Биыл еліміз тағы бір маңызды кезеңді бастан өткермек. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланады. Осылайша, Конституциялық реформадан басталған саяси өзгерістің тағы бір сатысына қадам басамыз.
Саяси партиялар өз өкілдерін, партияластарын өңірлердегі билікке әкелу арқылы республикалық деңгейдегі беделін көтереді. Тікелей шешім қабылдауға тікелей әсер ете алады. Мұның нәтижесінде жалпы Қазақстандағы саяси бәсекелестік, саяси билік үшін күрес нығаяды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында еліміздегі сайлау жүйесін жетілдірудің қажеті туралы бірнеше рет мәлімдеді. Осындай саяси реформа аясында 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Содан бері көптеген елді мекенде жаңа әкімдер қызметіне кірісті. Осы өзгерістердің заңды жалғасы – аудан әкімдерін сайлау болмақ. Президент Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бірлескен отырысында бұл мәселеге ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, мұндай өзгерістер ел болашағы үшін ауадай қажет. Заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық іргелі құндылықтарға айналуға тиіс.
«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», деді Қ.Тоқаев депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.
Ендеше, елімізді тағы бір маңызды сәт күтіп тұр. Аудан әкімдерін биыл пилоттық режімде сайласақ, келесі жылдан бастап жаппай қолданысқа енбек. Сонымен қатар ауыл әкімдерін сайлау да жалғасады. Яғни екі деңгейлі атқарушы билік өкілдерін халық таңдайды.
Ал ауыл әкімдерін тікелей сайлау 2021 жылы басталды. Тұрғындар саяси бәсекеге белсене қатысты. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау берілген елді мекен тұрғындары ауылының болашағына бейжай қарамайтынын аңғардық. Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Елді мекендердегі мұндай саяси дода 2013 жылы басталған-ды. Төрт жылдан кейін, 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері сайланды. Дегенмен бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықталды.
Сарапшылар ауыл әкімін сайлау демократиялық өзгеріске жол ашатындығын айтады. Сондай-ақ халық әкімнің атқарған жұмысының нәтижесіне қарап баға бере алады. Яғни керек сәтінде қолдап, кез келген уақытта арыз шағымын айта алады. Мұндай пікірді «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі заңгер Сағидолла Баймұрат та қолдайды. Оның айтуынша, ауыл әкіміне сол аймақтан шыққан немесе сол өңірге қатысы бар адам сайлануға тиіс. Яғни елді мекеннің ерекшелігі мен ахуалынан хабардар үміткер ғана ауылды дамытуға мол үлес қоса алады.
Экономикалық сарапшы Жасұлан Кушебаев ауыл әкімдерін сайлаудан мол үміт күтеді. Өйткені ауылдардың көркеюі жалпы елдің көркеюіне әкелетінін алға тартады. Ендеше, оларды сайлау, белгілі бір деңгейде дербестік беру жұмыс аясын кеңейтпек.
«Ауылды көркейтуге, сол жердегі әлеуметтік экономикалық мәселелерді шешуге ең біріншіден ауыл әкімі жауапты екенін ескеруіміз керек. Алайда көптеген ауыл әкімдері өздерінің міндеттерін түрлі себептерге байланысты дұрыс атқара алмай келе жатыр. Осы жерде атап өтетін ең басты себеп – ауыл әкімдерінің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, ауыл мәселелерін шешуге қажетті қаржы көлемін тартуда және басқаруда тәуелсіздігі жоқ. Әрине, еліміздегі ауыл әкімдерін сайлау және оларға жекелеген салықтарды өндіру бойынша қосымша өкілеттіктер беру секілді реформалар өте уақытылы әрі дұрыс жасалып жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері 187 млрд теңгені құрады. Соның 32 млрд теңгеге жуығы немесе 17,1 пайызы өздерінің жинаған кірістері. Ал 155 млрд теңгесі жоғары тұрған бюджеттен трансферт ретінде алған», дейді Ж.Күшебаев.
Сарапшының айтуынша, дербес бюджетті қалыптастыру әкімдердің жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу мүмкіндігін және азаматтардың өз ауылын, елді мекенін дамытуға бағытталған шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі күні ауыл әкімдеріне төрт салықтан (табыс, мүлік, жер, транспорт салықтары) түскен ақшаны және салықтық емес табыс көздерін өздеріне қалдырып жұмсауға рұқсат берілген.
«Бұл орта есеппен ауылдардың бюджетінің 15 пайызын ғана құрайды. Бұл статистикадан әлі күнге дейін трансферт көлемі жоғары екенін байқаймыз. Бұл ауыл әкімдерінің ауыл бюджетінің жергілікті кіріс көздерін тартуда әлсіз жұмыс жасап жатқанын білдіреді. Сонымен қатар қазіргі күні ауыл әкімдерінің бюджет көздерін басқаруда қаржылық білімдерінің жетіспеушілігін де атап өткен жөн», дейді Ж.Күшебаев.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева ауыл әкімдерін тікелей сайлау шешімдердің сапасы мен тиімділігін жақсартатынын алға тартады. Өйткені бұл – мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті демократия институттарын күнделікті тәжірибеге енгізудегі маңызды бағыттардың бірі.
