Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья жастармен кездесті. Негізгі талқы ғылымды жандандыру, жас ғалымдарды қолдау тақырыбында өрбіді. Академия басшысы жастардың ұсынысы мен ғылымды дамытуға бағытталған жобаларға ашық екенін айтты.
Кездесуге келген ғылым докторлары, кандидаттар мен PhD, магистр дәрежесі бар түрлі саладағы жас ғалымдар ғылымдағы мәселелерді тізіп берді. Сондай-ақ саланы дамытуға арналған ұсыныстарын ортаға салды.
Ғылым бизнеспен етене жұмыс істеуі қажет. Жиында осындай пікір айтылды. Ғылым мен өндіріс қалашығы салынса, оған ғалымдар шоғырланса, қазақ өнеркәсібі мен өндірісі қарыштап дамиды делінді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Жаңа заңда академияның, оның ішінде жас ғалымдардың рөлі туралы айтылуы керек. Өйткені Тәуелсіздік алған жылдан бері елдегі ғалымдар саны едәуір қысқарған. 1991 жылы 40,8 мың болса, қазір 22,6 мыңға жуық ғылым бар екен. Күнсұлу Закарья ғалымның қоғамдағы мәртебесін көтеріп, ғылымды танытуға күш салу керегін еске салды. Осы арқылы елде жас ғалымдар саны артуы мүмкін. Ол тиісінше отандық өнімнің көбеюіне ықпал етеді.
– Ғылымға тың әрі айтулы өзгерісті жас буын әкеледі. Олардың ой-өрісі де, ойлау жүйесі де басқаша. Сондықтан қазір жас ғалымдарды қолдауға бағытталған тұжырымдамаларды сараптап жатырмыз. Мақсатымыз – Қазақстанды ғылымы дамыған елге айналдыру. Осы мүдде үшін жұмыла жұмыс істеуге дайынмын деген азаматтарға есігіміз айқара ашық, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті.
Идеяны өндіріске айналдыра білген білікті маман Руслан Нұрлыбаев нанотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерге құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін айтса, PhD доктор Азат Сейітхан мемлекеттік гранттық конкурстардың аса қатаң талаптарын жас ғалымдарға тиімді ету жолдары туралы ой бөлісті.
Жиында бас қосқандар ғалымды қоғамға танытуды бүгіннен бастау керегін айтты. Олардың ғылыми еңбектерінің өзектілігі мен пайдасын БАҚ, әлеуметтік желі арқылы көрсетіп отыру керек. Сол арқылы бизнес өкілдері, жас ғалымдар өз қажетін табады. Жалпы, ғылым саласындағы ақпараттандыруды, қазақ тіліндегі контентті дамыту ұсынылды. Телеарналарда, баспасөз бен интернет сайттарда ғылымды қолдайтын тұрақты, арнайы жобалар туралы сөз болды.
Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Рамазан Бекбол мен Әкім Тұрсын қалалық деңгейдегі ғылым мәселелеріне белсене атсалысып, мәслихат сессияларында көтеруге уәде берді.
Жиында айтылған тағы бір ұсыныс – республикадағы ғалымдардың басын біріктіру. Салалық бағытта ұлттық қауымдастықтар құрып, үкіметтік деңгейде қолға алынған өзгерістерге талдау жасайтын орта қалыптастыру. Бұған қоса жас ғалымдардың Ұлттық академиясын құру бойынша нақты тұжырымдама мен мүлтіксіз жүйе әзірлеу ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша жас ғалымдар кезекті отырысқа дейін аталған тұжырымдаманы әзірлемек.