• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2023

Жаңаөзен: Қордаланған мәселе – комиссия назарында

434 рет
көрсетілді

«ҚазМұнайГаз» компаниясының арнайы комиссиясы жергілікті мұнай өндіруші және сервистік мекемелердің қызметіне талдау жүргізу мақсатында Жаңаөзен қаласына барып, еңбек ұжым­дары­мен кездесуді бастады.

Мүдделі тараптардың кездесуі басталды

Компания басқармасы төрағасы­ның орынбасары Дәулетжан Хасанов жетек­шілік ететін комиссия құрамына 33 маман кірген. Олар 1 ай бойы кәсіп­орын­дардың бүгінгі ахуалы, жұмыс­шылардың еңбек ету жағдайлары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректерін анықтау үшін жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізбек. Оның қоры­тындысы бойынша күн тәртібін­дегі өзекті проблемаларды шешуге арналған іс-қимыл жоспары әзірленеді.

Жаңаөзенде болған алғашқы үш күннің ішінде комиссия мүше­лері «Өзен­мұнайгазға» қарасты мекемелердегі 43 нысанның жұмы­сымен танысып, еңбек ұжымдары­мен кездесіп үлгерді.

– Әр нысанда жұмысшылардан сауалдама алып жатырмыз. Олардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары негізінде мүд­делі тарап­тармен кездесіп, қолға алынуға тиіс іс-ша­ралар тізбегін береміз. Мер­ді­гер мекемелер­мен ұзақ мерзімді шарт жасау жағын ой­ластырып жатырмыз. Жұ­мыс­шыларды жұ­мысқа орналастыруға, ұзақ мерзімді жұ­мыс­­тарды тауып беруге біз кепілдік бере­міз. Олар­дың бұдан бас­қа да талаптары бар, – деді Дәулетжан Хасанов.

«Өзенмұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өн­діру бас­қармасының слесарь-жөн­деушісі Балжан Оразбаева да комиссия мүше­ле­рінің әр жұ­мысшыдан сауалдама алуы нәти­же­сінде осы нысандардағы шы­­найы еңбек жағдайы айқын­далып, тиіс­ті шешімдер қабыл­да­на­тынына сенім біл­дірді.

– Олар мұнайшылар көтеріп отырған басты проблемалардың бәрін жазып алды. Оған қоса са­уалдама жүргізіп, жұмыс жос­па­рын әзірлеуге қажет ақпарат жи­нады. Егер компания тарапынан әлеу­меттік міндеттемелер толық орындалатын болса, біздің қыз­­мет­­керлеріміз де жалпы еңбек жағ­­дайына көңілдері тола­тынын жет­кізді. Комиссия мү­ше­лері мұ­най­­шылардың талаптары бо­йын­ша жақын арада тиісті ше­шім­дер шыға­рылып, орындалатынын айтты, – деді ол.

 

Әр мұнайшының талап-тілегі ескеріледі

Жалпы, алдағы бір ай ішінде Ас­та­надан келген мамандар 67 мекемеге баруды жоспарлап отыр. Олардың жұмыстарын тексеру 2 бағытта жү­р­­­­мек: бірінші­ден кә­сіп­орындарға аудит жүргізілсе, екін­­ші­ден техникалық жаб­дық­­талуы­на баға бе­ріледі.

Мұнай компаниясына қа­рас­ты химияландыру және эколо­гия, сондай-ақ мұнай айдау басқар­ма­ла­рында өткен кездесуден кейін жергілікті жұ­мыс­шы Қобылан Қарашаев комиссия мүше­ле­ріне өздеріндегі қордаланған проблемаларды толық жеткізгендерін айтты.

– Бізде бүгінде техникалар мен олар­дың жабдықтарына жауап­ты автослесарьлар жетіспейді. Дәне­кер­леушілердің жұ­мыс істеуі үшін де арнайы бокс жоқ. Бұдан өзге де жетіспей тұрған жер­ле­рі­мізді мамандарға түгел айттық. Олар біз­дің талап-тілектерімізді жазып алып, мін­д­етті түрде шешімін таб­аты­нына уәде берді, – деді жер­гі­лік­ті тұрғын.

