«Махаббат, қызық мол жылдар» – Әзілхан Нұршайықовтың оқырмандар арасындағы аса оқылымды туындысы. Бірақ ең алғаш Ербол мен Меңтайдың трагедияға толы махаббат хикаясын Мұқан Иманжанов «Есеновтің тағдыры» әңгімесіне арқау еткен. Оның шығармасы 1955 жылы жарияланған. Ал Әзілхан Нұршайықовтың романы 1970 жылы жарық көрді.
Ә.Нұршайықов ол туралы өзінің М.Иманжановқа арнап жазған естелік кітабында айтады. Кітапта екеуара алмасқан хаттың соңындағы түсініктемеде: «М.Иманжанов өзінің «Есеновтің тағдыры» деген әңгімесін Ә.Нұршайықов берген сюжетке негіздеп жазған», дейді. М.Иманжановтың Ерболы – Есенов ғашығын ұмыту үшін филологиядан медициналық институтқа ауысқан хирург образында беріледі. Меңтайы – Биғайша. Екеуінің қосылуына кедергі болған оқиғалар әсерлі, қысқа баяндалады.
Бірақ бұл әңгіме автордың көңілінен шықпаған. Өзінің Әзілхан Нұршайықовқа жазған хатында былай дейді: «Айтпақшы, әңгімеге берген кеңесіңе көп рахмет. Қазір жинақ дайындап жатырмын. Пікіріңді сонда мықтап есепке аламын. Адам алғашында онша аңғара бермейді ғой, өзі (сол әңгімені айтамын) тіпті нашар жазылыпты. Енді оқып, өзім қабақ шытып отырмын. Бірақ қазір кеш. Бір түртіп қалған соң, оны-мұны жасағаныңмен, бәрібір мықты дүние болмайды. Басында ізі мықтап салынбаған соң, қарақшыдан ұзап кете алмайсың. Түгелдей қайта жазуға көңіл соқпайды».
Ал Әзілхан Нұршайықов әңгіме жарияланғаннан кейін Мұқан Иманжановқа жазған хатында: «Екінші қуантқан сіздің әңгімеңіз болды. Қызыға, сүйсіне оқыдым. Бас алғам жоқ. Орта тұсына келгенде әнеукүнгі мен айтқан ғашықтық негізіне бұрылған ба деп ойлап қалып едім. Өйткені суреттеу басында мен айтқандай элементтер бар екен. Бірақ мен қыздың жақсы екенін басында айтып едім. Мұнда қыз жаман емес, дегенмен бұл басқа пландағы қыз», деп жазады.
М.Иманжановтың «Есеновтің тағдыры» әңгімесі өте қысқа жазылғандықтан, Ә.Нұршайықов ол сюжетті кеңейтіп, артынан белгілі «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазған.