• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2023

Шаң басқан шаһар немесе Атырау қашан жасыл желекке оранады?

5355 рет
көрсетілді

Өндірісі өрге басқанмен, Аты­раудың экологиясы өркен жая алмай тұр. Мұнда жұрттың бәрі қы­зыға қарайтын баррельмен ба­ғаланған мол мұнай бар. Бірақ қоршаған орта тазалығы алаң­датарлық ахуалды бастан кешіп отыр. Ғаламдық жылынудың әсері ме, әлде өзге себебі бар ма, ала жаз­дай жаңбыр, қыс айларында қар жаумайды. Тұңғиығында «қара алтын» тұнған қазыналы өңірдегі аптап ыстық пен құрғақшылықтың, бәлкім, қоршаған ортаны қорғауға немқұрайды көзқарастың әсері ме, әйтеуір батыс пен шығыстан қаты­найтын теміржол мен автокөлік жолының бойында жайқалып тұрған жасыл желек жоқ. Үп еткен самал желдің екпіні сәл үдесе, әп-сәтте кенезесі кеуіп, шөліркеген кең жазиралы даланы да, у-шуы көп мұнайлы шаһарды да ала шаң басады.

Түтін бе, әлде тұман ба?

Тегінде табиғатқа қарсы жасал­ған тағылықтың орасан зардабы бар. Қор­шаған орта тазалығына қаншалықты бақылау жасап отырғанымен, заң талабы жиі бұзылады. Кен орнын игеретін, жол құрылысын жүргізетін кәсіп­орындар құдды үйді айнала беріп, тентектік жасайтын ерке баланың әрекетіндей табиғатқа ойына кел­генін жасайды. Ал мұның зар­дабын тұрғындар да, тіршілік атаулының бәрі тартып отыр. Дәлел ретінде айтсақ, кейінгі жылдары атыраулықтар түтіннен көз ашпайтын болды. Тіпті кейде Атырау аспанын тұмшалап, күн көзін көлегейлеген түтін мен тұманды айыру мүмкін емес. Мә­селен, былтыр да, биыл да Кас­пий жағалауындағы қамыс өрті бірнеше күн бойы сөндірілмеді. Жағалаудағы 1 200 гектарды жалын шарпыды. Бұған не себеп?

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басты­ғының міндетін ат­қарушы Нұр­лан Жаңабаевтың айтуын­ша, қамыс өртін сөндіру оңай емес. Өйт­­кені теңіз жағалауы сулы, бат­пақты болғандықтан, қамыс өртін тек әуеден сөндіру қажет. Жа­ғалаудағы қамыс қопасы бірнеше жылдан бері жиналып қалған. Оны соқамен жырып, тамырымен қопару қажет. Қопаның үстімен ауыр техниканың жүруі қиын. Соқаның жоқтығынан, тө­теншеліктер қамыс қопасын күрекпен қазу­ға мәжбүр.

«Бірнеше жылдан бері жиналып қалған қамыс қопасының қызуы бет қаратпайды. Өрт сөн­діру­шілер оған 50 метрге дейін таяп бара алады. Теңіз жаға­лауын­дағы өртті сөндіру үшін екі тікұшақ қажет», дейді Н.Жаңабаев.

Жалынмен арпалысып, апат­тық құт­қару жұмыстарын жүр­гізетін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейтін 852 адам бар. Оның ішінде 744 адам өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінде жұмыс іс­тейді. Ал Атырау қаласында 8 өрт сөн­діру бөлімі болуы керек. Қазір шаһарда 4 өрт сөндіру бөлімі ғана бар. Жыл басында 137 адамның жұмыс орны бос тұрған. Жақында 54 адам жұмысқа қабылданыпты. Алайда жаңадан жұмысқа қабыл­данғандарды бірден өрт сөндіру ісіне жібермейді. Өйткені олар өрт сөндірудің қосымша оқу курсында тактикалық әдістерін әбден үйренуі қажет.

Облыстық мәслихаттың депу­таты Арман Хайруллиннің мә­лі­метінше, «Ақ­жайық» мемле­кеттік табиғи резер­ватының ма­териалдық-техникалық базасы назар аударуды қажет етеді. Мә­селен, резерватта шынжыр табанды 11 трактордың біреуі де жоқ. Өрт сөндіруге арналған 3 көліктің екеуі ғана бар. Бірақ ескі көліктер бұзылып тұр. 9 трактордың екеуі­мен өнімді жұмыс атқаруға бола ма? Бақылау жүргізу үшін қа­жетті 69 мотоциклдің біреуі де алынбаған.