Елордалық мамандардың айтуын­­­ша, кейбір мұнай мекемелерінде кезек күттірмес мәселелер күн тәр­ті­бінде тұрса, кейбірінде адам­дардың жұ­мыс істеуі үшін бел­гілі бір деңгейде жағ­дай­лар жа­сал­ған. Мәселен, жұмыс тобы же­текшісінің орынбасары Абат Құтжанов 80 адам еңбек ететін автоколонна меке­ме­сінің техникалары 70-80 пайызға жаңар­тылғанын тілге тиек етті.

– Біз аталған мекемеге бас сұқ­қа­­­ны­мыз­да жұмысқа қажетті тех­­ни­калардың басым бөлігі талап­қа сай екеніне көз жеткіздік. Әри­не, көңіл бөлетін тұстары да жоқ емес. Ендігі кезекте ол жердің цех­­­т­ары жөндеуді қажет етіп тұр. Одан бөлек, жұмысшылар өз ма­ман­­дықтарын жетілдіру бойын­ша сауалдарын қойды. Біздің бай­қа­­ғанымыз, негізінен жұмыс жағ­да­йына олардың көңілдері толады, – деді ол.

Жергілікті мұнай компания­ла­р­ының жұмысы демалыс күндері де тоқтамай жүретін­дік­тен, комиссия мүшелерінің де нысандардағы кездесулері дема­лыс­қа қара­май үздіксіз өтіп жатыр. Мәселен, өткен сенбіде олар 400-ден аса адам еңбек ететін өндіріс орнын аралап, жұмысшылардың талап-тілегіне құлақ түрді. Бұл кәсіпорын ұжымы мұнай өндіру үшін қолданылған құбырларды жөндеумен айналысады. Олар тәулігіне 1000 құбыр мен 25-30 сорғыны қалыпқа келтіреді. 10 жыл бұрын ашылған мекемеде құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескірген. Сондай-ақ медициналық картаға кейбір емдік шаралар ен­гі­зіл­мей қалған. Жұмысшылар кейде дәрі-дәрмек пен емдік шараларды өз қалталарынан ақша шығарып алатындарын айтты. Өйт­кені мекеменің медпунктінде ол қызметтер көрсетілмейтін бол­ға­­сын, ақылы емханаларға баруға мә­жбүр.

Ал слесарь-жөндеуші Алтын Иман­баева күні-түні жұмыс істей­тін станок­тар ес­кіргенін, ауыстыратын уақыты келгенін айтады.

– Біз комиссия мүшелеріне сол станоктарды ауыстыру керек­ті­гін жеткіздік. Олар біздің әрбір ұсы­нысымызды мұқият тыңдап, мә­селені шешуге уәде берді. Биыл және келесі жылы нысан­дар­ға мо­дер­­низация жасалатынын, алда­ғы мамыр айында станоктарды ауыстыру басталатынын айтты, – деді ол.

 

Елдің тілегі – еңбек дауының оң шешімі

Елордалық мамандар жер­гі­лікті мұ­най­шылардың әрбір ұсы­ны­сы мен тілегі назардан тыс қал­май­тынын айтып отыр. Оларды негізінен жалақы, әлеу­мет­тік-тұр­мыстық жағдайды жақсарту, мед­­сақ­тандыру және өндіріс орын­дарын модер­низациялау мәселе­ле­рі көп тол­ған­дыратынына көз жеткізді. Талдау жұ­мыстары нәти­же­сі бойынша жасақ­та­­латын іс-қимыл жоспарына еңбек ұжым­дары көтерген өзекті мәселелердің бәрі енгізілмек. Комиссия жұмысы 31 мамырға дейін созылады.

