Астана жұртының таң атысымен EXPO халықаралық көрме орталығына қарай ағылып жатқанына, міне, үшінші күн. Әрине, жылына бір рет болатын «Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі оқырман қауымға таптырмас мүмкіндік. Ыбырайша айтсақ, «тілегені алдынан іздемей-ақ табылатын» көрмеден кім құр қалсын!
Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Жәрмеңкеге қатысу үшін елордаға 40-қа жуық мемлекеттен баспа ісі және кітап бизнесінің өкілдері, жазушылар мен кітапсүйер оқырман жиналды. Мәселен, көрмеге қатысуға Қазақстан, Ресей, Түркия және Қытайдың баспа, кітап сату, ғылыми, білім беру және полиграфиялық компанияларының өкілдері саналатын 70-ке жуық компания өтінім берген.
Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырман мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи үздік ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну, дүниежүзілік кітап басып шығару және полиграфия индустриясының тәжірибесін зерделеуді, сондай-ақ баспа саласындағы жетістіктерді көрсетуді мақсат еткен ауқымды көрме барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ересектерге де, балаларға де бірдей қызықты болатын бес күндік бағдарлама мәдени және іскерлік тақырыптардан тұрады. Атап айтсақ, қазақстандық және шетелдік жетекші баспалардың балалар, көркем, оқу және ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтарының тұсаукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессиялары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және басқа да шеберлік сабақтары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, «Eurasian Book Fair-2023» көрмесінің құрметті қонағы – Абай ауданы аталған жәрмеңкеге ауқымды мәдени-іскерлік бағдарлама дайындаған. Көрменің барлық күндерінде облыс стендінде және форумда жазушылармен кездесулер, әртістер мен театр актерлерімен қойылымдар, мәдени бағдарламалардың тұсаукесері өтуде. Жалпы, Абай өлкесі аса көне және сирек кездесетін кітап ескерткіштерімен, XVIII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басындағы өлкетану басылымдарымен, бай кітап қоры бар бірегей кітапханасымен танымал екенін білеміз.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне министрлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов аталған жобаның отандық кітап ісі саласына тигізер ықпалы үлкен екенін атап өтті.
«Жәрмеңкені аралап, қонақтармен, зиялы қауым өкілдерімен кездестім.
Аталған іс-шара – еліміздің кітап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік. Оқырмандар үшін кітапсүйер қауыммен әдеби ұсыныстарымен бөлісіп, әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сессиялары мен дәрістерге қатысудың таптырмас алаңы. Біз осындай іс-шараларды одан әрі қолдауды жоспарлап отырмыз. Оларды тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де өткізетін боламыз», деді министр.
Сондай-ақ ол аталған ведомство түрлі жанрдағы кітаптар басып шығару, мемлекеттік кітапханалардың қорын толықтыру, жас жазушылар мен ақындардың конкурстарын өткізу, әдеби фестивальдар мен форумдар ұйымдастыру сынды бағытта аянбай еңбек етіп жатқанын айтты. Мәселен, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында тек 2022 жылы ғана ҚР МСМ қолдауымен 506 мың дана тиражбен 188 жаңа кітап жарық көрген. Ал биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табысталмақ.
Кітап жәрмеңкесінің ерекшелігі сол, әр алаңда сағат сайын түрлі іс-шара өтіп жатты. Бір бұрышта автор қолтаңба беріп жатса, енді бір алаңда жаңа кітап таныстырылуда. Одан бөлек шеберлік сабақтары, кездесулер – қыз-қыз қайнаған тіршілік. Әсіресе, көрменің ең үлкен екі алаңы саналған «Фолиант» баспасы мен Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған Абай алаңында әртүрлі форматта әдеби жиындар ұйымдастырылды. Мәселен, күні кеше ғана ақын Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әнші Айгүл Иманбаеваның модераторлығымен өткен басқосуда көрерменнің де саны көп болды. Жаңа туындының лентасын филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов пен Сауытбек Абдрахманов қиды. Бұдан бөлек Медеу Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы», Тимур Нығматуллиннің «1916», Роберт Киндлердің «Сталиндік көшпенділер» атты туындылары таныстырылды. Сондай-ақ алдағы күндері балаларға арналған жаңа кітаптардың, Әкбар Гошалының «Тұранның бір түп жусаны», Жадыра Шамұратованың «Сандық», нон-фикшн жанрындағы жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі жоспарланып отыр.