Міне, осындай себептер Кас­пий теңі­зінің жағалауындағы қамыс өртінің тез сөндірілмеуіне әсер етіп отыр. Қамыс түтінінен атмосфералық ауа бүлінеді. Мұ­ны облыстық экология депар­та­ментінің мамандары жоққа шы­ғармайды. Департаменттің бас­пасөз қызметі таратқан ақпа­ратқа қарағанда, Air.kz сайтында 29 наурызда ауа сапасын бақылайтын бірнеше стансада күкіртті сутегі қоспасының дерегі тіркелген. Мәселен, «НКОК Н.В.» компаниясына тиесілі «Жилгородок» стансасында күкіртті сутегі қоспасы бір текше метрге 94,6 мкг болған. «Авангард» стансасында 82,4 мкг, «Загородная» стансасында 160 мкг, «Шағала» стансасында 57,9 мкг, «Акимат» стансасында 62,3 мкг, «Восток» стансасында 53,0 мкг көрсеткен. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі «Химпоселок» стансасында бұл көрсеткіш 39,0 мкг, «Пропарка» стансасында 20,0 мкг, «Перетаска» стансасында 42,0 мкг, «Мирный» стансасында 68,0 мкг тіркеліп, қызыл түске боялған.

Ал 7 сәуірде Атырау қала­сына жақын орналасқан Дамбы ауы­лының тұрғындары әлеумет­тік желіде видео жүктеді. Онда түтіннен әлде тұманнан көлік­тер­дің қозғалысы қиындағаны ай­тылған. Осыған орай эколо­гия департаментінің зерт­ханалық-талдамалы ба­қы­лау бөлімінің басшысы Сапар Тұрсын­беков, Дамбы ауылдық окру­гінің әкімі Ұзақбай Байзул­лин, төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының орынба­сары Жасұлан Ақтаев, «Қазгидромет» РМК қоршаған ортаны мони­торингілеудің кешенді зерт­ханасының басшысы Әсем Мұра­туллина, метеопрогноздар бөлімінің басшысы Айна Қазғұлова ауыл тұрғындарымен кездесті. Олардың түсіндіруінше, 7 сәуір­де жергілікті уақытпен сағат 05:01-09:15 ара­лығында тұман байқалған.

 

«Өкпемді өкпелетпе!»

Ауаның ластануы атырау­лықтарды алаңдатқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда тұр­ғындардың алаңдауына назар аударылып отырған жоқ. Сол себептен 9 сәуірде жергілікті журналистер рұқсат етілген бейбіт митинг ұйымдастырды. Бейбіт митингке жиналғандар қолына «Өкпеге ауа жетпейді», «АтМӨЗ, бізді улама!», «Өкпемді өкпелетпе!», «Бізді улауды доғарыңыз!», «Таза ауа – таза болашақ», «Атырау, дем ал!» «Экология пайдадан қым­бат» секілді жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

«Бізді ауаның ластанғаны әбден шаршатты. Соңғы кезде тыныс алу мүмкін емес. Ауада күкірт­ті сутегінің иісі қатты сезі­леді. Біз де адамбыз ғой. Таза ауамен демалуға құқығымыз бар. Басты талабымыз – тұрғындардың таза ауамен тыныстауына ықпал ету», дейді ұйым­дастырушының бірі Нұргүл Хайруллина.

Облыстық мәслихаттың депутаты Арман Хайруллиннің дерегіне сүйенсек, Атырау облысында кейінгі бес жылда экологияны ластауға байланысты 2 500-ден аса дерек тіркелген. Оның ішінде қоршаған ортаға жоғары ластану әсері тиетін 300-ден аса дерек бар. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС атмосфералық ауаға жылына 60 мың тонна, NCOC 23 мың тонна, Атырау мұнай өңдеу зауыты 10 мың тонна зиянды шығарынды шығарады. Осындай зияндыларды қоса есептесек, Атырау облысының әр тұрғынына 214 кг-дан шығарынды тиеді. Бұл – тек бір жылдың көрсеткіші.

Ал «Глобус» экологиялық-құқық­тық бастамалар орталы­ғының жетекшісі Галина Черно­ваның айтуынша, кезінде «Теңіз­шевройл» NCOC секілді компания­лар жаңа технологияны іске қосып, экологияны бүлдірмейді деген үміт болған. Алайда компаниялар ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар, күкірт мәселесін толық шешпей отыр.

«Атырау тұрғындарының эколо­гиялық факторлардың әсері­нен ауруға шалдығу дерегінің динамикасы туралы ашық ақпарат айтылмайды. Тұр­ғындардың денсаулығына кешенді зерттеу жүр­гізілмейді. Ал тұрғындар онко­­ло­гиялық аурулардың артуына өнер­кәсіптік кәсіпорындар мен мем­лекеттік органдарды кінә­лайды. Сол себептен эко­логиялық жағдайдың аты­раулықтардың денсаулығына әсерін бағалау үшін зерттеу жүргізуді талап етемін», дейді жергілікті белсенді Лаура Сүлейменова.

