту мақсатында бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылған. Әкімдік сол бөлінген қаражатқа жоспарланған жұмыстардың сапалы атқарылуына жауапты», деген Премьер-министр халықты таза сумен қамтамасыз етуге қатысты жобаларды әрқашан қолдайтынын, бірақ жергілікті әкімдік тарапынан тиісті құжаттардың дер уақытында дайындалуы қажеттігін қатаң ескертті.
Қымбатшылық құрсауы
Қашан болсын халықты ең қатты ойлантатын мәселе – қымбатшылық. Әсіресе азық-түліктің қалтаға күш түсірмейтіндей бағада болғаны. Бірақ баға ырық берер емес. Бұған кейде жергілікті әкімдіктердің шаруаны ұйымдастырудағы ұқыпсыздық танытуы да себеп болып жатады. Жүргізілген сараптама Ұлытау облысындағы азық-түліктің басым бөлігінің бағалары Астана, Алматы қалаларына қарағанда қымбат екенін көрсетті. Неге? Себеп қандай?
Өйткені еліміз бойынша белгіленген азық-түліктің әлеуметтік маңызы бар 19 түрінің Ұлытау облысында тек үшеуі ғана өндіріледі екен. Қалғанының бәрі сырттан тасымалданады. Әрине, мұндай жағдайда облыстың бағаны реттеуге, тұрақтандыруға ықпал ете қоюы екіталай.
«Облыстың ішкі нарығын осында өндірілетін өнімдермен толықтыру бойынша іс-шаралар қабылдау өте маңызды. Мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сақтауға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды іске асыру арқылы жасауға болады», деп атап көрсетті Премьер-министр.
Қымбатшылық құрсауы өз өнімдерімізді өндіру арқылы ғана сетінейді. Бұл бұрын да айтылмай жүрген сөз емес еді, Үкімет басшысының Ұлытау облысында мұны қайталай айтуы бекер болмаса керек. Өйткені Ұлытау – мал және егін шаруашылықтарын дамытуға өте қолайлы өңірде орналасқан облыс. Өсір де өндір және өңде! Сосын қолжетімді бағамен ұсын!
Облыстың ертеңі қандай болмақ?
Әлихан Асханұлына сапар барысында облыс орталығының бас жоспары да таныстырылды.
Ширек ғасыр шетқақпай қалған қаланы облыс орталығы мәртебесіне лайықты дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер, нысандар салынатыны анық. Бұл ретте көзделген жоспар, жоба бар. Жезқазған халыққа қолайлы қалаға айналуға тиіс. Бұл ретте де Үкімет басшысы жаңа облыс орталығын дамытуға қажетті барлық көмектің көрсетілетініне сендірді. Бұған қыруар қаржы керектігі айтпаса да түсінікті.
Облыстың ертеңі қандай болмақ? Қалай дамиды? Қандай өндіріс орындары ашылады? Түйінді тұстар бар ма? Болса мәселе неге тіреліп тұр?
Облыс аумағында негізінен үш ірі компания – «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Арселор Миттал» компаниялары жұмыс істейді. Өнеркәсіп өнімдерін өндіруде өсім бар. Айталық, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында тау-кен өндірісінің өнімі 28,1 млрд теңгені құраса, биылғы осы мерзімде 58 млрд теңгеге жетті. Өңдеуші өнеркәсіп өнімі тиісінше 218 млрд теңгеден 238 млрд теңгеге өскен.
Облыс өндірісті одан әрі ұлғайтуды ойластырып отыр. «Жезқазған мыс» зауытында жаңадан күкірт-қышқыл цехын ашу және зауыттың техникалық және аспирациалық газ жүйесін реконструкциялау, Сәтбаев қаласында селективті экстракция әдісімен мыс өңдеу, Үлкен Ақтай кен орнында темір-марганец өңдеу, электролиттік марганец және полиметалл мен бағалы металдар өңдейтін кешен тұрғызу тәрізді жобалар қазірдің өзінде қолға алынды. Бұлардан басқа Үкіметтің араласуын қажет ететін де бірнеше жоба бар.
Бұлардың арасында сағатына 11,1 мың текше метр газ қажет ететін «Жезқазған мыс» зауытын газдандыру арқылы модернизациялау, тәжірибелік-өндірістік мақсатта 4 млн тоннаға дейін өндіруге Үкімет тарапынан рұқсат күтіп отырған «Ашықтас» кен орнында құрамында алтын бар кендерді шаймалау кешені және т.б. жобалардың да облыстың экономикалық тұрғыдан дамуына тигізетін оң ықпалы зор болмақ. «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Н.Нұриев те Үкімет басшысына компанияның алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарымен бөлісті.
Жаңа жобалардың жай-жапсарын ықыласпен тыңдаған Әлихан Смайылов: «Әрбір жаңа өндіріс – жаңа жұмыс орны, бюджетке түсетін қосымша табыс. Демек өңір өндірісімен өркендейді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы барлық дерлік бастаманы қолдайды, көмегін көрсетуге әзір. Әсіресе жаңадан құрылып жатқан облыс үшін инвестиция тартуға ұмтылған жөн, табыстың жаңа көздерін іздестіру керек», деді. Бұл Үкімет басшысы тарапынан облыс басшылығына берілген нақты тапсырма десе де болғандай.
Абдолла Дастанов,
журналист
Ұлытау облысы