Семей қаласындағы Шөже Қаржаубайұлы атындағы көшенің бойынан алыстан көз тартатын еңселі әрі әдемі ғимарат бой көтерді. Бұл – Әлихан Бөкейхан университетінің студенттері үшін салынған ерекше үлгідегі жатақхана.
Былтырғы қыркүйекте Абай облысына барған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» деген болатын. Сондықтан жаңа жатақхананың ашылуы өңірдің елдің дамуына серпін беретін қуатты аймаққа айналу жолындағы алғашқы қадамдарының бірі десе де болады. Сондай-ақ бұл Президенттің «қайта шаңырақ көтерген облыстың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз» деген уәдесінің орындала бастауының дәлеліндей.
Шынында да, жоғары білімге талпынған талапты жастардың жарқын болашағына қанат бітіретін Студенттер үйінің ашылуы өңір өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ашылу салтанатына арнайы қатысып, студенттермен кездесуін де ерекше жағдайға балар едік. Жаңа жатақханалардың пайдалануға берілуі – саладағы оң өзгерістердің бастамасы.
400 орынға шақталған Әлихан Бөкейхан университетінің жаңа «Студенттер үйі» – хостелдік типте салынған заманауи студенттік баспана. Мұнда студенттерге қажетті дүниелердің барлығы ескерілген. Бұл биыл 25 жылдық мерейтойы аталып өтілетін университет үшін зор жетістік. Университеттің өз қаражатына жатақхананың (1,5 млрд теңге) салынғаны да оқу ордасының заман талабына сай ізденістерге қол жеткізіп келе жатқандығын аңғартса керек.
Құрылысы 2021 жылдың күзіне басталған 6 қабатты «Студенттер үйінің» жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр. Мұнда 136 бөлме бар. Жатақхана ғимараты барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жарық әрі кең, құрылыс барысында ыңғайлылық пен экологиялылық талаптардың сақталуына да баса мән берілген. Жатын бөлмелермен қатар, жастар баспанасы заманауи ас үйлерімен, коворкинг-аймақтармен, медициналық кабинеттермен, Wi-Fi желісіне қосылған кітапханамен, фитнес залмен, кір жуатын бөлмемен және басқа да тұрмыстық, қосалқы жайлармен жабдықталған.
– Жасыратыны жоқ, еліміздегі көптеген оқу орындарында жатақхана жетіспейді. Бұл соңғы жарты ғасыр шамасында күн тәртібіне шыққан проблема. Мәселен, Қазақ ұлттық университетінің жанындағы академиялық қалашықтың өзі 1974-1975 жылдары салынған. Ақтөбе университетіне жатақхана салуға 1985 жылы инвестиция бөлінген. Содан бері ешқандай оқу орны үшін студенттер тұратын жаңа жатақхана салынған емес. Ал қазір Қазақстанда демографиялық дүмпу жүріп жатыр. Жастар саны қарқынды артып келеді. Соңғы үш жылда 1,5 млн баланың дүниеге келуі – соның дәлелі. Оларды туған сәтінен бастап балабақшамен қамту, жайлы мектептерде білім алуына жағдай жасау, оқуға түссе, жатақханаға орналасуына мүмкіндік беру сияқты мәселелер толассыз туындап отырады. Оқу бітірсе, мамандығына сай жұмыс табуы да қазірден ойландыратыны шындық. Семейде жаңа үлгідегі жатақхананың пайдалануға берілуі студенттер үшін теңдессіз игілік екені анық, – деді Саясат Нұрбек.
Министр сондай-ақ жастар үшін мамандық таңдаудың маңызы айрықша екенін атап өтті. Өйткені ғаламдық өзгерістердің жанданып, технологиялардың дами түсуі студент таңдаған мамандықтың қаншалықты өміршең болатынына тигізер әсері бар. Сол себепті еңбек нарығында қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайтындығын үнемі қадағалап отыру қажет.
– Қазақстанның келешекте Қытаймен визалық шектеулерді алып тастауы да жастар қауымын қазірден ойлантуға тиіс. Өйткені серіктестік мақсатта Қытайдың еркін байланыс орнатуы олардың озық компанияларының, бизнес орталықтарының еліміздің барлық аймағына келуіне жол ашады. Сол кезде аудармашы іздеуі, басқа да жұмыс орындарын ашуы мүмкін. Қытай тілін игеру қажеттігі туындайтындықтан, қазірден бастап оқу орындарынан Қытайды зерттеу орталықтары ашылуға тиіс, – деді министр.
С.Нұрбек университет ректоры Шырын Құрманбаеваға аталған ұсынысты жан-жақты қарастыру керектігін еске салды.
СЕМЕЙ