Қазақстандықтар енді аңшы куәлігін EGov Mobile қосымшасы арқылы рәсімдей алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, цифрлық аңшы куәлігін Қазақстан аумағында жеке тұлғаның аң аулау құқығын куәләндыру үшін пайдалануға болады. Аталған құжат 2023 жылдың қаңтарынан бастап оны рәсімдеген азаматтар үшін қолжетімді.
«Жаңа цифрлық құжатты табу үшін eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, басты беттегі «Цифрлық құжаттар» бөліміндегі «Аңшы куәлігіне» басу қажет. Цифрлық құжат - түпнұсқа құжаттың баламасы», делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, қазір eGov mobile мобильді қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисінде 24 құжат бар. Атап айтқанда, жеке куәлік, ҚР азаматының паспорты, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, ПТР тесті, туу туралы куәлік және тағы басқалары. Барлық цифрлық құжатты талап ету орны бойынша ұсынуға болады.