• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Құтқарушы 18 Сәуір, 2023

Қар құрсауынан құтқарылды

210 рет
көрсетілді

Күн сәулесі ұзарып, жер кеңи бастаған көктемнің керім сәті сап тыйылды да, күн күрт суытты. Жұрт «бесқонақ басталды, сәуірдің өзі тәуір, 5 күні ауыр» десті. Артынша аласұра соққан адасқақ жел қарлы боранға ұласып, әп-әдемі дүниені ұршықтай үйіріп әкеліп қаңтардың қақ ортасына тастай салғандай болды.

«Қазгидромет» филиалының өкілдері 14 сәуірде өңірдің оңтүс­тік аудандарында күн райы – 10 градусқа дейін суытады, қар ара­лас бұрқасын тұрып, авто­көлік жолдарын көктайғақ жабуы мүмкін деп ескерткен. 15-іне қа­раған түні Арқалық төңірегінде, Жітіқара, Қамысты, Амангелді, Жангелдин аудандарында боран күшейді.

Табиғаттың тосын мінезі, әсіресе, Амангелді ауданындағы шаруабасты ағайынды әбігерге салып кетті. Мәселен, бұл өңірдегі төтенше жағдай қызметкерлері 17 сәуірде қар құрсауында қалған 8 адамды құтқарып қалған.

«Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары Мақат ауылынан бірнеше шақы­рым жерде орналасқан жұмыс­шылар қосынына азық-түлік апара жатып қарлы боранда қалып қойған. Жолда қалғандарға көмектесу үшін шыққан жүк тиегіш техника да қалың қардан өте алмай, омбылап батып қалады. Бұл хабар аудан орталығындағы өрт сөндіру бөліміне таңғы сағат 6-дан өте түсті. Құтқарушылар хабар алысымен дереу жолға аттанып, Мақат ауылынан 8 шақырым жерде қар құрсауынан шыға алмай тұрған «Нива» автокөлігін қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Сағат 09:45-те автокөліктегі алты адамның бәрі аман-есен Ма­хат ауылына жеткізілді», деп мә­лімдеді облыстық төтенше жағ­дай де­пар­таментінің баспасөз қыз­меті.

Амангелділік құтқарушылар бұдан бір күн бұрын қарлы боранда адасып кеткен 2 шопанды іздеп тауып, малшылар қыстауына жет­кізген. Шопандар дәрігер көмегінен бас тартыпты.

– «Сәуір болмай, тәуір болмас» дейтін қазақ емеспіз бе. Мал­ды қырға шығарып, арқаны кеңге салып жүргенде табиғат тосын мінез танытып, әбігерге салғанын қарашы. Арқаның бесқонағы боранымен келіп әбден састырды. Ыққан малды қайырамыз деп атқа қонған екі азамат боранда адасып кеткенін естіп, Амангелді ауданының төтенше жағдай бөлімінен көмек сұрауға тура келді. Өз істерінің нағыз мамандары дереу іске кірісіп, айдалада қалған азаматтарды тауып, аман-есен үй­леріне жеткізді. Адам өміріне қауіп төніп тұрған сын­дарлы сәтте шұғыл шешім қабылдап, шопандардың аман-сау оралуына көмектескен құт­қару­шылар мен Үрпек ауылдық учаскелік инспекторына алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны Серік Төлекбаев.

 

Қостанай облысы