Соңғы 2 жылда Жаңаөзендегі мұнай кәсіпорындарында болып жатқан ке­лең­сіз жағдайлардың бас­ты себебі – еңбек дауы еке­нін қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев да жасармады. Жұмысшылардың талабы – тарифті көтеру, әлеуметтік пакеттерді қарастыру. Бұл ең алдымен «Өзенмұнайгаз» АҚ ме­ке­месіне қатысты. «Бұл мекеме – қаламыздың басты кәсіпорны. Деген­мен ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Жұ­мысшыларға жағдайлар қарас­ты­ры­лып жатыр. Мекеме жанынан еңбек дау­ларын қарайтын арнайы департамент құрылды. Мейрам күндері, өзге де даталарда берілетін әлеуметтік қолдаулар саны артты», дейді ол.

Қала әкімінің орынбасары ай­мақ­та жұ­мыссыздық мәселесінің өткір тұр­ғанын, сондай-ақ азық-түлік баға­сы­ның қымбат екенін де алға тартты. «Қазір Ас­танадан арнайы комиссия келіп, кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп жатыр. Олар негізінен еңбек етіп жатқан адамдармен жүздесетіні белгілі. Дегенмен жұ­мыссыздармен де кез­де­сіп, солардың талап-тілегін білсе де болады.

Қаламыздағы әлеуметтік жағ­дай­­дың күрделенуіне тамақтың қымбаттауы да себеп болғанын айту керек. Жаңаөзен қаласы логистика тұрғысынан қарасақ, күре жолдың бойындағы ерсілі-қарсылы көлік ағылып жатқан мекен емес. Шетте тұрған қала. Сондықтан бізге та­ғам, басқа да өнімдерді жет­кі­зу құны қымбат. Осының өзі жұ­мысшылардың жағдайына әсер етеді», деді Нұрберген Худибаев.

«Бір айта кетер мәселе, «Өзен­мұнай­­­­газ» жылына 5 млн тонна мұнай өндіреді. Ол жерде 9300-дей адам еңбек етеді. Ал елі­міздегі басқа мұнай кәсіп­орын­­­дарында одан да көп мұнай өндір­генімен, адам саны аз. Неге? Өйткені жаңаөзендіктердің көбі тек мұнай меке­мелерінде жұмыс істе­гісі келеді. Әкімдік тарапынан басқа жұмыс орындарын және солтүстікке көшу бағ­дар­­ла­ма­сын ұсынып жатырмыз. Бірақ оған ешкім барғысы келмейді. Сон­дықтан мұнай мекемелерінде осындай проблема туын­дап отыр.

Кешенді жоспар туралы айтар болсам, бізде Жаңаөзен қаласы бойынша емес, Маңғыстау облысын дамыту бо­йынша кешенді жоспар жасалған. Соның ішінде 37 пункті Жаңаөзен қаласына қатысты. Тағы 16-сы жалпы облыс бо­йынша барлық елді мекендерге қатысты тарау. Аталған кешен талаптарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді», деді мәселенің тереңіне үңілген спикер.

Ал мұнай және газды басқару саласы бойынша сарапшы Абзал Нарымбетов мұнайшылардың жиі нара­зылыққа шығуының үш басты себебін атап көр­сет­ті. Бірін­шіден, бір компанияда жұ­мыс істеуге тұрақты штаттық орын­ның немесе ұзақмерзімді келісімшарттың (ке­мінде 3 жыл) болмауы, екіншіден, тек жұмыссыз қалмас үшін кез келген жала­қыға келісуге мәжбүр ететін тұрақ­сыз табыс; үшіншіден, демалыс пен әлеу­меттік пакеттің болмауы. «Осы олқылықтың барлығын компаниялар өз мүддесіне пайдаланып отыр, ал бұл еңбек жағдайына кері әсер етеді», дейді ол.

