Мәжілісте «Amanat» фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға қатысқан Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ұлттық жоба аясында қай көздерден қанша қаражат жұмсалатынын айтты.
«Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және мектептер тапшылығын болдырмау үшін 401 жайлы мектеп салынады. Оның ішінде 226 мектеп 2024 жылы іске қосылады. Қалған 175-і 2025 жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда», деді ол.
Сондай-ақ Еділ Оспан Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдар аралығында республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 2,6 трлн теңге көзделгенін еске салды.
«Оның ішінде құрылыс жұмыстарына 1 трлн 360 млн теңге қарастырылған. Атап айтсақ, 2023 жылы 0,5 трлн теңге, 2024 жылы 1,1 трлн теңге, 2025 жылы 1 трлн теңге игеріледі. Оның сыртында мектептерді күтіп ұстауға 200 млрд теңге қарастырылған», деді Е. Оспан.