«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жергілікті жерлерде қабылданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігін арттырғаны анық. Бұған екі фактор септігін тигізеді. Біріншіден, қабылданатын шешім әрбір ауылдың қажетіне байланысты жүзеге асады. Қазақстанда бір-бірімен айырмашылығы бар 2 мыңнан астам ауыл бар және ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты оларды басқаруда бірегей әдіс қалыптастыруға септігін тигізеді. Екіншіден, ауыл басшысының келесі мерзімге қайта сайлануы ауыл тұрғындарына тікелей байланысты», дейді Ж.Санхаева.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елубаевтың айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау секілді бастамалар орталықсыздандыру саясатын тиімді жүргізуге жол ашады. Яғни билік пен ресурстарды орталық биліктен жергілікті билік органдарына, өзін-өзі басқару органдарына және азаматтық қоғамға ішінара беріледі.
«Кәсіби кандидаттар тобының қалыптасуы маңызды. Сайланған әкім өз қызметі туралы тұрақты түрде есеп беру, жауапкершілікті жүктейді. Бірқатар зерттеуде орталықсыздандыру міндеттерді жақсырақ орындауға, жергілікті атқарушы органдардың сапасы мен есеп беруін арттыруға, азаматтардың қажеттілігі мен үмітіне жақсы ден қоюға, олардың жергілікті шешім қабылдау үдерісін кеңейтуді ілгерілетуге септігін тигізеді», дейді Р.Елубаев.
Сарапшы екі жыл бұрын басталған ауыл әкімдері сайлауының маңызы ерекше екеніне тоқталып, бірақ қоғам назарына жеткілікті түрде ілінбегенін алға тартады. «Мысалы, бірінші кезеңде өткізілген ауыл әкімдерін сайлау қорытындыларына назар аударсақ, үміткерлердің көбі өзін-өзі ұсынған. Солардың басым бөлігі мұндай қызметке бірінші рет сайланған екен. Осы орайда, сайланған әкім жергілікті қауымдастық, жергілікті жұртшылыққа тәуелді екенін мойындау керек. Өкінішке қарай, БАҚ беттерінде ауыл әкімдерін сайлау кампаниясы жеткілікті деңгейде жариялаған жоқ», дейді саясаттанушы.
Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері сайлау арқылы анықталады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Сарапшы Жасұлан Кушебаев шетелдік тәжірибеге сүйенсек, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынына назар аударады.
«Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттерін басқаруда автономдық беру Еуропа елдерінде сәтті қолданылады. Мысалы, Аустрияда муниципалитеттер жергілікті бюджеттерді қалыптастыру көздеріне кәсіпкерлік қызметке, жылжымайтын мүлікке, жалақыға, сусындарға, ойын-сауық индустриясына салынатын салықтар, сондай-ақ айыппұлдар, лицензиялық алымдар және жергілікті қорға түсетін басқа да түсімдер жатады. Ал Венгрияда ауыл бюджетінің бір бөлігін азаматтардан алынатын салықтар, жер рентасы, демалыс және мәдени іс-шаралар орындарынан алынатын ренталар және басқа да жергілікті түсімдер құрайды», дейді Ж.Күшебаев.
Осы орайда, Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілгенін атап өткен жөн. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Осы бағытта бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібі өзгертілді. Бұрынғы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастамалардың өзі бір төбе.
Ал 2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды. Мұның бәрі тиімді болғанын уақыт көрсетіп отыр.
Сондай-ақ Президент ұсынған аралас сайлау жүйесі биылғы наурызда іс жүзінде жүзеге асты. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Бұдан бөлек, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді. Аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Бұл елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға бағытталған соны қадам деуге болады.
Саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов ауыл әкімдеріне қарағанда аудан әкімдерін сайлаудың орны бөлек екенін айтады. Өйткені ауылдардағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекітіледі. Сондықтан ауданның маңызы зор.
«Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Екінші жағынан халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады», дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Қ.Майгелдинов.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елубаев ауыл әкімдерін сайлау кезінде саяси додаға 1,2 миллион адам араласқанын, ал аудан әкімдерін сайлау кезінде бұл көрсеткіш ұлғаятынына назар аударады.
«Соның нәтижесінде, халықтың көпшілігі аймақтағы оқиғаларға тікелей жауапты адамды өзі таңдайды. Яғни жергілікті басқару қызметі тікелей тұрғындарға тәуелді болады. Бұл қаржылай, әкімшілік мүмкіндіктерді кеңейтеді. Өңірлерді басқарудың жаңа әдістерін іздеуге тиіс. Сондықтан аудан әкімдерін сайлау кезінде кандидаттар соған сай болуы қажет. Сондай-ақ кәсіби, саяси бәсекелестік нарығы қалыптасу керек. Қазақстандағы бүкіл қоғамдық қызметтердің сайланбалы болуы елдегі демократияны нығайтуға әсерін тигізеді. Әрине, бастапқы кезеңде аташылдық, жершілдік деген мәселелер туындайды. Бірақ, оны үлкен реформа жолындағы бір саты ретінде қарастыру керек. Одан да өтеміз», дейді Р.Елубаев.
Сондай-ақ саясаттанушы әкімдердің сайланбалы болуы партиялық бәсекелестікті де арттыратына назар аударып отыр. «Саяси партиялар өз өкілдерін, партияластарын өңірлердегі билікке әкелу арқылы республикалық деңгейдегі беделін көтереді. Тікелей шешім қабылдауға тікелей әсер ете алады. Мұның нәтижесінде жалпы Қазақстандағы саяси бәсекелестік, саяси билік үшін күрес нығаяды», дейді ол.
Қорыта айтқанда, елімізде басталған саяси реформалар жалғасып, ендігі жерде соны жүзеге асыруға кірістік. Ауыл әкімдерін сайлау – халықты саяси өмірге белсене араластырудың алғашқы сатысы болса, аудан әкімдерін дауыс беру арқылы анықтау – келесі қадам. Осылайша, еліміз демократиялық даму даңғылының кезекті белесін бағындырмақ.