Соңғы уақытта киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтық азаматтарға үлкен залал әкелуде. Қылмыскерлер ақша ұрлаудың жаңа жолдары мен әдістерін ойлап тауып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстың осы түрімен күресу үшін ІІМ «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді.
Пилоттық жоба өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап елорданың «Есіл» ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімінің аумағында іске асырылуда.Құрамында бес тергеуші, бес жедел уәкіл және бір ІТ-криминалист бар «CyberPol» тобы аз уақыт ішінде 234 интернет-алаяқтықты ашып, сотқа 184 қылмыстық іс жіберген.
«Қазіргі уақытта бізде өтініш қабылдау жеңілдетілген. Адам келгеннен кейін біз оның арызын қабылдаймыз. Сол қабылдаған тергеуші бұл істі соңына дейін өзі жүргізеді. Біріншіден, адам уақыт жоғалтпайды, екіншіден, ол әрқашан тергеушімен байланыста болады», дейді «CyberPol» соққы-нысаналы тобының аға тергеушісі Нұртас Саттар.
Орталықта цифрлық зертхана жұмыс істейді, онда мамандар гаджеттерге техникалық тексерулер жүргізіп, алаяқтық әрекеттер жасалған бағдарламаларды анықтайды.
«Бірінші кезекте ІІМ тарапынан киберқылмыстарды тергеуге ерекше назар аударылып жатқанын атап өткім келеді. Соның арқасында «CyberPol» пилоттық жобасы құрылды. Бұл – киберполиция. Шын мәнінде, киберқылмыстарды тергеумен айналысатын жеке бөлімшені жасақтау шешімін дұрыс деп ойлаймын. Себебі бұл үлкен білімді, ресурстарды және белгілі бір ақпаратты алу үшін әртүрлі құрылымдармен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды қажет етеді», деді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының киберқауіпсіздік саласындағы маманы Виталий Перов.