Ал Абай алаңында «Мазмұндама» қорының төрағасы Шыңғыс Мұқан, жазушылар Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Ұларбек Нұрғалымұлы, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан, ақындар Ақберен Елгезек, Танакөз Толқынқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Құралай Омар, психолог-тренер Сейілбек Мырзабай, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі Санжар Керімбай, «Отбасы хрестоматиясы» жобасы авторлары Сәкен Нұрқабекұлы мен Айбек Нәбимен шығармашылық кездесу, жас ақындармен поэзия PARTY, «Перо» қорының жетекшісі Елден Сарыбаймен панельді пікірталас алаңы, сондай-ақ подкасттар мен «Жанды кітапхана» арнайы бағдарламасы жоспарланған.
Сонымен қатар көрме аясында «Абай» баспасынан жарық көрген 24 кітаптың тұсауы кесілді. Оның ішінде Абай, Мағжан, Мұқағали, Төлеген, Жарасқан Әбдіраш, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин есімді қаламгерлермен жалғаса береді. Одан бөлек «Көзімнің қарасы» (Е.Шүкіман), «Ұлттың ұлы ұстазы» (ұжымдық жинақ), «Әуезов әлемі» («Қазақ әдебиетінің кітапханасы» атты жаңа топтаманың тұңғыш томы), «Эпикалық жыршылық» (Б.Жүсіпов), «Әуестік әлемі» (Қ.Мұқаш), «Ақын жары» (С.Айбергенова), «Қараш батыр» (З.Әбдешев), «Құт» (Қ.Мұқаметқали) және «Волшебник» (О.Әубәкіров) жинақтары да таныстырылды.
Ұлы Жібек жолы – адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан мәдени мұра. Бұл – экономикалық сауда жолы ғана емес, мәдениеттердің алмасуына, өркениеттің дамуына, мемлекеттер мен халықтардың жақындасуына ықпал еткен, Азия мен Еуропаны жалғаған алтын көпір. 2019 жылы Жазушылар Одағы мен «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасының арасында «Жібек жолындағы 100 қала» жобасын жүзеге асыру жөнінде екіжақты келісім жасалған болатын. Жоба аясында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қалалар туралы кітаптар шығару көзделген. Аталған кітаптар сериясы «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоба болып саналады.
Осыған орай, 2020 жылы «Фолиант» баспасы Қытайдың «Шанхай» (Е Синь), «Чжухай» (Чэнь Юй, Цзянь Хонлян) және «Хами» (Цзяньдань) қалалары туралы кітаптарды жарыққа шығарды. Кітап жәрмеңкесінің аясында 22 сәуірде Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалалар туралы кітаптардың таныстырылымы болады. Қытайдың «New Star Press» мемлекеттік баспасынан қытай тілінде, «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрген Кәдірбек Сегізбайдың «Алматы», Несіпбек Дәутайұлының «Тараз» және Мархабат Байғұттың «Түркістан» атты еңбектерінің тұсаукесері өткізіледі. Сондай-ақ ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасы мен «New Star Press» Қытай мемлекеттік баспасы аталған кітаптарды Ұлттық академиялық кітапхананың қорына сыйға тартады. Яғни «Фолиант» баспасы ұйымдастырып жатқан «Eurasian Book Fair – 2023» Еуразиялық халықаралық VI кітап көрме-жәрмеңкесі Ұлы Жібек жолының мәдени жалғасы десек болады.
Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Бұл дода «Үздік оқулық кітабы», «Үздік өлкетану бағытындағы басылым», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап», «Мәдениет пен өнер саласына арналған басылым», «Ғылым және инновация саласына арналған басылым» және Гран при аталымдары бойынша іріктеледі. Жәрмеңкеге қатысқан 37 баспа аталған байқауда бақ сынап отыр. Жеңістен үмітті кітаптар, ең алдымен сапасына, көркемдік-эстетикалық безендірілуіне қарай бағаланады. Жеңімпаздар көрме аясында 22 сәуірде марапатталады. Бұдан бөлек бағалы сыйлықтар ұтысы мен иллюстраторлар бәйгесі жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Eurasian Book Fair» 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне дейін жалғасады.