АСТАНА. 9 шілде. Қазақтың ірі тұлғаларының бірі, Алаш партиясының көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның суреті табылды. Бұл туралы qazaquni.kz хабарлады.
Сурет Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталып келген. Дәлірек айтқанда, ол Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі тарапынан қаралған іске байланысты жинақталған құжаттар арасынан шыққан.
Фотосуретті «Омбы экспедициясы» деген атпен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген Қазақстан ғалымдары тапқан.
Экспедиция жұмысына тарих ғылымдарының докторы, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Сұлушаш Құрманова және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері Еркін Рахметуллин, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сұлтан Хан Аққұлы атсалысқан.
«Алаш» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сұлтан Хан Аққұлы жазғандай, архивтегі сурет сақталған құжаттарда «Павлодарская тюрьма, 1908 год» деген жазу болған.
Суретке қазақ көсемі орыс шаруаларының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңге тән киетін жейдесін, оның үстінен жеңіл қазақы шапанын, басына орыс шляпасын киіп түскен.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: qazaquni.kz.
Фото: qazaquni.kz.