 

Жасыл желек жайқала ма?

Жасыл желегі аз қаланың бірі – Атырау. Төтесінен айтқанда, бұл шаһарға жасыл желек керек. Бұрынғы кезеңді айтпағанда, ел тәуелсіздігін алғаннан бері бір­неше мыңдап көшет егілге­німен, жайқала өскен жасыл желек кө­рінбейді. Мәселен, 2020 жылы Атырау қаласында жергілікті белсенділердің ұсынысымен Жастар саябағына 2 гектар жер телімі бөлінді. Оған 1000 жеміс ағашының көшеті егілді. Сол кезде шаһар әкімі лауа­зымын атқарған Қайрат Оразбаев шамамен 9 айда 20 мыңға жуық тал көшеті егілгенін айтқан еді. Тіпті өңір экологиясын жақсарту үшін арнайы жол картасы қабылданды. Мұнай-газ өнеркәсібінен мол табыс тауып отырған «Теңізшевройл», «НКОК Н.В.», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Ембімұнайгаз» АҚ секілді ком­панияларға жер телімі бөлініп, көшет егу тапсырылған еді.

Атырау облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында 7 млн көшет егу көзделген.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында 2021-2025 жыл­дары орман алқабында 2 млрд тал егу жөнінде берілген тапсырмасы бар. Осы тапсырманы жүзеге асыру үшін Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтуға арналған кешенді жос­пар бекітілді. Жоспарға сәйкес бес жылда 2 803 гектар орман алқабына барлығы 7 млн көшет егу жоспарланды. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен 805 млн 400 мың теңге бөлу жоспарланды», дейді Н.Жантоқов.

Оның айтуынша, 2021 жылы об­лыстық бюджеттен 214 млн теңге қа­ражат бөлінген. Бұл қар­жы орман ша­руа­шылығы ме­ке­мелеріне техника алу­ға, тұқым жинау, өңдеу, сақтау, қор­­шау жұмыстарын жүргізуге, мау­сым­­дық жұмысқа қосымша тар­тылған жұ­мысшылардың еңбек ақысын төлеуге жұмсалған. Сол жылы облыстағы орман қорының 309 гектар алқабына 905 мың көшет егіліпті. Ал былтыр орман қорындағы 543,5 гектарға 1 млн 389 мың көшет егу жоспары толығымен орын­далған. Бұл үшін облыстық бюджеттен 253,1 млн жұмсалған.

«Бес жылдық жоспарға сәй­кес биыл 573,5 гектар жерге 1 млн 439 мың көшет егу қолға алынбақ­шы. Оның ішінде қа­ра­ағаш, үйеңкі, шаған, қара тал, ирга, сексеуіл, та­­марикс көшеттері бар. Қа­зір да­йын­­дық жұмыстары жүр­гізі­ліп жатыр», деп мәлім етті Н.Жан­тоқов.

Елді мекендерде көгал­дандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бар. Соның аясында 275 гектар аумаққа 540 мың көшет егіледі. Биыл 54,7 га жерге 111 042 көшет отырғызу жоспарланған.

«Каспийдормостострой» ЖШС мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі жобасымен Атырау қа­ласында бес жыл ішінде 25 мың көшет егуді міндетіне алған. Серік­тестік бұл істі 2019 жылдан бері атқарып келеді. «Біздің серіктестік әкімдікпен бес жылға шарт жасасты. Соған сәйкес жыл сайын 5 мың көшет егеміз. Биыл соңғы жыл. Көктем маусымы басталғалы 300-ге жуық көшет егілді. Қазір қаладағы Әбілқайыр хан, Берғалиев көшелері мен Атырау – Орал, Атырау – Астрахань бағытындағы жолдардың бойында 25 мыңға жуық жасыл желек бар. Біздің міндетімізге шаһардағы 67 мың тал мен 130 шаршы метр жасыл алаңды, 12 мың шаршы метр гүлзарды баптау кіреді», дейді Атырау қаласын көгалдандыру жобасының жетекшісі Леонид Задерный.

Ал өткен аптада облыстық, қалалық әкімдіктердің қызметкерлері мен өңір тұрғындары Атырау – Орал тасжолының бойына қараағаш, шаған мен үйеңкінің 500 көшетін екті. Алайда әр жыл са­йы­н мыңдаған көшет егілгенімен, бұдан қай­ран болар емес. Жыл сайын ша­һардың әсем ғимараттарын шаң басып, эко­ло­гияға кері әсері тиіп тұр.

 

Атырау облысы