«Мәселе компанияда емес, жүйе­де. Біріншіден, «Қаз­Мұ­най­Газ» әрдайым наразы­лық білдіру­ші­лерге жүйелі емес қысқамерзімді шешімдер ұсынып келеді. 2015 жылы да Жаңаөзендегі ереуілшілер Аста­надағы «ҚазМұнайГаз» қыз­мет­керлерімен бірдей жалақы­мен қамтамасыз етуді сұрады. Бір жылдан кейін талап орындалды. Бірнеше жылдан кейін оқи­ға тағы қайталанды. Бұл жолы бірақ Жаңаөзендегі мердігерлер де штат­қа тұрақты жалақы сұрай бас­тады. Бір бөлігі бұл талапқа қол жет­кізді. Жұмыс­шылардың ҚМГ-ға қа­тыс­ты «жыламаған балаға» қағидасын түсінгенін көріп отырмыз.

Бұл ретте, соңғы 10 жылда Маң­ғыс­­тау облысында халық саны­ның өсуі 77%-ға жеткенін де ескеру қажет. «ҚазМұнайГаз» бюд­жеті шексіз емес екені түсінікті, әрқашан жұ­мыс­шы­лар­дың талаптарын орындау мүмкін емес. Бұл орай­да жұ­мыссыз халықты қайта даяр­лау және кәсібін мүлде басқа сала­ға ауыс­тыру мәселесі туындайды», дейді сарапшы.

 

Жемқорлыққа қатысты тексеру жүргізілуде

Жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, Жаңаөзендегі «Өзен­мұнайгаз» АҚ мен «БерАли Ман­гис­тау Company» ЖШС секілді мекемелерде сыбайлас жемқорлық мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қос кәсіпорынның лауазымды тұл­ға­лары аса ірі көлемде қаражат жым­қыр­ды деген күдікке ілініп, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қаржылық мониторинг агент­ті­гінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті берген мә­лі­метке қарағанда, істің қозғалуына Жаңа­өзен қаласы тұрғындарының «Қаз­МұнайГаз» АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесінде сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері орын алып жатыр деген көптеген өтініштері түрткі болған. «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғалары жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды орна­тамыз деген желеумен кәсіп­орын­ның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттарында бұрмаланған мә­лі­меттерді көрсете отырып, қа­ра­жат жымқырған.

Сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ лауа­зымды тұлғалары мен «БерАли Мангистау Company» ЖШС басшылығы 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөн­деу­ге арналған аса ірі көлемдегі қа­ражатты қалталарына басты де­ген күдік бойынша тергеліп жатыр. Мә­се­лен, аталған серіктестік басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы тех­­никаны жалға алу туралы шарттар жасасып, сол арқылы бөлінген 248 млн теңгені қолма-қол ақшаға айнал­дырып алған. Бұл жемқорлық фактілерінің кесірінен тек мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де айтарлықтай зиян келтірілген. Өйткені сол қаражатты компания­ны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсауға болар еді. Компания қыз­меткерлері ортақ іске пайдасы тиетін қар­жының әлдекімдердің қал­тасында кетіп жатқанына наразы.

Қазір тергеу амалдары арқылы атал­­ған фактілер тексеріліп жатыр. Қыл­мыс­тық-процестік ко­дек­стің «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру де­рек­терiн жария етуге жол бермеу» 201-бабына сәйкес бұдан өзге ақпараттар жария етіл­мей­ді.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір­дің 10-11 күндері Астанаға келіп, әділ­дік талап етіп, наразылық ере­уі­лін ұйым­дас­тырғандар осы ком­па­­нияның жұ­мысшылары болатын. «Өзен­мұ­найгаз» ком­паниясының мер­дігерлері ара­сындағы ауыс-түйіс­тен шық­қан шу кейін Пар­ла­мент мінбер­ле­рінде де өткір кө­те­рілді. Атап айтқан­да, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшы­сының атына сауал жолдап, Маң­­ғыс­таудағы мұнайшылардың жұ­мыс­сыздығы мен еңбек дауларына қатысты Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» ком­паниясы және жергілікті атқару­шы биліктің жүйелі жұмыс атқар­ма­ға­нын сынға алған еді.