• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 24 Сәуір, 2023

Шаруаны не алаңдатады?

307 рет
көрсетілді

Жер емген диқандар үшін қазір – қауырт шақ. Өндірісті Қарағандының аграрлы Қарағандыға айналар әлеуеті жетерлік. Осы орайда аймақта жыл сайын дәнді дақылдар сіңірілетін алқаптар ұлғайып келеді. Ресми деректер кейінгі үш жылда, 2020-2022 жылдарда дәнді және бұршақты дақылдар алқабының аумағы 879,2 мың гектардан 931,4 мың гектарға дейін көбейгенін көрсетеді. Ол өсім пайызға шаққанда 5,9 пайыз шамасында. Ал биыл алқап тағы 25,7 мың гектарға ұлғаяды. Осылайша, бұл көктемде 957 мың гектар алқапқа дән сіңіру жоспарда екен.

Қарағанды аграрларының көк­темгі егіс жұмыстары кеңі­нен сөз болған агрокеңесте алдағы жоспарлар ғана емес, шаруалардың шаужайы­на жармасқан проблема­ла­ры да талқыға түсті. Құ­зыр­лы министрлік тарапынан даладағы диқандарға ке­дергі кел­тірмес үшін тиісті жұ­мыс­тар іске асқан. Ауыл шар­уа­шылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қазіргі уақытта шаруаларға берілетін арзан­да­тылған жанар-жағар­май­­да ешбір кедергі жоқ екенін айтты. Вице-министр осы күні мәселе тұқымда дейді. Оның сөзіне сүйенсек, еліміз астық тұқымына келгенде ше­тел­дік тәуелділіктен әлі толық арыл­ма­ған.

– Биыл көздеген үдеден шығу үшін 413 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл – қазір де өзекті мәселе. Сондықтан еңбеккерлерге ке­дергі болмас үшін жанар-жағармайды ақпан айынан бастап жөнелтілуіне қол жет­кіз­дік. Әлі де күнделікті қада­ғалап отырмыз. Респуб­ли­ка бойынша егістік құрылымы 23,4 млн гектар көлемінде қа­лыптасты. Ендігі мәселе – тұ­қым шаруашылығы. Астық тұқымынан өзге тұқым бойын­ша шетелге тәуелділік бай­қа­лады. Сол себепті 2024-2030 жылдарға арналған тұқым шар­уашылығының ке­шенді жос­пары әзірленіп, мем­ле­кет­тік органдарға жолданды, – деді вице-министр.

Тұқым тазалайтын техниканы жаңарту үшін 167 млрд теңге қарастырылып жатқанын да жеткізді. Шаруалар техникасына 80 пайыз көлемінде инвестициялық субсидия көте­рілуде. Кәсібін жаңа ашқан жандарға жер үлестіру мәсе­ле­сі бойынша министрлік тарапынан жерді бөлу бо­йынша конкурс өткізу ережесі қайта қаралғанын атады.

Ал Қарағанды аймағында дәнді дақылдар алқабы 2022 жылғы деңгейден 25,7 мың гек­тарға ұлғайып, 957 мың гектар алқапқа дән сіңіру көз­делсе, картоп алқабы шаруа­шы­лықтарда 12 033 гектар, көкөніс алқабы 1 710 гектар аумақты алады.

– Ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің артуы, тұқым сапасымен тығыз байланысты. Көктемгі егіске қажетті құйылған 106,5 мың тонна дәнді дақылдар тұқымының, 95%-ы – 101 мың тоннасы жоғары репродукциялы тұқым. Бұл көлем, сапасы жағынан өткен жылғы деңгейден 10 мың тоннаға артық. Сонымен қатар 42 мың тонна картоп тұқымы құйылды. Бұл тұқым қажеттілікті толығымен жабады, – дейді ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысы Асқар Санаубаров.

Басқарма басшысының мә­лім­деуінше, элиталық тұқым шаруашылықтарында тұ­қымды жаңартуға негіз бар. Атап айтқанда, сорт жаңарту үшін 4 мың 410 тонна жоғары өнімді дәнді дақылдар, 480 тонна майлы дақылдар, 1 280 тонна жоғары өнімді картоп тұқымдары бар екен өңірде.

– Себілетін тұқымдардың сапасы – ерекше назарда. Бүгінде тұқым сапасын анық­тау жұмыстары жүргізіліп жа­т­ыр. Биыл толық тексеруге 96 мың тонна тұқым, жос­пар­ланған көлемнің 90,3%-ы тапсырылды. Оның 87,5 мың тоннасы тексерілді. Со­ның ішінде 99,9%-ы – кон­­дициялы болса, 77,2%-ы – бі­рін­ші класты, 12,4%-ы – екінші класты және 10,5%-ы – үшінші класты тұқым, – дейді бас­қар­ма басшысы. Өңірде дән сіңіру ма­мырдың алғашқы он­күн­ді­гін­де басталады.

Арқа аграрларының қолын байлаған мәселелер де жоқ емес. Шаруасы шашетектен шаруагердің шағымы да бір­шама.

– Былтырғы сәуірмен са­лыс­­тырғанда баға майлы да­қыл­дарға да, дәнді дақыл­дар­ға да тура екі есеге түсіп кетті. Не себу керек және қандай дақыл пайдалы екенін нақты тап басу қиындап тұр. Бүгінде біз үшін ең басты міндет – барлық шығынды азайту. Ал фермер шығындарының едәуір бөлігін техника, жа­лақы, тыңайтқыштар және өсімдіктерді қорғау иеленеді. Сол себепті көкөніс, картоп қоймаларын салуға берілетін бұрынғы субсидия нормаларын қайтаруды сұраймыз. Сонымен қатар логистика мәселесі ше­шіл­се, – дейді Осакаров ауданы «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак.

Мал шаруашылығымен айна­лысқан қауымның түйт­кілдері де баршылық. Қара­ған­ды облысының агро­өнер­­кәсіптік кешен субъек­ті­лерінің ауыл шаруашылығын қолдау қауымдастығы заң қызметінің басшысы Балғат Жұмкин мал өнімін алудың өзіндік құны күрт өскенін айтады. Ал сөйте тұра, сатудағы баға сол қалпы, өзгеріссіз. Осы орайда ол мал азығын дайындауда шығынды төмендететін субсидия нормаларын қайта қарауды ұсынады.

– Мал өнімін алудың өзіндік құны бірден өсіп кетті. Есесіне оны сатудағы баға өзгеріссіз қалып тұр. Сондықтан да мал шар­уашылығының пайдасы төмендейді. Бұл мәселені шешу үшін мал азығын дайындау кезінде жұм­са­ла­тын шығынды төмен­де­тетін субсидия нор­ма­ла­рын қайта қарастыруды ұсы­на­мыз. Сонымен қатар мал шаруашылығына субсидия беру тәртібіндегі талаптың бірі – шаруашылықтың есептік нө­мірінің болуы. Ол үшін фермерлердің қора-қопсысына техникалық құжаттары қажет. Оны заңдастыру үшін уақыт беруді сұрап отырмыз, – дейді Балғат Жұмкин.

Бұдан бөлек аграршыларға қан­дай мемлекеттік қолдау көрсе­тілетіні туралы қаржы инсти­туттары да мағлұмат берді.

 

Қарағанды облысы