• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Сәуір, 2023

Кәсіпкер әйелдердің декреттік төлемі қысқарады

798 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізбекші. Заң жобасы ашық талқылауға ұсынылды. Заң жобасы мақұлданса, кәсіпкер әйелдерге декреттік төлем алу үшін өз табысынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды бірдей мөлшерде төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Egemen.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Ұсынылып жатқан заң жобасы қабылданса, әлеуметтік төлемдер схемасына 1 шілдеден бастап өзгерістер енгізіледі.

Кәсіпкер аналардың айтуынша, декреттік төлем онсыз да 12 айда төлеп отырған ақшамен шамалас болды. Райхан Күнгербаева төлем мөлшерін төмендететін болса, әр балаға төленетін ақшаны көбейту керек дейді. 

«Қанша сома құясың, түсетін қаржы сомадан сәл артық болады, шамамен 200 мың теңге шығар. Одан артық алынбайды. Одан да декреттік төлемді жұмыс істеп алған дұрыс. Мысалы, менің 5 қызым бар. 5 қызыма дәл қазір 69 000 аламын. Шындығында 69 мың теңге бір күнге жетпейді. Мүмкін шектеу қойғаны да дұрыс шығар. Қаржы басқаша бөлінетін шығар деп ойлаймын», деді көпбалалы кәсіпкер ана.

Экономист Ләззат Нұрғалиқызы үкімет осындай шектеулер арқылы әлеуметтік қорды сырттан келетін қаржының көлемінен емес әзірге халықтың қалтасынан толтырып жатқанын айтады. 

«Соңғы 12 айдың мөлшерінде есептелінеді. Сіз сол миллионның 10%-ын өзіңіздің әлеуметтік мемлекеттік қорға аударуыңыз керек. Ал тап соның тағы 10%-ын зейнетақы қорына аударсаңыз, әрине, сізге келетін табыс миллион болмайды, екі есе азаюы мүмкін. Алдында 10%-ын төлесеңіз, енді 20%-ын төйлейсіз. Бұрын миллион алатын болсаңыз енді 500-600 мың болып азайып қалады», деді Ләззат Нұрғалиқызы.

Ал қоғам белсендісі Сәбит Рысбай кейбір аналар декреттік төлемді көбірек алу үшін қулыққа баратынын да атап өтті.

«Уақытша, бала көтергеннен кейін жеке кәсіпкерлік ашады. Одан кейін оған көбірек ақша құяды. Айлықтарын көп  қылып көрсетеді. Ал бұл орташа айлықтың өсуіне алып келеді. Кәсіпкерлердің де санын көбейтеді. Мен ол нәрсені дұрыс деп көрмеймін», деді ол.

Биыл Қазақстанда ең жоғарғы декреттік төлем 1 852 200 теңгені құраған. Ал республика қазынасынан бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы үшін 66 миллиард, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақыға 44 миллард теңге бөлінді.